Жаңалықтар

Ақтөбеде 3 мыңнан астам ресейлік ЖСН рәсімдеді

Олардың арасында облыс аумағында бұрын тұрып кеткендер де бар.
Ақтөбеде 3 мыңнан астам ресейлік ЖСН рәсімдеді
Фото: inbusiness.kz 28.09.2022 06:37 1155

Көрші елдегі ахуалдан кейін Ақтөбе облысына ресми түрде үш мың ресейлік келіп тіркелген. Ресей Федерациясының 14 адамы Қазақстан аумағында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін өтініш қалдырған. 

Бұл туралы Ақтөбе облыстық көші-қон қызметі басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz.

Олардың арасында облыс аумағында бұрын тұрып кеткендер де бар. Көші-қон қызметі басқармасындағылар шетелдіктерді уақытша тұруға қабылдағандар (қонақ үйлер, хостелдер, пансионаттар, жатақханалар, пәтерлер мен басқа да тұрғын үй-жайлардың иелері) бұл туралы үш күннің ішінде хабарлау керектігін ескертеді.

"Шетелдік азамат келген үш күн ішнде хабарлама беру керек. Шетелдік азаматтарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы Ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті екенін түсіндіреміз. Осы мерзімді өткізіп алған және көшіп келушінің келуі туралы Ішкі істер органдарына хабарламаған жағдайда, қабылдаушы жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 518-бабы бойынша жауаптылыққа тартылады",–дейді Ақтөбе облыстық көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы Сапар Амантаев.

Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталығында да ұзын-сонар кезек байқалады. 22 қыркүйектен бері Ақтөбедегі орталықта 300 қызмет түрі көрсетілген. 

"Басым көпшілігі ЖСН алуға кезекке тұрып жатыр. Кеше ғана 1300 адам алды, бүгін 1300-1500 алды. ЖСН негізінен банк картасын рәсімдеуге қажет. Және оны алу үшін ешқандай ақы төлеудің қажеті жоқ", - дейді "Азаматтарға арналған үкімет "мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ АФ директоры Дәрімбет Байымбетов .

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға