Жаңалықтар

«Ұлытау өңірінде» әлеуметтік-экономикалық тақырыптың көтерілуі

«Ұлытау өңірі» газеті – өз дәуірінің өз заманының, уақыттың тынысын танытқан басылым.
«Ұлытау өңірінде» әлеуметтік-экономикалық тақырыптың көтерілуі
25.09.2017 19:35 2533

Еліміздегі қазіргі журналистика мемлекет пен билік арасына дәнекер болатындығымен де ерекшеленеді. Сонымен қатар демократиялық құндылықтарды көпке насихаттайтындығымен, плюрализмге кең өріс ашатындығымен және ұлттық мүдде, елдің тұтастығы үшін күресетіндігімен де маңызды.

Бүгінде ақпаратсыз өмір сүру қиын десек артық айтқандық болмас. Күнделікті қажеттілікке айналған ол, онсыз республикамызда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан оқиғаны біле алмаймыз. Бүгінгі журналистика кешегіден мүлдем өзгеше. Бір сарынды материалдармен тыңдаушысын, көрерменін, оқырманын алдарқатып келген кеңес журналистикасы келмеске кетті. Ал оның орнын оқиға-көріністерге толы, өмір құбылыстарына обьективті баға беріп, қоғамдық пікірді қалыптастырып, ұлтты ұйытатын, бірлікке, ізгілікке шақыратын зайырлы бұқаралық ақпарат құралдары басты. Міне, осы қағидалар мен ұстанымдарды «Ұлытау өңірі» газеті ұжымы да өздеріне негізгі мақсат, міндет етіп алған. Ақпараттар тасқынының молдығы адамның саяси санасының дамуына да әсерін тигізуде. Ол адамдардың қоғамдық бағдарына әсер ете отырып, оның жан-жақты қалыптасуына көмектесуде. Журналист қауымының қаламынан туған кез келген шығарма оның жан-дүниесі арқылы келеді. Қаламы қарымды журналист халықтың сирек сөзін бұйырған несібедей теріп алып, ұмыт болып бара жатқандарын қырлап, өңін құлпыртып өмірге әкеледі. Сөйтіп, әдеби тіліміздің тіл байлығының дамуына, баюына тамшыдай болса да өз үлестерін қосады. Құпиясы мол, қалтарысы көп баспасөзде ақыл мен білім, біліктілік пен кәсіби шеберлік тоғысып келіп, журналист бойында үйлесім табуы тиіс.

Бүгінгі таңда ұлттық мұраларымыз өзінің лайықты бағасын алып, қазақ публицистикасының гносеологиялық табиғаты, оның қалыптасу, даму арналары кең ауқымда қарастырылуда, зерттеу еңбектері жазылу үстінде. «Ұлытау өңірі» газеті – өз дәуірінің өз заманының, уақыттың тынысын танытқан басылым. Газет еліміздегі, облыста және ауданда болып жатқан шұғыл өзгерістерді кәсіби шеберлік деңгейінде сараптап, аудан тұрғындарына жеткізуде беделді ақпарат көзі болып саналады. Тарихы мен тағылымы көп, әр тасы тұнған шежірелі өлкенің сан қилы тұрмыс-тіршілігін, саяси-экономикалық және рухани-мәдени өміріндегі игі өзгерістерін, қол жеткізген табыстарын насихаттаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Өтпелі кезеңнің сындарлы тұстарында халықтың рухын көтеруде де, экономикалық тығырықтан шығу жолында нарықтық қарым-қатынастарды түпкілікті орнықтыруда да аталмыш басылым үлесі зор. Сонымен қатар, қазыналы жердің қасиетін зерттеп, өлке тарихымен келешек жастарды басылым беті арқылы туған жердің тарихымен таныстырып отырды. Өз елінің, өз жерінің қасиетін балдырған бүлдіршін кезінен, оқушы кезінен сана түкпіріне сіңіріп өсті. Оған ауданның жалғыз басылымның қосқан үлесінің зор екені түсінікті.

Егеменді Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өзінің дамуын әлеуметтік-экономикалық құрылымының жаңа заңдары бойынша ұйымдастыруды қолға ала бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары жүйесі ішінде талай өзгерістер енгізіліп, журналистика мен өзге қоғамдық құрылымдар арасында жаңа қарым-қатынас механизмі пайда болып, журналистиканың рөлі мен қызметі өзгеріп келеді. Бұл мәселе аудандық «Ұлытау өңірі» газетіне де тән құбылыс.

Бүгінде басылым бәсекелестік жағдайда өмір сүреді. Қоғамның әртүрлі, әрі қарама-қайшы дамуында журналистика біріншіден қоғамдық, әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің құралы, ал екіншіден, журналистика жаңа қоғамдық-саяси құрылымдар мен әлеуметтік институттарға әсер етуші нысан болып есептеледі. Дегенмен, тоталитарлық кеңестік жүйенің көп әлеуметтік институттары жаңа бағыттармен қатар, өзге қоғамдық-құқықтық өрісте «жаңа қызмет негізінде» жұмыс істеп келді, әлі де істейді. Дәуір тынысын сездіретін тынысы мол еңбектердің халықтың рухани өркендеуіне септігінің мол болғандығы айқын.

Публицистика – өмірдің әлеуметтік, экономикалық және тағы басқа өмір фактілерін өзіне арқау ететін әдеби жанр десек, журналистика – қоғамның өзекті ақпараттарымен жұмыс істеп, баспасөз арқылы тарататын қызметі бар маманды. Кез келген журналистік жазбаларда құжаттар, фактілер, анықтамалар мен кішігірім зерттеулер жиі ұшырасады. Мәселен, журналист алған мәлімет көзінде: 1) нақты да шынайы көзқарасының болуы қажет;  2) өзіндік тәжірибенің молдығы; 3) деректі, тарихи, құжатты анықтамалардың дәл болуы талап етіледі. Журналистің тақырып салаларының саяси, әлеуметтік-қоғамдық тағы сол сияқты  түрлі болуы зерттелетін тақырыптың өзектілігін айқындайды. Осы ерекшеліктер, сапалық қасиеттер «Ұлытау өңірі» газеті ұжымы мүшелерінің бүгінгі таңда нысан етіп отырған мәселесі.

Өткен дәуірдегі таңдаулы публицистердің тәжірибесін зерттеп, зерделей отырып, біздің жергілікті журналистеріміз мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамды әрі қарай демократияландыру және адамгершілік ұрығын себуге ықпал ете алады. Бүгінгі ақпарат ағынының үздіксіз өсуі, адамдардың жоғары парасаттылық деңгейі публицистерден әлеуметтік ақиқатты терең зерделеуді, оған маңыз беріп, жан-жақты саралауды талап етеді. Бұрынғы теориялық ұстанымдар мен зерттеулерге журналистика тарихының, даму тұрғысынан жаңаша көзқарас – бүгінгі күн талабы биігінен қарап бағалайтын күнді тудырып отыр. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі орасан.

«Ұлытау өңірі» газеті бүгінгі таңда оқырманның сұранысын қанағаттандырып отырған басылым, тақырып аясы кең, өзекті мәселелерді арқау ете білуімен ерекшеленетін бұқаралық ақпарат құралы. Қазір бұрыннан қалыптасып қалған идеологияны бұзып-жарып, жаңа әлеуметтік-саяси көзқарас орнықтырып жатқан заманда ол бұдан да үлкен маңыз ала түседі. Сонымен бірге, мемлекеттің өткен тарихына, оның ішінде баспасөз тарихына жаңа тұрғыдан қарау қатып қалған идеологиялық негіздерден құтылуға үйретеді. Өткендегі оқиғаларға түсіністікпен қарауымыз, сабақтастықты сақтауымыз қажет. Өзімізге дейінгілердің жинаған білім-тәжірибелерін кәдеге жарату ләзім. Әрбір кейінгі ұрпақ өз жолын алдыңғы ұрпақтардың жеткен жерінен бастайды.

Жақсысынан үйренеді, жаманынан жиренеді. Өзінің алдына қойылған міндеттерге сай, әр кезең өткендегінің қайсыбір қарекетін мансұқ етеді, қайсыбір қарекетін қасиеттеп дамытады. Қазақ журналистикасы тәуелсіздік жылдарында коммунистік жүйеден демократиялық журналистикаға ауысуға бет алды.

Тәуелсіздікті нығайтумен бірге, демократия үрдістеріне берік болуға, сыбайлас жемқорлықпен күресуге шақырып келе жатқан да осы газет. Заманның өткір де өзекті мәселелерін арқау етуімен, келелі, қоғамдық мәні зор тақырыптарды көтеруімен ерекшеленеді.

75 жылдық тарихы бар «Ұлытау  өңірі» газеті еліміз үшін ең сындарлы сәттерде халық үнін айта білді. Еліміздегі айтулы оқиғалар мен қатар, ауданның айшықты жаңалықтарымен қалың бұқараны құлағдандырып отырған аудандық басылым.  Сонау тәуелсіздік жылдарының өзінде биліктегі ауыс-түйіс жәйттар мен қабылданған жаңа заңдар, енгізілген өзгертулер газет бетінен әрдайым табылып отырды. Сонымен қатар, ауданның тыныс – тіршілігі, шаруашылық жайы, халықтың күнкөріс қамын да тасадан тыс қалдырмады. Мысал ретінде атап өтер болсақ, сол жылдары «Береке көзі – берік қор», «Алтын орақ-91», «Егін орағы», «Публицистика», «Поэзия бұрышы» сынды айдарлары соның бір дәлелі.

Баспасөздің қоғамда болып жатқан оқиғалардың барлығына дерлік ат салысып, өзекті проблемаларды дер кезінде көтеретіні, қоғамдық пікір туғыза отырып, сол проблемалардың дұрыс шешілуіне мұрындық болып отыратыны белгілі. «Ұлытау өңірі» газеті алғашқы нөмірлерінен бастап өз дәуірінің көкейтесті проблемаларын қозғап, қоғамдағы алуан түрлі аудиторияны әлеуметтік-саяси және арнаулы хабарлармен қамтамасыз ете білді. Қоғам өміріндегі өзгерістерді экономикалық-әлеуметтік, саяси, рухани-мәдени мәселелерді үзбей жазу арқылы жұртшылықтың қоғамдық пікірін қалыптастыруда газеттің ықпалы зор болды.

Қазіргі таңда қазақ журналистикасы тез қарқынмен дамып келеді. «Қазақ әдебиетi», «Ана тiлi», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Түркiстан», «Алматы Ақшамы» сияқты дәстүрлi басылымдардың қатарына соңғы кезде келіп қосылған  «Айқын», «Жас қазақ», «Алаш айнасы» ақпарат кеңiстiгiндегi бағытын тез айқындап алды. Қазіргі басылымдардың  деңгейi, бiлiмi, ұлттық мәселелердi көтеруi жағынан өсiп кеттi. Оқырманға тиiмдiсi әдеби кiтаптан гөрi газет-журнал екенi рас. Газеттiң көбеюiмен қатар оқырманның талғамы да өсті. Газеттiң көбеюiнен қорықпау керек әрине. Газетті оқырманға лайықтап жасағанда ғана ұтылмаймыз. Сонда ғана жасап жүрген шаруамыз нәтижелі болмақ. «Қарапайым жазсаң, оқырмандарың көп болады, ал егер күрделі жазсаң, оны тек түсіндірушілер болады» деген сөз бар. Сондықтан мейлінше қарапайым жазуға, газетті қарапайым етіп шығаруға тырысқан жөн. Сонымен бірге елдің интеллектуалдық деңгейін өсіру керек. Өзіміздің «Ұлытау өңірі» басылымын айтар болсақ, мысалы, «Қоғам», «Тіршілік», «Руханият» сынды оқыс, озық ойлар топтасқан айдар материалдары мен қарапайым оқырманның ұғымына лайық дүниелер аралас шығады.  Күнделікті ақпарат, сараптамалық зерттеу мақалалармен қатар оқырманның рухани ой-өрісін кеңейтетін материалдарды жариялауға ден қойылған. «Таным», «Тұлға» атты айдарлар арқылы елге өнеге, тәрбие беретіндей, үлгі боларлық материалдар жарияланады. Әр баспасөз сияқты, «Ұлытау өңірінде» де әлеуметтік, рухани тақырыптар басым.

«Қазіргі таңда дүниежүзілік ақпарат әлеміндегі ірі өзгерістерден, белең алып келе жатқан жаһандану үдерістерінен ешбір елдің саяси өмірі мен бұқаралық ақпарат құралдары тыс тұра алмайтын күрделі кезеңмен бетпе-бет жүздесіп отырмыз. Академик Ғарифолла Есім айтқандай: «… біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың мазмұнын анықтайтын фактор – ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп те жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, электрондық пошта жүйесі, жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әр елдің «сырын» жасыру мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария естілмек. Мұның бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына сапалы өзгерістер енгізуде».

Журналистиканың міндеті - қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету. Өйткені, кез келген қоғам мүшесі үкіметте, парламентте, жергілікті атқару органдарында немесе елдің өзге аймақтарында не болып жатқанын өздігінен барып біле алмайды. Сол үшін де журналистер бар. Алайда, қазақстандық журналистика, өзге де посткеңестік елдердегі сияқты, әлі үгітші мен насихатшының қызметін атқарып келеді. Сондықтан, қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етуден бұрын, оқырманға алдымен өз ойын таңумен ерекшеленеді.

 Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, оның бұқаралық ақпарат құралдарында этникалық тақырыптағы ақпараттың өзіндік орны бар. Республика жұртшылығы сол ақпарлардан бір-бірінің және өз халқының тұрмыс - тіршілігін біліп отырады. БАҚ -та этникалық тақырыпта берілген ақпарат бірде оң, бірде кері әсер беретін жағымсыз қызмет атқарады. Алғашқысында этникалық ақпарат ізгілік, толеранттылық міндет атқарады. Ол адамдардың көңіл -көзін ашып, ақпарат береді, оларды игі істерге бастайды. Бұндай ақпарат оқырмандар бойында басқа ұлтқа деген құрмет пен сүйіспеншілік тудырады.

 Соның бір құралы - баспасөз. Баспасөз бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы, соның ішінде орасан зор мүмкіндіктерді иеленетін жүйе. ХХІ ғасыр адамзат игілігіне ұсынған ұлы жаңалығы адам баласының көзқарасына, ой -санасына тікелей әсер ететін идеологиялық құрал. Рухани нәр мен эстетикалық әсер беретін өнердің өзгеше бір түрі. Қазіргі таңдағы уақыт аясынан «ақпарат ғасыры» деген ұғымды иеленіп отырған кезеңде  баспасөздің ақпарат кеңістігінен алатын орны айрықша. Мерзімді басылымдардағы мақалалардың берер тағылы мол. Ұлттық діл мен дін, ұлттық сезім мен рух, ұлттық тәрбие мен сана, ұлттық болмыс - бітім бойымызға ананың сүтімен, әженің тілімен, ата -бабамыздың салт -дәстүрімен қалыптасса, соны дүниежүзі халықтарына бар артықшылығымен танытуда мерзімді басылымдардың атқаратын қызметі ұшаң-теңіз.

Елімізге егемендік алғаннан бері «Ұлытау өңірінің» ажары өзгерді. Тілімізді, салт-дәстүрімізді, елдігімізді дәріптейтін салиқалы басылымдардың біріне айналды. Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігіне қол жеткізуімен бірге ұлттық қауіпсіздік мәселесіндегі міндеттері де молая түсті. Әлеуметтік қауіпсіздікке қол жеткізу – қоғамның тиімді әлеуметтік құрылымды қалыптастыруының арқасында қол жеткізіледі, қоғамдық институттар мен қатынастар, әлеуметтік мәселелерді қорғау мен жүзеге асыру, әлеуметтік инфрақұрылымды қолдау. Бұның барлығы нәтижесінде тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасауы тиіс, мемлекеттің өркендеуіне, қоғамның мүддесін ұштауға септігі тиетіндей болуы шарт. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қоғамның тұрақтылығын дамыту өте маңызды, онсыз реформалау үрдісінің сапасы артуы мүмкін емес. 1998 жылдан бастап қазақстандық зерттеушілер әлеуметтік қауіпсіздік ұғымын енгізіп, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік мәндегі дағдарыстардың бұл мәселеде ерекше әсері бар екендігіне тоқталды.

Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі саяси үдерістерде өзінің көп мазмұнды және кең ауқымды функциялары арқылы қоғамдық өмірдің БАҚ араласпайтын саласы жоқ. Әр қырынан, әр саладан, әр деңгейден көрінеді: саяси және әлеуметтік, экономикалық - нарықтық, этносаралық, дінаралық қатынастар, білім, денсаулық, тіл саясаты, төтенше оқиғалар, үлесшілер мүддесі, жарнама, сыртқы қатынастар - осылардың ешқайсысы да қазақстандық БАҚ назарынан қалған осындай институттардың әртүрлі, көпсалалы функцияларының барлығын дерлік атқаруда.

Әлеуметтік мәселе – кедейшілік, жұмыссыздық, қылмыс, экологиялық және демографиялық жағдайдың төмендеуі, техногенді апаттар. Аталмыш қауіптер тұрғындардың өміріне зиян төндіреді. Әр мемлекет үшін өзекті мәселе болып саналатыны – оның ішкі-сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындардың өміріне оңтайлы, тұрақты ахуалды қалыптастыра беру. Сыртқы қауіп түрлеріне тоқталсақ, әлеуметтік-саяси түрдегі қоғам өміріне қауіп әкелетін жайлар қатарына діни және саяси экстремизмді жатқызуға болады, қылмыстың артуы мен нашақорлықтың өрістеуін қосуға болады. 

Адамзат тарихындағы қаншама қанды оқиғаның себепшісі, неше түрлі зұлымдықтардың да бастаушысы «апиын» - болғанын білеміз.

Біздің ғасырымыздың басты дерті – нашақорлық.

Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда, ал біз болсақ көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымыздыда ауыртқымыз келмейді. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, артта ұрпақ өсіп келеді. Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз? - деген сауалдар әрине адам жанын мазалайды.

«Ұлытау өңірі» газеті ел өміріндегі өзекті жайларға үн қосып, оны негізгі мәселе етіп көтере алады. Мәселен, 2006 жылдың 10 мамырындағы басылымның №63 нөміріндегі журналист Альмира Оспанованың«Қауіпті дертке тосқауыл» атты сұхбаты да облыс тұрғындарының денсаулық мәселесіне арналған. Мақалаға көптеген ресми деректер келтіру арқылы жеткізе білген. «Бүгінгі таңда (сол кездегі дерек бойынша) республика көлемінде 4800 адам ВИЧ инфекциясын жұқтырған, облыс бойынша 889 науқас тіркелген. ВИЧ инфекциясына шалдыққандардың 25-і әйел адамдар болса, 75 пайызы – нашақорлар. Көбінесе жұмыссыз, бос жүрген жастар арасынан көптеп шығуда» - деп, бұл жайға қатысты біраз мәселелердің бетін ашады. «Ұлытау өңірі»  газеті беттеріндегі әлеуметтік зерттеулердің негізгі дені нашақорлық тақырыбына қатысты жазылған. Нашақорлықтың негізгі себебі - өмірге қанағаттанбау, яғни жеке өмір қиыншылықтары, әлеуметтік-мәдени саланың дағдарысы, әлеуметтік әділетсіздіктер, тұрмыстың нашарлығы, адамдардан түңілу, өзін-өзі жүзеге асыра алмау. Сонымен бірге қазір нашақорлықтың жасару тенденциясы жүруде. Жүргізілген әлеуметтік баспасөз деректеріне қарағанда наша дәмін татып көргендердің көпшілігі 15 жасқа толмағандар. Панасыздар мен жетімдер мәселесі де бүгінгі таңда қазақ журналистикасының әлеуметтік зерттеу тақырыбы болып отыр. Бүгінгі Қазақстанда 100000-дай панасыз балалар (әлеуметтік жетімдер) бар екен, оның 30 пайызы тұл жетім. Жасөспірім қаңғыбастардың саны жыл сайын шамамен 10000-ға өсіп отырады. Еліміздегі 40 балалар үйінде 11000-нан астам бала тәрбиеленеді . Ал енді осы мәселеге терең үңілейік. Панасыз кезбелер деген кімдер? Неге балалар әке-шешеден безіп, көшені қалайды? Құқық қорғау органдары осындай пақырлардың тағдырын үйреншікті әдіспен шешеді, оларды ұстап алып, жетімханаға тапсырады. Жетімханада балалар үш айдай ғана болады да, сосын үйіне қайтарылады. Бұндай шаралар мәселені шешпейді, оны тереңдете түседі. Бұл тақырыптар өзіміз нысан етіп отырған «Ұлытау өңірі» газеті бетінен түскен емес, сондағы мақсат - қазіргі жас буынды мейірімділікке, қайырымдылққа тәрбиелеу, ата-баба дәстүріне адал болуға үндеу. 2008 жылдың 22 шілдесіндегі газеттің кезекті санында Ақерке Марғұланқызының «Тастанды балалар жайы»атты мақаласы да өзекті тақырыпты арқау еткен. Облыстағы жетім және панасыз балалардың тағдыры сөз болып, тасбауырлықтың соңы неге соғатынын пайымдайды. Журналист өзінің ойын былайша білдіреді: «Жетімдер үйі», «Тастанды бала», «Тірі жетім» деген сөз қазақы болмыстарға жат ұғымдар. Бірақ бұның бәрі бүгінгі күннің шындығы болып отыр. Қоғамда белең алып, жайылып тұрған келеңсіз құбылыстың бірі – жетімдер үйі, ондағы тастанды, жанарлары жәудіреген балалар. Жетімдіктің қазіргі кезде көбіне әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық, қылмыстық, тұлғалық факторлардан өрбитіні белгілі. Әлеуметтік зерттеулердің деректік көрсеткіштері бойынша, бірінші орында әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік- тұрмыстық. Екінші орында әдептілік факторы (36 пайыз). Жетімдіктің келесі бір себебі – қоғам факторы (27 пайыз). Отбасы факторы да  - маңызды факторлардың бірі болып табылады (23 пайыз), Соның ішінде ата-аналардың ажырасуы, тәрбиенің, құндылықтардың жоқтығы. Сондай-ақ, әлеуметтік-психологиялық себеп ретінде мәдениет факторы (17 пайыз) айқындалды, яғни төмен деңгейдегі мәдениет. Келесі бір фактор – мемлекеттік фактор (17 пайыз). Сонымен қатар, мас болу, ішімдікке салыну, нашақорлық (11 пайыз), бала тағдырына деген жауапкершіліктің болмауы – 10 пайыз. Әлеуметтік зерттеулердің баспасөздегі көрінісінен аңғарылған тағы бір мәселе – жетімдіктің құрылымы төмендегідей: әлеуметтік-психологиялық фактор – 65 пайыз, әлеуметтік-экономикалық – 44 пайыз, тұлғалық – 40 пайыз, қоғам факторы жалпылай түрде – 27 пайыз, әлеуметтік – 17 пайыз, қылмыстық – 11 пайыз. Жетім балалар тағдыры, олардың әлеуметтік ахуалының зерттелу көрінісі «Жас алаш», «Ұлт тағылымы», «Ақиқат» журналдарынан, газеттерінен, «Аль Пари», «Қазақ өркениеті» журналдарынан жиі байқалады. Бірақ аталмыш республикалық басылымдарда ғана емес, өзіміз нысан етіп отырған «Ұлытау өңірі» газеті бетінен де бұндай өзекті жайлар жиі көтеріледі.

Осыдан келіп туындайтын қамкөңіл тағдыр, қараусыздық пен қатыгездіктен шығатын қылмыс қабырғаға батары анық. Тумай жатып өмір тәлкегіне тап болған жетімдер кейін ес біліп, ер жеткен кезде туған ұясыз, ата-мекен, ата жұртсыз сезінері айқын. Міне, осы бір ащы шындық әлі күнге дейін жалғасын тауып, көбеймесе азаймау үстінде. Бұған кім кінәлі? Әрине, тәрбие, отбасы тағылымының олқы соғуы. Мақала авторы  қазіргі қоғамда көбейіп отырған кекшілдік, менменсу тәрізді жаман қасиеттерді болдырмаудың жолдарын айтады, өз тұжырымын былайша жалғастырады: «Іс-әрекет үстінде мінез қалыптасады. Адамның басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты болады, - дейді ғұлама ғалым Әл – Фараби. Кек – адамның намысына тиген пенденің оғаш қылығына қарымта қайтару әрекеті. Азамат тәрбиелеуде ұсақ-түйек деген болмайды, күн сайын, минут сайын өмірге қатысты белгілі бір тәжірибе қалыптасады. Азамат бастаулары үлгіні отбасында қалыптастырады. Баланы кекшілдіктен аулақ ету шарттары: ақыл айту, бақылау, тәрбие. Ұрпақ бізді рухани күшімізге, өмірге деген құштарлық қуатымызға, әділеттілігімізге, тағдыр тәлкегіне мойынұсынбауымызға, ерлігімізге қарап бағалайтын болған». Қандай тәлімі мол мәселелер қозғалған, тек осындай дүниелерді оқып, өз бойына   рухани нәр дарытып отырса, қоғамдағы келеңсіздіктер де болмас еді. Шет мемлекеттерде халық денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы. Халық денсаулығын көтеру мәселесі мемлекеттік саясатқа тәуелді екені белгілі. Сол сияқты өркениетті елдерде халықтың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін арттыруға жете көңіл бөлінетіндігі барлығымызды ойлантуы тиіс. Оларда жасалып жатқан жаңа жобалар, ауылды жерді көтеруге зор үлес қосу біздің мемлекетіміз үшін де өте қажет шаралар, бірақ қазіргі күн сайын қымбатшылық меңдеп, халықты қыспаққа алып отырған кезеңде бұндай жобалар туралы ойлаудың өзі артық. Темекі шегу, нашақорлық, жұмыссыздық барлық елде бар, бірақ онымен күресу жолдарының нәтижелері бірдей емес. Тағы бір назардан әсте шығаруға болмайтын тақырып – жемқорлық.Елдің экономикасына кері әсер етіп, халықтың ырысын шайқалтатын осы бір теріс әрекетті күнкөріс көзіне айналдырып алған жандар қаншама. Газет бетінен бұл тақырыптардағы мақалалар да жиі көрініс табады. А.Оспанованың«Жемқорлық – індет, жою – міндет» атты мақаласы 2006 жылдың 10 мамырындағы басылымның № 23 санында 2-бетте жарық көрген. Автор республика бойынша бұл мәселелінң ушығып отырғанын айта келіп, өткен жылы тұтастай республика бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ құруға бағытталған бірнеше деректің тіркелгенін жазады. Осының өзінен аймақта бұл жайдың орын алып, жең ұшынан жалғасудың тыйылмай отырғандығын байқатады.

Қазақ журналистикасының қамтитын тақырыбы мол. Дегенмен әлі де байыптай түсетін тұстарымыз бар. Мәселен, журналистика табалдырығын жаңа аттаған жас маманнан бастап көп журналист әлеуметтік мәселеге жиі барады. Ізденіс жұмысын да осы бағыттан табады. Яғни, бұдан не аңғаруға болады. Бізге бұл саланың жақын екендігі, оң жамбасқа дәл келетіні. Тетар жайлы толғанып, мәдениетті айтып мұңаямыз, емдеу мәселесін епке келтіріп, басқасын да бағалай аламыз. Былай қарағанда, бұл жағынан тартып отырған кемшілік жоқ сияқты. Бірақ дамыған елдердің журналистикасымен салыстырғанда, біздің олқы түсіп жатқан бір тұсымыз бар. Ол – экономика тақырыбына бару. Осы экономикалық жағынан алғанда біздің өзгелерден көш ілгері ұзап кетпегеніміз айқын. Тіпті, Қазақстанның орыс тілді журналистикасымен салыстырар болсақ, бізде экономика тақырыбын түбегейлі қаузап жүрген қазақ тілді журналист аз. Есесіне, жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік мәселені аттай қалап алғандар көп. Міне, біздің осы күні толғанатын тұсымыз. Бұл мәселе Ұлытау  өңіріне де тән. Аймақтағы қазақ тілді басылымдар арасында тек облыстық «Ұлытау өңірі» газетінде аталған мәселе бір ізге келтіріліп келеді.

Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың айтуынша, экономика – журналистика саласындағы ең күрделі бағыт болып табылады. Экономика тақырыбын айқындау жоғары кәсібилікті талап етеді. Бұл бағытта жазатын журналистерді, еш жерде дайындамайды, олар өз бейімділігімен шығады.

Шынтуайтына келгенде, қазақ журналистерінің зеректігіне, алғырлығына күмән жоқ. Кез келген тақырыпты жаңғақша шағады, қажет десеңіз қойдың он екі мүшесіндей алдыңа қояды. Бұл жерде біздің аталған тақырыптан хабарымыз шамалы, сондықтан толғанып жатуға жағдайымыз жоқ. Әйтпесе кез келген экономикалық оқиғаға байланысты қазақы оралымдар мен ұтымды сөз тіркестерін пайдалануға болады. Қазақтың сатиригі Қалтай Мұхамеджановтың өзі К.Маркстің «Капиталын» томдарына қарай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бай байға, сай сайға құяды» деген сынды ұйқастарымен шебер-ақ бейнелеп, бөліп айтып кеткен еді.

Осы ретте аймақ журналистикасында, оның ішінде экономика тақырыбында көсіле толғап жазып жату да артықтау. Заман талабы сол. Уақыт зымырап өтіп жатыр, жедел ақпарат, шағын шолулар қажет. Осыдан бастасақ, әрі қарай жетіле түскен маман тақырыпты табиғатына қарай бейімдеп те алады. Осыдан кейін қазақ тілді журналистер экономикаға келгенде ойсырайды деген пікірдің күлі көкке ұшары хақ.

Бұл ретте, біршама уақыттан «Ұлытау өңірі» газетінде шыққан, экономикалық мәселеге арналған жарияланымдарды атауға болады. Осы тақырыппен шұғылданатын маман-журналист дайындау туралы ой-пікірлер де осы редакция тәжірибесінен алынып отырғаны белгілі. Басылым тарихында экономика тақырыбына қалам тербеген жуналистер көп болғаны анық. Алайда дипломдық жұмысқа әлемдегі нарықтық қатынастардың ерекше шиеленісе түскен шағы және қазақстан дербес ел ретінде сол нарыққа араласа бастаған кез – тәуелсіздіктен бергі жылдарды мысал ретінде алып отырмыз.

Бүгінде «Ұлытау өңірі» газетінде айына бірнеше мәрте жарық көретін «Ұлттық экономика» атты арнайы беті бар. Бұдан бөлек басылымның әр санында «Экономика» айдарымен тұрақты түрде материалдар жарық көріп тұрады. Тек ақпараттық емес, зерттеу, сараптамалық материалдардың да көптеп шығатынын атап өткен жөн.

Бұл басылымда экономика тақырыбын көсіле шолушы, бүгінде редактор Елтынды Дүйсенбаев жазады. Оның айтуынша, талай жылғы қиындық туғызған ізденістердің нәтижесі байқала бастаған. Газет беттерінде қаржы нарығына, өнеркәсіп тынысына байланысты хабарлар дайындағанда, бұған дейін бір жерден оқып білген, ойға түйген детальдарды пайдаланудың сәті түседі. Экономика тақырыбын біршама меңгерген аудандық басылым редакторы осы жағынан республикалық деңгейдегі тілші-әріптестерінен әрі асып түсуі мүмкін.

Қазір баға саясатының күйіп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан журналистер өкілетті мекеме қызметкерлеріне жиі хабарласады. Ондағылар ақпарат құралдарынан сескеніп, мәлімет беруден бас тартып жатады. Қалай болсын мәселені ашуға ұмтылған тілші базарға барып, нақты жаңғдайды содан анықтап, көпшілікке бәрібір ұсынады. Мысалға, 2009 жылдың 20-шы қазанындағы «Теңгенің құны төмендей ме?», 2005 жылдың 15 сәуір күні жарияланған «Ипотека дегеніміз», 2013 жылдың 1 шілдесіндегі «Ел экономикасы үшін маңызды қадам», 2010 жылдың 18 маусымында«Несиенің берер несібесі» атты мақалаларды келтіруге болады. Дипломдық жұмысты жазу барысында басылымның ел егемендігін алған кезден бергі тіршілігі сараланғаны белгілі. Соның дәлелі ретінде экономика тақырыбы бойынша әр жылдары жарық көрген материалдарды негізге алдық. Осыдан мынадай қорытындыға келуге болады. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында экономика тақырыбының өзектілігі, оны халық арасында дұрыс насихаттау, ақпараттандырудың маңызы арта түсті. Әсіресе, 1997-1998 жж, 2008 жылдардағы дағдарыс кезінде халықты сабырлыққа шақырып, ел экономикасының әлі де еңсесін тіктей түсетінін түсіндірудің ауадай қажет болғаны анық. Ол тұстарда «Ұлытау өңірі» газетінің негізгі күші отандық нарықты, экономиканы тұрақтандыру бағытындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ел Үкіметінің қолға алып жатқан кешенді шараларын халық арасында түсіндіруге бағытталды. Сол жылдары «Өркендеудің ең басты көрсеткіштері» (22 қыркүйек, 1997 жыл), «Ел экономикасының алдындағы міндеттер» (5 мамыр, 1998 жыл), «Өнімдеріміз осал емес, озық болғай» (9 қазан, 1997 жыл), «Дағдарыстан дамуға бастар жол»(8 шілде, 2008 жыл), «Дағдарыстан шығу кілті» (6 мамыр, 2008 жыл), «Әлемдік дағдарыс – экономиканың уақытша тежелуі» (26 қараша, 2008 жыл), «Қазақстанның қаржы нарығы немесе алаңдауға негіз бар ма?» (7 желтоқсан, 2008 жыл) атты басқа да көптеген материалдарды атап өтуге болады. Ең бастысы, бұл ақпараттық ғана емес, зерттеу, талдау, сараптау материалдары. Әлемдік тәжірибе, дүние жүзіндегі қалыптасқан жағдай, Қазақстанның дағдарыстан шығу бағытындағы ұтымды шаралары көрініс тапқан.

Жалпы, экономика тақырыбы еш уақытта «Ұлытау өңірі» газеті бетінен түскен емес. Газет тілшісі, редакторыЕлтынды Дүйсенбаев осы тақырыпқа жиі қалам тербейді. Газеттің № 39 санында «Экономика ілгерілемей, ел еңсесі түзелмейді» атты мақаласы жарық көрген.

Бүгінде «Ұлытау өңірі» газетінде де республикадағы бұқаралық ақпарат құралдары сияқты еліміздің индустрияландыру саясатына қатысты материалдар үлкен орын алады. Шетелмен байланыс, еуразиялық интеграция аясындағы экономикалық қатынастарға ерекше мән берілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынға Жолдауында отандық бизнесті дамыту бағытындағы тапсырмаларының орындалуы, осы саладағы мәселелер, аймақ экономикасының ерекшеліктері кеңінен көрініс табуда.

«Билік пен бұқара». Бұл «Ұлытау өңірі» газетіндегі саяси топтама материалдары жарық көретін арнайы бет. Елдегі, аймақтағы саяси оқиғалар, әлемдегі шиеленістер мен өзгерістердің барлығы аталған бетте қарық кқріп отырады. Басылымның күнделікті сандарында да «Саясат» айдарының орны ерекше.

Кез келген бұқаралық ақпарат құралының саяси тұрғыдағы орны мен мән-маңызы аса зор екенін екінің бірі білмесе керек. Сондықтан да қоғамдық саяси ахуалды қалыптастыруда, жұртшылықтың саяси сауаттылығын арттыруда, саяси өзгерістерді ашық әрі ашып көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдары үлкен әрі шешуші рөл атқарады.

Өкінішке қарай, аймақтық мерзімді басылымдардың кейбірінің саяси сауаттылықты, саяси таным-түсінікті, ой-пайымды, саналы көзқарас пен тиімді бағытты қалыптастырудағы ролі әлсіз түсіп жатады. Тек ара-тұра ел ішіндегі аса маңызды саяси науқандар кезінде ғана шартты қимыл-қозғалыс жасап, артынша бәсеңсіп қала береді. Саясат – аймақтық ақпарат құралдары үшін жабық тақырып секілді әсер ұялатады.

Қай кезде болмасын аса маңызды саяси науқанның бірі – сайлау. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралының әрқайсысы, соның ішінде мерзімді баспасөздің әрбірі тек қана электоратқа – сайлаушыларға әсер етудің маңызды құралы емес, сондай-ақ дәл сол электораттың қалыптасуына таптырмас ықпал етуші тетік болып табылады.

 Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары сайлау науқандары кезінде тұрғындардың саналы іс-әрекетіне, саяси белсенділігіне ерекше ықпалдық жасай алатынын уақыт өткен сайын тереңнен зерделеп, іс жүзінде ұғынып-ақ келеміз. Бірақ оны пайдаланудың ұтымды тетіктері мен жолдары әлі дұрыс екшелмей отырғанын да жасыра алмаймыз. Бұл ретте жергілікті билік ақпарат құралдарын саяси бағытта қалай қолданудың оң-солына айтарлықтай маңыз бермейтін сияқты.Шыны керек, атқарушы билік аймақтық мерзімді басылымдарды сайлау сынды саяси маңызды науқанға лайықты түрде пайдаланбайды. Мұның өзі биліктің электоратқа тек түрлі әлеуметтік-кәсіби топтарға бөлінген және белгілі бір аумаққа шоғырландырылған «тұрғындар» деп қарайтынын аңғартады. «Тұрғындар» билік органдарының ықпал ету нысаны ретінде роль атқарып, олармен «әріптес» болу мүмкіндігінен алшақтайды, яғни өзіндік ырқы, таңдау-талғамы, саяси ұстанымы жоқ субьектіге айналып шыға келеді. Ең қызығы, «тұрғындар» саналатын сол электорат белгілі бір қажеттіліктерге, сұраныстарға ие, былайша айтқанда, биліктің алақанына қарағандықтан тәуелді. Билік мүмкіндігінше сол сұраныстар мен қажеттіліктерді қанағаттандыруға тырысады. Бірақ технократиялық тәжірибеде сұраныстар мен қажеттіліктерді, яғни «тұрғындардың» қалауын толықтай қанағаттандырмау керек деген түсінік те қалыптасып, санаға сыналай еніп кеткен. Қажеттіліктерді қанағаттандырудың деңгейі қаншалықты болатынын билік электораттың көңіл-күй ауанына, саяси сананың ахуалы мен ыңғайына, беталысына қарай отырып айқындайды-мыс.  Ал бұқаралық ақпарат құралдары болса, биліктің мұндай қадамдарын өздігінше өрістетіп, дамытады, насихаттайды. Бірақ олардың электораттың саяси санасына әсер етер бағыттары тым таязданып тұрады.

Түптеп келгенде, билік саяси науқандар барысында БАҚ-ты өз мүмкіндігінше пайдаланып, электоратқа қалауынша ықпал етуге тырысады. Мұның өзі электораттың БАҚ-тарға деген қыңыр ұстанымын қалыптастыруға түрткі болатыны даусыз. Мұндай көрініс аймақтық ақпарат құралдарында жиі кездесетіні аңғарылып жүр. Саяси мәселелер бойынша БАҚ «билік пен тұрғындар» арасындағы алтын көпір, дәнекер болу ролін лайықты көрсете қызмет ете алмауда.  Бұл тақырып алдағы уақытта кең тұрғыда егжей-тегжейлі зерттеліп, игерілуі, талдануы, тиісті тұжырымдар жасалуы тиіс деп ойлаймын. 

Қазіргі заманғы саяси іс-қимылдарда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мейлінше артып, үлкен маңызға ие болып отыр дедік. Алайда аймақтық басылымдардың бұл бағыттағы қызметтері әлі пәс болып жатыр. Рас, кейде аймақтық баспасөз беттерінде бірталай ілгері дерлік саяси-сараптамалық, ақпараттық-жаңалықтық материалдар көрініс беріп жүр. Бірақ олардың тұрғындардың саяси сауаттылығының артуына тигізер ықпалы өте аз. Ал жалпыға ортақ ұғымда «бұқаралық ақпарат құралдарындағы саясат тақырыбы тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие нақты тетіктерді дөп басып отыруы керек» делінеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға