Жаңалықтар

«Youtube» арнасындағы қазақша контентті дамытқым келеді

Видеоблогшы Айжан Кәрібаеваның сұхбаты
«Youtube» арнасындағы қазақша контентті дамытқым келеді
23.01.2017 12:00 14278

– Айжан, қай кезден бастап влог (Youtube: kerbezful) жүргізе бастадың? Жалпы, бұл идея қалай туды?

– Сәлем! Youtube-арнамдағы хисториымды ашуға мәжбүрледің ғой. Арнамды 2011 жылы 9 ақпанда ашыппын. Ал, видеоблогымды «Екпінде» жұмыс істеп жүргенде бастадым. «Осындай видеолар түсіруге болады» деп youtube әлемін, видеоблогтың не нәрсе екенін көрсеткен Әлия Сембай болатын. «Екпін» журналы үшін алғашқы видеомды 2012 жылы 23 мамырда салыппын. Содан бері жеке өзім видео түсіруге құлшынып жүрдім. Алайда, «камерам жоқ қой, дұрыс монтажды да білмеймін» деп «сылтаураттым». 2014 жылы Нью-Йоркқа ұшатын кезде әуежайда отырып телефонымның камерасын қосып, қалай сөйлеп кеткенімді өзім де білмей қалдым. Өйткені, қанша жыл армандаған сапарымды таспалағым келді. Оның үстіне саяхатқа жалғыз кетіп бара жатқан соң, ең болмаса, камераның ар жағында серіктестерім болғанын қаладым. Содан бері влог жүргізу менің сүйікті ісіме айналды. Көздегенім – өзіме ұнайтын іспен айналысу және  youtube арнасындағы қазақша контентті дамыту.

– Бүгінде youtube арнасында қанша көрерменің бар? Олар сенен көбіне не жайында сұрайды?

– 5660 көрерменім бар екен. Маған ең көп қойылатын сұрақ – «сіз қандай бағдарламамен түсіресіз?». Фэйспалм. Мүмкін сіздердің сайттарыңыз арқылы жеткізе алармын. Достар, мен видеоларымның көп бөлігін кәдімгі телефон камерасына түсіремін, ал монтаждайтын бағдарламам – «Сони вегас». Сол себепті «бағдарламамен түсіру» тіркесінің дұрыс еместігін түсінерсіздер деген үміттемін.

– Видеоларыңды қандай құралдармен түсіресің? Монтаж жұмыстарын қандай бағдарлама көмегімен жасайсың?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, бас кезінде ең қарапайым телефонымның камерасын қолданатынмын. Өйткені, сенесіздер ме, қанша рет кәсіби камера аламын деген жоспарым соңында құрдымға кетті. Осы жақында ғана супер кәсіби болмаса да, телефонымды алмастыруға келетін құралымды алдым. Монтажды да басында ютюбтың дайын онлайн видеоредакторымен жүргіздім. Қолымды үйретіп алған соң, әрине, оның функциялары менің талабымды қанағаттандырмады. Одан соң, Асхат Еркімбай ағайымның сілтеуімен «VideoPad»-қа ауыстым. Ол да біраздан соң қарапайым болып көрінгеннен кейін «Sony Vegas»-қа көштім. Қазір соны қолданамын. Телевидениеде жұмыс істегенде «Adobe Premiere»-мен машықтанғанмын, сол себепті келесі жоспарым осы бағдарламаға көшу болып отыр.

– Ең көп қаралған видеоларыңды аташы. Неліктен, олар көп қаралды деп ойлайсың?

– Ең көп қаралғаны «Wedding Way» екен. Әрине, үйлену тойы, махаббат... бәріне қызық қой. Одан кейін «Кешкі макияж» жайлы видеом көп қаралыпты. Жалпы байқағаным, макияж, сән, киім жайлы видеолар жақсы сұранысқа ие. Бір жағынан, бұл ютюбта қыздар қауымының көбірек отыруымен байланысты шығар.    

– Біз сенің АҚШ-қа, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркияға, Мексикаға, Ресейге барғанда түсірген влогтарыңды білеміз. Қай саяхатың ерекше есте қалды?

– Барлық саяхат өзінше бір ерекше. Алайда, алғашқысы болғандықтан ба, АҚШ-қа бірінші рет барғаным қатты есімде қалды. Өйткені бәрі де таңсық, жаңаша болды. Екіншіден, ол жақтың адамдары мүлде басқа, мәдени шокта болдым. Калифорния штатын аралаған сапарым да өте ұнады. Ол жақтың табиғаты өте әдемі әрі әр алуан ғой. Жай ғана серуендеп жүріп, көзтерапия алып жүресің. Болашақта сол жақта, әсіресе, өзіме ұнаған Сан-Францискода тұрғым келеді.

– TMI tag, Talk vlog, Boyfriend tag, Husband tag, Sisters tag, Pregnancy vlog, музыкалық tag, «менің сөмкемде не бар?» және т.б. тақырыпта видеолар түсірген екенсің. Алдағы уақытта қандай влогтар түсіру ойыңда бар?

– Алдағы уақытта Стамбулдан влогтар түсіремін. Балалы болған соң, бала күтіміне байланысты видеолар түсіруге ықыласым артты. Өйткені, сұраныс бар.

– Istanbul vlog-та саяхатқа қатысты ойларыңды, қазіргі өмір салтың туралы айтқан екенсің. «Бізге ескі шаблондармен өмір сүру ұнамайды» депсің. Осы ойларыңды, саяхаттауға қатысты ұстанымдарыңды біздің оқырмандарымызға да баяндап берсең.

– «Ең тамаша тәлім – саяхат» деген ұстаным өзіме жақын. Өйткені түрлі елдің мәдениеті мен өмір салтын көрген кезде көп нәрсені басқаша саралайды екенсің. Оның үстіне, бізге дейін адамзат баласы ұшақ ойлап тапты, елдер арасындағы шекаралар да еркін кіріп-шығуға ыңғайлы болды. Бір сөзбен айтқанда, біздің өмір сүріп жатқан заманымыз көп мүмкіншіліктер беріп отыр. Ендеше, неге оны қолданбасқа?! Саяхаттарымыз барысында көпті көрген, өте креативті ойлайтын, сауатты, өмірде жақсы жетістіктерге жетіп, жаңа дүниелер ойлап тауып жатқан тамаша отбасыларды кездестірдік. Біз де сол «әлем азаматтары» толқынының қатарында болғымыз келеді. Ал бірқалыпты жұмысқа тұрып алып, өзіңе ұнамаса да пәтер алу үшін, көлік алу үшін ғана өзіңді сол жұмысқа байлап қою менің түсінігіме қайшы. Әрине өзінің жекеменшік ұясы болғанын бәрі қалайды. Бірақ, ол үшін бір жұмысқа байланудың қажеті жоқ. Саяхаттап, ел көріп, жер көріп жетістікке жетуге болады. Менің жолдасым да осылай ойлайды. Ол жағынан менің жолым болды. Бір бағытты ұстанамыз. Шетелде жүру идеясы соншалықты тартымды болғанымен, оның да өз қиыншылықтары бар. Бәріне дайын болу қажет. Белгілі бір жағдайларға төселіп, үйрену керек. Мысалы, жеке менің өзім үшін туған жерім – Алматыдан асқан жер жоқ. Бірақ ол мен үшін – комфорт, үйреншікті ортам, әрдайым қайта оралып отыратын мекенім. Өсу үшін, ысылу үшін үйреншікті жылы жеріңнен шыға білу керек. Ондайға бәрі дерлік дайын бола бермейді. Ал бір рет шығып, драйвтың дәмін біліп алғаннан кейін, бір орында отырғың келмей қалады. Бұл жайлы ойларым өте көп. Сағаттап сөйлеп отыра бере аламын, одан да қалғанын видеоларымнан көріңіздер.

– Влогтың саған әкелген пайдасы/зияны?

– Алдыңғы жылы бір басылымға сұхбат бергенде «Ютюб арқылы мен бір тиын да таппадым, алайда өмірлік жарым мен сүйікті жұмысымды таптым» деппін. Бұл – шындық. Диас (менің жарым) мені влогтарымнан көріп, ғашық болып қалыпты. Ар жағы енді басқа әңгіме. Сондай-ақ,  көп көрермендерім менің «Жұлдыз Фм» радиосында «Таңғы шоуды»  жүргізгенімді біледі. Радиодағы редактор  да менің арнамды көріп, байқап, содан соң, жұмысқа шақырды. Сол себепті, маған арнам материалдық жағынан ақша әкелмесе де, доллармен, теңгемен өлшенбес үлкен құндылықтар әкелді. Сол үшін де менің оған алғысым шексіз. Әрбір көрсетілім, әрбір пікір – мен үшін үлкен жетістік. Барша көрермендеріме өте қатты ризамын. Өйткені, видео жүктейтін кезде санамды сан алуан күмәнді ойлар мазалайды. Бұл біреуге ұнар ма екен, монтажы жаман істелді, музыкасы келіспейді дегендей. Бірақ, менің көрермендерім – әлемдегі ең мейірімді жандар. Менің шимай-шатпағымды көріп қана қоймай, лайк қойып, қолдауларын жазып кетеді. Әрине, ондайдан кейін рухың көтеріліп, видеоблогинг ханшайымы болып кетесің (күлді).  

– Қандай шетелдік влогшылардың арнасын жиі қарайсың?

– Сүйікті влогшым – Кейси Нэйстат. True Inspiration. Соңғы рет Нью-Йоркта болғанымда қатты кездескім келіп еді, сәті түспеді. Одан кейін, Мими Айконның өмірге деген көзқарасы маған өте жақын. Жолдасы Алекс Айконн екеуі – жоғарыда айтып өткен «әлем азаматтары» стилінің нағыз өкілдері. Ресейлік видеоблогшылардан Мари Новосад ұнайды. Диасқа бірақ оның даусы ұнамайды, көп сөйлей береді дейді. Ал, мен керісінше, оның косметика, макияж жайлы қыздарға арналған әңгімесінен демаламын. Тағы кімді айтсам екен? Klossy арнасында видео шықса, қуанамын. Бұл – менің сүйікті моделім, супервумен Карли Клостың арнасы. Арманымдағы модельдік өмірді бояусыз көрсетеді.

– Өзіңнен басқа қазақша влог жүргізетін кімдерді білесің?

– Нақты көремін деп айта алмаймын, алайда, алдында «Сұрақ-жауап» сайтына шыққан постта біразымен таныстым.

– Влогың арқылы пайда тауып көрдің бе? Алдағы уақытта влоггинг арқылы табыс табуды көздейсің бе?

– Бірінші сұраққа жоқ деп жауап беремін. Әрине, сүйікті ісің табыс әкеліп жатса керемет қой. Негізі оны монетизацияға қою да соншалықты қиын дүние емес. Оны жүзеге асыру жайлы жоспар ойымда жүр. Әзірше оған шындап кірісуге уақытым аз. Монетизацияны былай қойғанда, баламен видео түсіріп, монтаждауға да уақыт болмайды екен. Сол себепті соңғы кезде арнамда видеолар айлап салынбай кетті. Көрермендерім жағдайымды түсініп жүрген болар деген ойдамын.

– Бізге арнаңда жариялаған байқаулар туралы айтып берші.

– Байқауларды бірнеше рет ұйымдастырдым. Ол аудиторияңмен тікелей тілдесуге мүмкіндік береді. Байқауларда өзім ұнататын, қолданатын дүниелерді немесе шетелден әкелген естелік дүниелерімді сыйлауға тырысамын.

– Есіңде қалған ерекше пікір немесе видео түсіру барысында болған қызықты оқиға?

– Ерекше пікірлер көп, мені әсіресе «сенің қазақшаң өте жеңіл, түсінікті» деген пікірлер қызықтырады. Арнамды қазақша үйреніп жүрген қазақтар көп көреді. Олардың ана тілін үйренулеріне көмегім тиетініне ризамын. Қызықты оқиғалар жиі болады. Мысалы, «Summer LOVE 2014=) Жаздың ең қызықты сәттері!» видеосының түсірілімі өте қызықты өткен. Өйткені, өз басым бірінші рет таныс емес адамдарға келіп, оларға арнайы сатып алған тәттілерімді сыйладым. Далада тұрған жұмысшыларға сусын таратып, көңілдерін көтеруге тырыстым. Кейбіреулері түсінбей қашып кетті, енді бірі керісінше, бізді де қуантып кетті.

– Сенің ойыңша, қазақтілді влоггингті қалай дамытуға болады?

– Қазақша сапалы түсіретін, креативті дүние жасайтын тұлғалар көп болуы керек шығар. Сондай-ақ видео жасауды сүйетін, шығармашылыққа жақын адамдар керек.

– Әңгімеңе рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға