Жаңалықтар

«Ақ көйлек кию арманым...»

«Ақ көйлек кию арманым...»
26.02.2022 10:07 49824

«Бар десең оңаласың, жоқ десең жоғаласың» дейтін қазақ бар тапқанын баласының тойына шашқанды жақсы көретін халық. Ал той шығыны туралы той иесінен басқа ешкім ойлап та, есептеп те көрмейді. Шағын қалаларда 100-120 адамдық шағын той жасау үшін 1,5-2 млн. теңге керек болса, ал еліміздің мегаполис қалаларында үйлену тойын өткізу бұл бағадан әлдеқайда қымбат. Тойханалардың бағасы да арзан емес, ең төменгі бағасы адам басына 12-15 мың теңгеден жоғары. Тойдың негізгі бастаушысы асабалардың қызметі 200 000 теңгеден басталса, қалыңдық көйлегі де қалтаға оңай соқпайды. Оны жалға алу бағасы 100 мың теңгенің айналасында болса, сатып алу үшін тағы 2-3 есе төлеуге тура келеді. Есепшілердің айтуынша, ірі қалаларда орта деңгейдегі той жасау үшін қалтаңызда кем дегенде 5-6 миллион теңге болуы қажет.

«Ақ көйлек кию арманым...». Дәл осы ойды талай ару ойлағаны жасырын емес. Бірақ кезінде. Қазіргі арулардың ойы мүлде бөлек. Сенесіз бе? Қазір ақылды қыздар ақ көйлек киюді армандамайды, тойға шашылғанды қаламайды. Қазақтың «ұят болады» деп шашылып-төгіліп жасайтын «той жырын» пандемия әсері біраз ретке келтіріп бергендей. Карантин жағдайында ашық жасалғаны бар, жасырын жасалғаны бар, тойлар өтіп жатты, әйтеуір. Осы орайда біз карантин уақытында тұрмысқа шыққан аруларға «Қалыпты өмір уақытында өз тойыңызды қалай елестетуші едіңіз? Карантиндегі тұрмысқа шығуыңыз қалай болды?», «Ақ көйлек кию әрбір қыздың арманы дегенге өз ойыңыз қандай?», «Жалпы той мәдениеті туралы не ойлайсыз? Нені өзгертіп, нені қалдыруымыз керек?» деген бірнеше сауал қойдық. «Тойымыздан ойымыз озық болсын» деген аруларға кезек берейік.

«Ақ көйлек кию арманым...»  

Назерке Смағұл, Алматы қаласы:

Құндылықтар ауысты дегенде біз қыз жігіт болып жүргенде той жасамаймыз, одан да сол ақшаға шетелге барып қайтамыз деп айтатынбыз. 2020 жылдың тамыз айында тұрмысқа шықтым. Сол үшін біз тойымыз болмады деп қатты өкінген жоқпыз. Екі жақтағы құдалыққа құдалар жақтан 7-8 адам ғана келді. Қайта күйеуім екеуміз аз шығын болғаны үшін қуандық. Бірақ ата енем сонда да 100 адамға болсын той жасай салайық, туыстар сөйлемесін шақырмады деп біразға дейін айтып жүрді.

Менің тағы бір танысым карантинде тұрмысқа шықты. Жігіт жақта бір туысы сол коронавирустан қайтыс болған соң олар той жасамады. Бірақ сол танысымда әлі «ақ көйлек кимедім» деген өкініш бар.

Әкесінің нағашысының немерелері деген сияқты туыстарды шақырмай-ақ тек ең жақын туыстардың арасында 40-50 адамға атап өткен дұрыс сияқты, киіт дегенді де тек құда-құдағиға қыз бен жігіттің бауырларына кигізген дұрыс па деймін... Сосын қаншама мың долларға әншілерді шақырғанды қою керек. 40-50 шақты адам келсе, солардың ішінен де ән айтатындар табылады. Сосын шуылдақ, үй тоғыз, ағайын тоғыз деген нәрселердің бәрінен бас тартқан дұрыс сияқты.

«Ақ көйлек кию арманым...»   

Шұғыла Марат, Талдықорған қаласы:

2020 жылы мамыр айында 19 жасымда тұрмыс құрдым. Қалыпты өмір кезінде тойымды әдеттегідей үлкен тойханада, көпшілік ағайын-туған,   дос-жаран (200 шақты адам) жиналған той ретінде елестететін едім. Карантиндегі тұрмысқа шығуым шағын ғана 40 адам жиналған дастарханда, үйде, кішігірім құдалық ретінде болды. Бірақ ең жақын деген туыстарымызды ғана шақырдық. Достарымызды шақыра алмадық. Қыз жолдас, ұл жолдас деген атымен болмады.

Тойда ақ көйлек кию деген нәрсе қалыпты нәрсе болып қалған сияқты. Жұрттың бәрі киді мен де кием дегенге келетіндей. Меніңше, қыздар алдымен өзіне «Ақ көйлек кию шынымен менің арманым ба? Әлде жұрттың қатып қалған қағидасын қабылдап алғаным ба?» деп сұрақ қоюы керек сияқты. Сол кезде белгілі болады. Өз басым ақ көйлек кимедім деп өкінбеймін. Иә, басында бізден бұрын үйленген жұптардың тойдағы суретін көргенде қызығатынмын. Бірақ уақыт өте келе, той, ақ көйлек деген нәрсенің отбасылық өмірдің бастауының кішкентай ғана бөлшегі.

Той жасамасақ та, отбасылық өміріміздегі әрбір күніміз өзіміз үшін мереке. Бір жағынан бұл да дұрыс па деп ойлаймын. Кей отбасылар той жасау үшін алған кредитті төлейміз деп ренжісіп жатады. Енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасының материалдық қиыншылықтарға шыдамай, тойдың арты ажырасуға да барып жатыр.

Той жасау-жасамау әркімнің өз еншісінде. Бірақ шеттен шықпай, көрпеге қарай көсілген дұрыс деп ойлаймын. Біздің ұлтымыздағы киіт кигізу сынды салт-дәстүрге екі жасты араластырмаған дұрыс. Ол екі жақтың үлкендерінің арасында шешілетін мәселе. Тойдағы киіттің құны ертең екі жастың арасында дау-дамайға ұласып кетуі мүмкін.

Қазір Беташарды тоймен бірге жасап жүр, оны бөлек жасау керек.

Коммисиядан өткізгендей қыздың артынан келген бүкіл киім кешек, сумкаға дейін көрсетуі ерсі сияқты. Оны ана брендтің орамалы, мына фирманың аяқ киімі деп жатады. Міне осындайдан бәсеке туады. Меніңше, жәй ғана мынау кілемі, мынау ыдысы, мынау техникасы деп атап бере салған жөн-ау.

«Ақ көйлек кию арманым...»    

Арайлы Жақсылық, Тараз қаласы:

2020 жылдың қарашасында тұрмысқа шықтым. Күйеуімнің жұмысы Еуропада болғандықтан, тез арада үйленіп шекара асамыз деп жоспарладық. Сәйкесінше тойға дайындық та асығыс болды. Ата-анам кішігірім той жасап, ұзатты. Адам аз болды. Қалыпты өмірде өз тойымда ешқашан елестетіп көрмегенмін. Себебі той дегенді ұнатпаймын. Тойға барған да, той жасаған да мен үшін шығын және жүйкеге жүк. Біз тек ата-анамыздың сөзінен аттай алмай, кішкентай ұзату жасадық. Өзіме салса оны да істетпей, әкемнің батасын алып кете берер едім.

Келін боп түскен шаңырағымдағы әпкелерім «ақ көйлек кигізбегенімізге ренжіме» деп жатты. Мен ол туралы тіпті ойламағанымды да айттым. Оның үстіне кетеміз деп жүргенде ондай сарсаңға түскіміз келген жоқ. Ауыл ішіне беташар істеп, ырымын жасадық. Содан көңіліміз тоқ. Бақытты өмір сүріп жатырмыз. Шүкір.

Әркімнің арманы әртүрлі. Әркімнің таңдауы, қалауы үшін ештеңе айта алмаймын. Жеке басым ақ көйлек киюді армандаған емеспін. Символикалық түрде ақ көйлек киіп фотосессия жасау жоспарда бар. Бірақ ол да асығыс емес. Жалпы шартты, жаттанды дүниелерден қашып жүретін әдетім бар.

Қанша экстраверт адам болсам да бүгінгі той мәдениетін мүлде қабылдай алмаймын. Төгіп шашу, асыра сілтеу, жоқ болса да тыраштанып, несие алып той істеу қарапайым халықтың кедейленіп бара жатқанының бір себебі деп ойлаймын. «Талай адамның тойына бардық, бердік, сол өзімізге қайту керек» деген уәжді көп естимін. Бірақ бүгінгі тойларда кірістен гөрі шығыстың көбін көз көріп жүр.

Сол тойды ретін тауып жинақы етіп, ысырап қылмай жасауға да болады. Бірақ ондай прагматика бізге әзірге келе қоймайтын сияқты. Сосын қазір бесік той, алпыс жас, елу жас деген тойлар көбейіп кетті. Оның қажеті жоқ сияқты. Баяғыда қазақ деген мүшелге толғанда құдайы беретін. Шүкірлік ететін. Бізге сол шүкіршілік жетпей тұрған сияқты.

Жалпы алғанда бүгінгі тойға реформа керек деп ойлаймын. Шақыратын адамдар санына шектеу, мейрамханаға көлікпен кіру сияқты даңғазаға тыйым салу, көзге ерсі көрінетін би жарыстарды болдырмау керек деп ойлаймын. Сосын тост берудің де басқа форматын ойлап табу қажет сияқты.

«Ақ көйлек кию арманым...»   

Айгерім Әбдіханова, Шымкент қаласы:

Иә, карантин кезінде 2021 жылдың наурыз айында тұрмысқа шықтым. Бұл кезде карантин талаптары шамалы жеңілдеген болатын. 70-80 адамдық шағын той жасадық. Мұның өзі той мәдениетін жаңа деңгейге өсіре бастады-ау. Бұрынғыдай 200-300 адамдық той азайды. Бұрындары 200-300 адамға той жасайтын шашылып, карантин оны өзгертті тек екі жақтың жақын туыстармен 50-60 адамдық дастархан жайып өткізген ыңғайлы екенін көрдік.

Мен жалпы шашылып той жасағанды қалмайтынмын. Шағын етіп ұзатылып, шағын той жасауды үнемі айтып анамнан ұрыс естіп жүруші едім. Ол арманымды карантин-ақ өз реттеп берді.

Ата-ана, білесіз, бар жиғаны перзентінің қызығына деп отырады. Олар маған «біздің де дос-дұшпанымыз бар, ондай той жасамаймыз» деп үнемі айтатын. Бірақ тұрмысқа шығу уақытым қарантинге сәйкес келіп, шарттар солай болған соң үйдегілерде солай жасады.

Жалпы бұрын тойдың барлығы 300-400 адамға жасалатын. Сосын артығымен шашылып-төгіліп, дастарқанның өзі қаншама ысырап болатын. Оның бәрі обал ғой, осы мәдениет қалса деймін. Екінші, оңтүстіктегі тойларда екі жақтың бір-біріне беретіндері болады. Мысалы, мата. Бірініңкі аздау болып қалса, екіншісі мен оған «мынадай бердім, мынанша бердім» деп ренжіп қалады. «Қазақтың көңілі бір атым насыбайдан қалады» дейді ғой, сол сияқты болмайтын жерден ренжісіп жатады. Тойдан кейін болады ғой, мұның барлығы. Сол нәрсе қалса деймін.

Қалыңмал мәселесі. Қазір кәдімгідей «мынанша керек» деп жатады, соның барлығы керек емес дүние. Әрине, қалыңмал берсін, бірақ әркім шамасына қарай. Қыз жасауына да шашылып-төгіледі. Екі жасқа ақшасын берсе, тойдан ысырап қылмай, өздеріне тапсырса деймін. Көбісі дүркіретіп тойды өткізіп алады да, одан кейін пәтер жалдап тұрады. Одан да сол ақшаны үйдің он пайыз, бес пайызын құйып, үй алуға тырысып көрсе. Жаңа отау болғаннан кейін өздерінің бөлек отбасы болса деймін. Өзім оңтүстікі болған соң, білем, «маған алтын тақпады, бриллиант тақпады» деп жатады. Мұның бәрі бос мақтан. Сосын тойға әншілерді де, ананы да, мынаны да шақырып жатады. Әрине, қалтасы көтеретіндер өздері үшін шақырады ғой, бірақ ол да ысырапшылдық. Төрт сағатта өтетін тойға соншама доллар беріп шақырып, олай шығындалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. «Ақша кетсе кетсін, абырой кетпесін» деп бар соңғы тиынына дейін тойға шашады. Тойдан кейін кредит төлеп, қарызға, минусқа кіріп отырады. Соның бәрі қалса деймін.

P.S. Міне, осылайша аста-төк той сәннен қала бастаса, ақ көйлек киюді армандайтын арулардың да арман-мақсаты басқа арнаға бұрылған. Ең бастысы, некені көпшілікке жария етіп, бақытты отбасын құрудың кілтін тапқан жөн екен. Әлемді жаулаған коронавирус әсері, еліміздегі пандемияның бір оң әсері болса, осы той мәселесіне ықпал етті-ау. Этнографтар мен экономистер жылдар бойы айтып жүрген мәселені, пандемия әсері бірнеше жылда ғана іске асырып өтті. Қазіргі тренд – 60-70 адамдық той жасау. Бар жиған-тергенін жақсылыққа деп тойға шашатын біздің жұрт бұл жағдайды да қалыпқа айналдырып, қабылдайтын күн алыс емес.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға