Жаңалықтар

Ақ сүтін айға сауған

Табыл Құлыяс
10.08.2016 11:48 3518

Ағжанның төсін тартқылаған  кінәсіз сәбиі кешегідей емес жылауды қойған. Қарын тойынудан үміт үзді ме , әлде салқын денені сезді ме, тағдырға бейімделгендей еді.Жарық дүниені көрдің екен , азаптың қандай болатынын түсіне бер,түсінгің келмесе өлесің , деген періштесін тыңдады ма? Ағасы жеті жасар Әмір көбелек қуып ойнаушы еді, әкесінің алдынан шығып

Торғайдай томпиып алдында,ердің қасын ұстап , ат тізгініне жабысушы еді.Әке жоқ , бала жүрегі сезеді.Көрді ғой , анасы арқалап апарып қазылған қабірге көмгенін.Жаның жұмақта болғай , деді.Оны бала байыптап түсінбейді.Анасы жылағасын қосыла жылады.Ана денесін қайрат кернеп , ашу қысты.  Көз жасын тиды.Ескі жұртына келді.Құдыққа салған түйенің мойын терісінен істеген торсықта айран бар еді,соны алып сынып жатқан ағаш аяққа құйып Әмірге ішкізді , өзі тойына ішті.Қырқынан шыққан Ержгітін емізді. Әмірі қарыны тоймаса жылаушы еді , түрлі тамақты қылқылдап сұраушы еді.Үшінші күн қоректері айран , құрт , ірімшік. Жау шапқандай ойраны шыққан ескі жұртта басқа дым жоқ , үрейден емшегінің сүті тартылып сәбиін өлтіріп алам ба , деп ойлап еді.Сәбиі еміп , балбырап ұйықтап жатыр.Оны ескі күпіге жатқызып қойған.

   Ағжанның түрі түр емес,адам шошырлықтай.Ажал арбайды,екі баласы үшін берілгісі жоқ.Қара торының әдемісі еді,амал не? Айжарықпен сүйіп қосылды,бақытты боламыз , деді. Ел аман , жұрт тыныш сықылды еді.Ағайынның алыс-берісі , той думаны ортақ еді.Бәрі алдамшы болғаны ма? Айжарық ер , тұрман жасайтын, ағаштан түйін түйетін,әрі зерігер еді.Талай сұлуға алтын , күміс сақина , сырғалар жасап алғыс алып еді.Кімге жазықты болды. «Жеке байыған , Бөгенбай батырдың тұқымы, кеңес үкіметіне көзқарасы бөлек , жаулық пікірі бар , деп соңына шырақ алып түсті.Елден шығынып көшіп кетті.Ала жаздай сай-саланы қуып , далада , аң қағып жүр.Кімнің ақысы кетіпті.Түгіне түсінбейді.Жүзі қан-сөлсіз, нәркес көзінің асты ісіп кеткен.Ақ маңдайын ұрғылай бергесін бе,көгеріп тұр.Бұрымы да таралмаған,ұйысып ұйпа-тұйпа.Сынған айнаға жүзін қарады да лақтырып тастады.Алдыңғы күндері жүрегі қорқынышты еді , қазір үрей тыйылған.Жаяулап елге жетуге тиісті. «Адам айтқысыз қиянаттар жүріп жатыр»-деп Айжарық айтса да,алыс-алыс өңір,төбе,қырқаларға сақтана көз тастаушы еді.Сол өңірде төмпешік болып қалады.Қазір Ағжанның арша бақанға сүйеніп тұрып айналаға қараса бәрі де қып-қызыл қан боп елестейді.Енді бір жетіден кейін  екінші дүние жүзілік соғыс әлемді қанға бояитынын білмейді.Ойлайды, тым болмаса бір сиырды , алты қанат киіз үйді қалдырмады, қазан,ошақ ,аяқ табақ, жуынатын құманға дейін тиеп әкетті қызыл жағалылар.Сонда да арша бақанға сүйеніп емшектегі Ержігіт мен Әмірін қорғаштап: «балаларымнан аулақ,балаларымнан аулақ!»-деп қала барды.Көзінше алтын,күміс,қымбат бұйымдарды талапайлап бөлісті.Кейде бір-біріне ақшиып айбаттанғандай болды.Адам кейде неге арсызданып кетеді...әбілет басқыр...бет пердеде масқаралық...
  Тау етегінде , ескі жұртында Ағжан көрер таңды көзімен атқызған.Жаратқанның жазықты , кінәсі кешірімсіз пендесіндей болған азабы ауыр еді.Тамыр дәрідей нешетүрлі шөптердің иесін де керексінбеді.Жұмсақ жел де мұның көкірегіндегі қайғыны арашалап,басу айта алмайды.Екі баласының көздері ұйқыда , көңілінде қорқыныш,үрей ме,ауық-ауық өксиді,Әмірі шошиды. «Әке...әке!»деп сөйлеп қояды.Айдың сәулесі төгіліп,түн мүлгулі.Табиғат үнсіздігі де Ағжанға әсер етпейді. Құстың бір дыбысы жаңғырығып естілсе:
-Сен кінәлісің.Неменеге нана қалдың?-дегендей шошиды.

 -Милиция Әжкен аталаспыз , тай , құлындай тебісіп қатар өстік , билігі жетсе құтқарар еді , кінәміз жоқ қой ,- деп талай айтқасын қалай сенбеймін.

 -Құдай қос қолдап ұрғыр , шен , шекпенге сатылып қанішер болғанын , қасындағы шені жоғары Иванның сүйкімсіз көлеңкесі екенін аңғарсаң еді.

 -Күле сөйлеп , менің жақсы жолдасымда кінә жоқ , кеңес үкіметінің саясатына қарсы емес ,жұрттың қырғи қабақ өсегі жөнсіз , дәлелденбейді , деп Айжарықты ақтады , дегесін қалай сенбейін .
 -Ақталу қағазы қайсы ?- демедің бе ?

 -Дедім , қағазды өз қолымнан тапсырам деді.
 -«Көзі соқыр – соқыр емес,кеудесі соқыр-соқыр»дегенді ұғып,сақтануың керек еді , енді балаларыңды ойла ?-деп мисыз басыңның ақылы кем екен дегендей болады. «Айжарықтың ажалы ма , әлде қашып , пысып елден шеттегеніне намысы ма , кінәсіз екенін түсінгендер бар , деп болжауы ма, әйетуір Әжкен құрбың ақталу қағазын беремін , елге орал , деп тұр , дегенде жасырынған қазан астындағы шұңқырдан шыға келді» - деп Ағжан ақталар ма ? Сол минөтінде маңдайдан тиген оқ миын шашты , досым келдің бе? деген ақырғы үні тау бауырында жаңғырып қалды. Ай жарығымен мұнартқан мұңлы тауға қарады. Осы тау , бұлақ , көл үміті еді , енді ол алыс әлемге айналғандай буылдыр , үмітің жалған , өмірдің соңы қанішердің қолынан ажал боп тынады , дегендей.Әп сәтте бәрі теріс айналып үлгерді.Сол түнда Ағжан Айға қарап ақ сүтін сауып,Әжкенге қарғыс айтты...Қарғыс...Қарын шашы алынбаған ана қарғысы...Қате кетпейтін қарғыс еді.

  Таң бозамықтанғасын Ағжан туған ауылына беттеді. Әке , шешесі , туған екі бауыры аштықта өлген. Келін боп түскен жері , туыстарының түсінуі қиын , көлеңкесінен қорқатын сорлылар.Жәкештің әжесі нағашысы еді , әрі Әмірдің кіндік шешесі , соның ығына паналар.Келіні дүние салған , жалғыз ұлы Көрік армия қатарында борышын өтеуде...Ержігітін арқалап,Әмірін жетелеп ықпыл-жыпқылмен құмырсқа жүріспен ымырт үйіріліп , қас қарая Жәкештің үйіне де жетті.Бүкір қария құрақ ұшып жылы қарсы алды.Ауылда балалардың құрқұлақ,қызылша ауруы күйіп тұр екен.Әжкеннің жалғыз ұлы өліпті.Қайғы бұлты қалыңдап бара жатқанға ұқсайды.Ағжан тебіреніп: «Қарғысым Әжкеннің өз басын жұтпай,баласына оқтай қадалғаны қандай өкінішті»-деп іштей кегім қайтты деп сезінген жоқ.Топшысы қайырылғандай мұңымен арпалысқан Ағжанды қария адал асын алдына қойып құрақ ұшып жүрді.Қауесет жата ма,Айжарықты үштік ұраншылдары атып өлтіргенін естіген.Зауал-уақытының қатері кімге тимей жатыр , кімді қан қақсатпай жатыр.Белсенділердің де жұлыны үзілмес деймісің... қара жер қан жұтуға тояр емес.Қилаш мектепте еден сыпырады ,сол еңбегіне аздап азық береді.Жәкеш жалғызсыраушы еді, Әмірмен ойнап қуанып жүр.Сөйтіп,бұл көлеңкеде Ағжан балаларын суға шомылдырып,емшектегі ұлын қойдың құйрық майымен денесін сылап,ем-домын жасап өмір барлығын сезінді .Залымдықтың ойранымен басына түскен зар-мұңға шыдайды...Шыдар еді,соғыс басталды-деген жұмыр жердің қайғысы бұрқ ете түсті.Алакөз пенделер бір-біріне кектеніп мен атайын,сен тұр боп өштесіп жүргенде халықтың мойнына ауыр салмақ түсті...Әжкен милициялардан жасақталған  армия құрамына шақырылса,ауылдағы азаматтардың көбі соғысқа аттанып кете барды...Елде жарымжан,ақсақ,соқыр,саңырау,қариялар,балалар қалды.Беті быттиған бір көзін шел басқан Біртай бригадир еді , кеңшардың бастығы соғысқа сұранып кеткесін елді басқаруды қолына алды...жұрттың кімнің кім болғанымен ісі жоқ,қайғыны ауырсынып есінен танулы...
   Уақыт өте береді.Бұрау түсті мойынға,жылағаным аздай-ақ,бұлқынып бұдан кім шығар ,Жаратқан Ием қолын созбай-ақ,-деп қариялар кеткендерге амандық,елдегінің дәтіне қуат тілейді.Бәрібір ел жүдейді,қолында билігі барлар дәуірлеп шығады...Ержігіттің онда шаруасы жоқ , Кекті көңілі көншімейді , Әжкен соғыстан оралған жоқ , анасы қарғысым қате кетпеді дейтін-ді кейде. Бірақ Ержігіт қанша кіжінсе де тұншығып шыдап бағатын еді.Рахымсыз ызғарланған қанішерлерді түсінде талай көріп қан теңізін елестеткенде қатты түңілетін-ді. Сондай сәттерде ай далада қалған әкесі мен анасының моласының басына барып дұға тигізіп маңдайынан шыққан салқын тері көз жасымен қосылып қара жерге тамып кететін-ді . Бүгінде мәңгілікке мелшиген Күнашлаған шыңдарына қария салқын көз тастап ғұмырларын тәрк еткен сүргін жылдардың қалың қайғысын өздерімен бірге о дүниеге әкеткен әке мен ананың қабірінің басында топырағын құшып жанын жеген шерін тарқатқандай болады.Әкенің қаны төгілген дала аспаынында азат құстар шықылықтап ұшып жүр. Көңілі жарымды жұбатып өткенін ұмыттырғысы келе ме? Жанына шемен боп қатқан қайғы Ержігітпен бірге топыраққа сіңерін құс біле ме ? Тау бауырындағы суық жел  өкін бе , есіңді жи , балаларыңның бақытты болуына аруақ аян боп жүрсін дей ме ? Басылар дейсің бе тірі тұрғанда көкірегін кернеген кек... Жанын жеген қайғының орнын немен толтырам деп қарт дұғасын оқып болып орнынан тұрды, сағым буған тауға қарады ,тірлік сағым екен –ау деп күбірледі. Сосын автокөлік жанында күтіп тұрған балаларына үмітпен қарап аруақ елесінен ажырасып көкірегі оңаша қиялына берілді...


 Табыл Құлыяс   

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға