Ал "Books to Auls" жобасы туралы ой былтыр жазда келген сияқты. Мен волонтер ретінде Алматы облысында орналасқан Лепсі ауылына барып, мектеп оқушыларына ағылшын тілінен бір ай сабақ берген едім. Ағылшынмен қоса, оқушылармен түрлі кітаптарды талқылайтынбыз. Олар өз кезегінде менен қандай кітап оқитынымды сұрай бастады. Сол кезде ресурстың жеткіліксіз екенін байқадым. Ауылды жерлерде кітап дүкендері жоқтың қасы, жоқ деуге де болады. Ал қалаға күнде қатынай бермейсің. Оның үстіне кітаптардың бағасын қолжетімді деп айта алмаймын. Салалық кітаптар көбіне қалтаны қағады. Орташа есеппен бір кітаптың бағасы 3000 мен 5000-ның арасында.
Біздің елдегі проблемалардың бірі - дамыған орталықтар, бірақ елеусіз елді-мекендер. Айырмашылық қатты сезіледі. Ол білім беру, денсаулық сақтау саласы немесе басқасы болсын. Сол теңсіздікті түзелсе деймін. Реформа жасау біздің қолда емес. Сондықтан өзіме "Мен дәл қазір не істей аламын?" деген сұрақ қойдым. Меніңше, үлкен өзгеріс кішігірім қадамдардан басталады. Осындай қарапайым жоба арқылы ауыл жастарының дамуына азғантай болса да үлес қоссақ деген ойымды "Ladybook" кітап клубындағы қыздарға айттым. Олар бірден қолдай кетті.