Жаңалықтар

АӨСШК трансформациясы жөніндегі Астана мәлімдемесі

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді
АӨСШК трансформациясы жөніндегі Астана мәлімдемесі
Фото: Ақорда 13.10.2022 21:11 1523
Ақорда АӨСШК трансформациясы жөніндегі Астана мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды El.kz.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) мүше мемлекеттерінің мемлекет немесе үкімет басшылары Астанада АӨСШК процесінің 30 жылдығына орай 2022 жылғы 12-13 қазанда жиналып, төмендегідей шешім қабылдады:
1. Осымен біз АӨСШК-ні толыққанды өңірлік халықаралық ұйымға біртіндеп, кезең-кезеңімен және консенсусқа негізделген қайта құрудың құрылымды, инклюзивті және ашық келіссөздер процесін іске қосамыз;
2. АӨСШК-ні қайта құру үдерісі келесі негізгі мақсаттарды көздейді: біздің болашақ ынтымақтастығымыздың жан-жақты салаларын айқындау және ықпалдастығымыздың ұйымдық және институционалдық негізін нығайту;
3. Сондай-ақ, біз ұйымымызды оның мүше мемлекеттерінің серпінді, әділ, жан-жақты және теңгерімді экономикалық өсуіне, байланыстарына, әлеуметтік және мәдени дамуына ықпал етуші ретінде қарастырамыз. Біз қауіпсіз және гүлденген өңірге қол жеткізу жолында жиырма бірінші ғасырдағы ортақ мәселелеріміздің бірлескен шешімдерін іздестіру және БҰҰ Жарғысына сәйкес дауларды бейбіт жолмен шешуге ұмтылу үшін ұйымымыздың бір бөлігі ретінде ұжымдық жұмысымызды нығайтамыз;
4. Біздің ұйым нәтижелерге бағытталған және біздің өңірде консенсусқа негізделген көпжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында барлық мүше мемлекеттер үшін мүдделі салаларда, сол мақсаттар мен қағидаттарды бөлісетін басқа мемлекеттермен, ұйымдармен және форумдармен өзара іс-қимыл жасайды және ынтымақтасады;
5. Трансформация процесінің алғашқы қадамы ретінде мынадай шешімдерді қабылдадық:
(1) мемлекет немесе үкімет басшыларының кездесуі (Саммит) және Сыртқы істер министрлерінің кездесуі (министрлер кездесуі) бұдан былай тиісінше мемлекет немесе үкімет басшыларының кеңесі (Саммит) және сыртқы істер министрлерінің Кеңесі (Министрлер Кеңесі) деп аталады;
 (2) АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры бұдан былай Бас хатшы деп аталады;
(3) Хатшылық мүше мемлекеттерге төрағалық арқылы тиісті басқарушы органдардың бекітілуіне АӨСШК-нің тиісті құжаттарына түзетулер бойынша ұсыныстар енгізеді;
6. Мүше мемлекеттер трансформациялық процестің элементтерін (қашан және егер бұл орынды болған жағдайда), оның ішінде мүшелік критерийлерін анықтайды. Осы бағытта нақты ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында біз Бас хатшының қолдауымен Төрағалық етуді және мүше мемлекеттермен тығыз үйлестіре отырып, 2023 жылы мүше мемлекеттердің қарауы үшін трансформация процесін іске асырудың қажетті шараларының жол картасын қалыптастыру жөнінде ұсыныстарды әзірлеуді сұраймыз;
7. Біз АӨСШК дамуының 30 жылында қол жеткізген елеулі жетістіктерімен құттықтаймыз және Төрағалықтан Министрлер кеңесі мен Мемлекет және үкімет басшылары кеңесінің келесі кездесулеріне трансформациялық процестің барысы туралы есеп беруді сұраймыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға