Жаңалықтар

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл
21.08.2019 12:37 3426

Ән...Саз...Дауыс...Әуен...Шебер орындаушылық. Бұлардың барлығын музыка әлемінде ән құдіреті деп атайды. Кейде жанға жайлы әуенмен әсем ән – адам жанының емшісі секілді. Қай елдің, қай ұлттың болмасын мәдениеті мен ән тарихында бойға қуат, жанға шипа болатын әуен мен саз бар. Ән өнері халықпен бірге жасасып келеді. Өйткені тыңдаушысы барда дүниеге әлі талай сазды әуендер де, әсем ән де келе бермек.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Өнер ұлтқа бөлінбейтін сала. Қай халықтың болса да тарихпен бірге жасасып келе жатқан өнері бар. Ал, ақтөбелік «Возрождение» немістер қоғамдастығының да ұлттық ән өнері күні бүгінге дейін сақталып, өз жалғасын тауып келеді. 1992 жылы жұмысын бастаған Ақтөбе облысы «Возрождение» немістер қоғамдастығының жанында сол халықтың ұлттық ән өнерін дамытып, неміс тіліндегі халық әндерін нақышына келтіріп орындап жүрген «Файльхен» хоры бар. Биыл оның дүниеге келгеніне 20 жыл толып отыр.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

 «Файльхен» неміс халықтық хорының тарихына шолу

Осыдан тура 20 жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1999 жылдың күзінде «Возрождение» неміс қоғамдастығы мен «Юнге штерне» неміс жастар клубының жанынан «Veilchen» (Фиалка - Шегіргүл) неміс хорының үйірмесі ашылды. Бұл хор ұжымының басты мақсаты – неміс халқының тілі мен мәдениетін, көнеден келе жатқан салт-дәстүрін сақтап, ұлттық құндылықтары мен өнерін дәріптеу еді.

Алғашында хор үйірмесі ретінде жұмысын бастаған «Файльхен» аз уақыттың ішінде өз қатарына көптеген орындаушыларды тарта бастады. «Файльхен» неміс хоры қазіргі уақытта облыстық, республикалық және халықаралық фестивальдар мен ауқымды шаралардың тұрақты қатысушысы ретінде танылып жүр.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Неміс халқының ұлттық әндерімен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әуелете ән шырқайтын хордың ұжымында бүгінде 16 орындаушы бар. Хордың орындауында XVII -XVIII ғасырлардағы неміс әндерінен бастап, халық әндері мен заманауи бағытта жазылған әр түрлі жанрдағы әндер де кездеседі.

Ең қызығы «Файльхен» неміс халықтық хорының дауысы зор орындаушылары біріңғай нәзік жандылар. Олар хор қызындай құлпырып сахнаға шығып ән шырқағанда, құдды бір өзіңді бақта жүргендей күй кешесің. Олай дейтін себебіміз, құрамдағы қыздардың ән орындаудағы шеберліктеріне, сыртқы келбеттері де сай келіп, сахна төрін сұлуландырып тұрғандай көрінеді. Ал, әнші қыздардың вокалдық қабілетін байқап, әнге деген қызығушылықтарын тәжірибе жүзінде іске асырып, нағыз талант иесін дайындаған азамат «Файльхен» хорының жетекшісі – Равиль Усманович Гафаров.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Ұлты татар болса да неміс халқының өнерін жан дүниесімен сүйген ол өмірінің соңына дейін хордың шығармашылығымен, жаңа әндер жазумен айналысты. Алайда, Равиль Усманұлының өмірі ұзаққа бармады. 2019 жылдың көктемі облыстық «Возрождение» немістер қоғамдастығы мен «Файльхен» халықтық хоры үшін қайғылы кезең болды. Өзі негізін қалаған хордың биыл 20 жасын тойлағалы жүрген уақытта Р. Гафаров дүниеден озды. Бар ғұмырын неміс халқының музыка әлемі мен хордың дамуына, шығармашылыққа арнаған өнер қайраткері «Файльхен» халықтық хорының орындауындағы бірнеше әндердің авторы да атанған еді. Равиль Гафаров хор құрылғалы 1999 жылдан бері ұжымның қазақ сахнасында ғана емес, Ресей, Германия елдерінде де өз өнерлерін көрермендер назарына ұсынып, ыстық ықыласына бөленуі үшін аянбай жұмыс істеді.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Үзіліссіз дайындықтың арқасында 2008 жылы хор «халықтық» атағын үздік қорғап шықты. Хор жетекшісінің ендігі мақсаты – шығармашылық ұжымның өнерін Германия сахнасына шығару болды. Еткен еңбек ақталып, 2018 жылы «Файльхен» халықтық хоры Германия мемлекетінде өткен «Wir gemeinsam!» (Біз біргеміз!) отбасылық фестиваліне қатысты. Тарихи отандарына барған хор ұжымы, сахна төрінде неміс ұлттық әндерімен қатар қазақ тілінде де ән шырқайды.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

«Файльхен» халықтық хорының қоржынында бүгінде 100-ге жуық ән бар. Әсем әндердің көбісі Ақтөбе облысы ҚХА-ның көрермендер залында өткен хордың 20 жылдық мерейтойлық кешінде шырқалды. «Файльхен» халықтық хоры қыздарының қоңыр дауысы мен өнерлерін тамашалауға жиналған халықтың қарасы көп болды. Мерекелік шарада әнді де шырқап, мың бұрала биді де билеген «Файльхен» өнерпаздары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Ең алдымен мерекелік шараны бастамас бұрын көрермендерге хордың тарихы туралы дайындалған бейнежазба ұсынылды. Онда хордың сонау негізі қаланған 1999 жылдан бері атқарылған жұмыстары мен жасаған гастрольдік сапарлары, халық алдындағы концерттері, ән орындаудағы дайындықтары, қызықты сәттерінен үзінділер көрсетілді.

Бұдан соң сөз алған «Возрождение» немістер қоғамдық бірлестігінің төрағасы И.Смолинец мерейтой иелерін құттықтап, неміс халқының ұлттық өнерін жоғалтпай, сол тілде ән шырқап, еліміздегі достық пен бірлікті насихаттап жүргені үшін топ құрамына алғысын білдіріп, марапаттады. Ол өз сөзінде: «Біздің этномәдени бірлестік кез келген шара өткізсе де «Файльхен» хорының қыздары ән шырқайды. Олар 20 жылдың ішінде Ақтөбеге танылды. Облысымыздың қай аудан, ауылдарына барсақ та қыздарды зор құрметпен қарсы алады. Мұның барлығы ең алдымен хордың көркемдік жетекшісі болған Р. Гафаровтың сіңірген еңбегінің арқасы. «Файльхен» халықтық хоры бүгін алғаш рет туған күнін Равилсіз атап өткелі тұр. Бұл бәріміз үшін ауыр... Бірақ оның хор үшін жасаған жақсылығы еш ұмытылмайды. Бүгінгі кеште «Файльхен» хоры Р. Гафаровтың авторлық әндерін орындамақ. Қыздарға сәттілік тілейміз», - деді ол өз сөзінде.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Одан әрі И.Смолинец мерекелік шараны ұйымдастыруға мұрындық болып, концерт залын ойдағыдай дайындағаны үшін «Қоғамдық келісім» КММ-не алғысын білдіріп, мекеме басшысы Бақытгүл Снабаеваға Ақтөбе облысы немістерінің атынан алғыс хатын тапсырды.

Мерейтойлық кешті «Файльхен» неміс халықтық хоры өздерінің төлқұжатына айналған «Пой, Veilchen» әнімен бастады. Неміс халқының және қазақтың «Күміс құман-ай» секілді халық әндерін орындап, одан соң Майкл Джексонның шығармашылығынан ағылшын және орыс тілдерінде ән шырқаған олар өздерінің сан қырлы екендіктерін тағы бір дәлелдеп шыққандай болды.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Екі сағат уақытқа созылған құлақтан кіріп бойды алып, көрерменнің жан дүниесіне жеткен концертте көрермендер бір толқып, көздеріне ыстық жас та алды. Олай дейтініміз «Файльхен» хорының қыздары музыка әлеміндегі ұстаздары һәм достарына айналған Р.Гафаровты еске алу құрметіне арнап ән шырқады. Қобалжу, толқыныс, жанардан шыққан ыстық жасқа қарамастан олар әнді аяғына дейін еш кедергісіз орындап шықты. Әннің соңында көремендер орындарынан тұрып екі минут уақытқа дейін үзіліссіз қол соғып, ерекше ықыластарын білдірді.

Осындай мағыналы әрі мазмұнды мерекелік кештің соңында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Б. Снабаева сөз сөйлеп, «Файльхен» неміс халықтық хорын 20 жылдығымен құттықтады. Ол Ақтөбе облысы ҚХА атынан хор ұжымына шығармашылық табыс тілеп, алғыс хатты табыс етті.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Бұдан соң «Возрождение» неміс ЭМБ-нің төрағасы И.Смолинец көрермендерге ресми түрде «Файльхен» неміс халықтық хорының көркемдік жетекшісі ретінде хордың мүшесі әрі бас вокалисті Ирина Гончарованы таныстырды.

Көп адамға керемет көңіл-күй сыйлаған «Файльхен» халықтық хорының 20 жылдық мерейтойлық кешіне хордың бұрынғы қатысушылары да шақырылып, олар жаңа құраммен бірге ән шырқап тарасты.

Ақтөбедегі «Файльхен» неміс халықтық хорына – 20 жыл

Бөлісу:

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға