Жаңалықтар

«Тобылдың» Еревандағы сәтсіздігі

«Пюник» 2-раундты бағындырған алғашқы армяндық клуб
«Тобылдың» Еревандағы сәтсіздігі
01.08.2018 16:49 3063

«Пюник» (Ереван, Армения) – «Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) – 1:0 (0:0)

Гол салған: Конате, 82

«Пюник»: Драгоевич, Дмитриев, Жестоков, Кадио, Григорян, Трусевич, Овсепян (Аракелян, 46), Айрапетян, Войнов (Конате, 46), Аветисян, Корян (Богатырев, 76).

«Тобыл»: Непогодов, Мирошниченко, Кассай, Жулпа, Дмитренко (Дарабаев, 89), Быстров (Лескано, 80), Канкава, Квеквескири, Федин (Тұрысбек, 90+2), Нұрғалиев, Нөсербаев.

«Тобылдың» осындай шарасыз күйін биылғы маусымда бірінші рет көруіміз. Қостанайлық команда Армения футболының тарихында алтын әріппен жазылмақ. Себебі, «Пюник»  екінші раундты артқа тастаған алғашқы армян клубы. Оны тоқтату қазақстандық команданың қолынан келген жоқ. Бұл жолы «Тобыл» алғашқы раундтағы кездесуден де нашар өнер көрсетті. Өз мүмкіндіктерінен әлдеқайда төмен ойнаған футболшыларды логикалық тұрғыдан еш түсіне алмадық. Екі күн бұрын Алматыда өткен матчта Владимир Никитенко негізгі құрамдағы ойыншыларын сақтап, қосалқы құрамды алаңға жіберген еді. Бар ойы аяқдопшыларын Еревандағы маңызды ойынға сақтау. Дәл солай болды. Негізгі құрам еш өзгеріссіз кездесуге қатысты. Тіпті, өткір шабуыл өтіне тәжірибелі Таңат Нөсербаев та жіберілді.  Ойынға араласа сала, оған қарсы тәртіп бұзылды. Кадио Таңатты шалып жыққан, ал сол нүктеден ойынға қосылған Квеквескиридің добы армяндықтардан бұрыштамаға кетті. Одан кейін Канкаваның орта дистанциядан жасаған соққысын алаң иелері қақпаға жібермей, корнерге шығарған. Бұл жолғы корнерден де ештеңе шыға қоймады. Бірінші кездесуде «Пюник» шабуыл шебінде мардымсыз ойнағанын білеміз. Тек Корянның жоқ жерден гол соғып кеткені ғана олардың бүгінгі басты қаруы болып отыр. Сол Қостанайдағы голдың авторы Руслан бұл ойында алғашқы минуттан алаңға кірді. Сондай-ақ, Айрапетян мен Овсепян екінші шептегі шабуыл өрбітуші рөлін атқарса, Войнов пен Аветисянға екі қапталды «ұстап» тұру міндеті жүктелді. Ал қорғаныс шебінің құрамы еш өзгеріссіз қалған.  Бұл кездесуде «Пюник» «Тобылға» қарағанда жақсырақ ойнады деуге аузымыз бармайды. Тек қостанайлық футболшылар алаңда тым баяу қозғалды. Оған алаң әсер етті ме, белгісіз. Бір анығы, оларға Қостанайдағы жылдамдық жетіспеді. Қорғаныстан шабуылға да еш асықпай шығып, пас берерде де, мың толғанып жүріп алды. Соның кесірінен, Нұрғалиев сары қағазбен жазаланды. Ол тезірек пас берудің орнына дриблинг жасаймын деп, доптан айырылып, қарсыласын ережеге қарсы әдіспен тоқтатпақ болған еді.

«Пюник» те көз сүрінер шабуылдар ұйымдастырып, «тобылдықтарды» шаршата да қоймады. 45 минуттықта Овсепянның дәлдік жетіспеген соққысын, Кадионың Непогодовтың қолына берген добын ғана айтуға болады. Сол сияқты алғашқы таймда ерекше белсенділігімен көзге түскен Айрапетянның өз қапталынан қақпа алдына дейін жетіп, жұмсаған соққысы бар. Бірақ, оның да добы қақпадан қиыс ұшты. Сонымен, бірінші кезең өз мәресіне жеткен. «Тобыл» допты көп иеленгенімен, оларынан түк шыққан жоқ. Қарымта шабуыл жайлы мүлде ұмытуға болады. Қостанайдағы жинақы ойын жайында қалған. Дұрыс пас жеткізуде де шикіліктер жетіп артылады. Никитенко өз шәкірттеріне қандай тәсілмен ойнауды тапсырғанын да ұғыну қиын. Тек өз жарты алаңдарынан шықпай, бір-біріне пас беріп, алғашқы ойын бөлігінде таблодағы 0: 0 есебін ұстап қалды. Одан келетін пайда мен қауіптің қаншалықты екенін білсе де, ойыншылардың алға ұмтылмауының сырын түсіндіре алмаймыз. «Пюник» тартынып ойнайтын «Реал» емес қой?!

Екінші таймның 3-минутында армяндықтар корнерге мүмкіндік алып, сол жақтан Дмитриев айып сызығына дәл жеткізді, Корянның бағыттаған спорттық снаряды қақпа бағанын жанай өтті. Мұны алаң иелерінің арнайы дайындаған үй тапсырмасы деуге болады. «Тобыл» қарсыластың соққы жұмсауына еш кедергі келтіре алмады. Содан кейін, сол Руслан Корян командасына екі айып добын алып берді. Алғашқысын өзі орындап, маңдайшадан биік жіберсе, келесісін Аветисян өз мойнына алған. Ол бұл ойындағы ең қауіпті соққылардың бірін жұмсады. Сол жақтағы тоғыздыққа кетіп бара жатқан допты дер кезінде Непогодов тоқтатпағанда, жағдай тым ушығып кетер еді. Бірақ, өз қақпасына гол жіберген қостанайлық ойыншылар ертерек «оянып» есепті теңестіруге барын салар ма еді, кім білсін? Жарты сағаттан соң ғана «тобылдықтар» ес жинап, шабуылдауға шықты. Айып алаңының сыртынан бағытталған Квеквескиридің соққысына тосқауыл қойылды. Сәл кейінірек, Федин қиыс соққымен көзге түсті. Бұл уақытта «Пюник» қарқынды шабуылдауға көшкен. Әрине, қауіпті дейтіндей ештеңе бола қоймады. Бірақ, белсенділіктің бір марапаты болары сөзсіз. 30 метр қашықтықтан Айрапетян Непогодов қақпасын көздемекке бел буған. Нәтижесіз. Ал Аветисян айып добын әперем деп жүріп, төрешінің сары қағазымен жазаланды.  

Корян бұл ойында да жақсы қырынан танылды. Квеквескири Айрапетянды ойын ережесіне сай келмейтін тәсілмен тоқтатып, қарсыластың «стандарт» орындауына жағдай жасап берді. Әлгі Корян көзге түсуге шақ қалды. Непогодов сәтті секіріп, допты корнерге шығарып жіберді. Бұл уақытта ойынның 70-минуттары өтіп жатқан. Қарымта шабуылға жүгірген «Тобылдың» кезекті ұмтылысы нәтижесіз қалды. Нұрғалиев Мирошниченконы іске қосты, өз кезегінде Дмитрий допты Фединге жеткізбек болған. Бірақ, Максимнен гөрі Нөсербаевтың шабуылды түйіндеуге мүмкіндігі бар еді. «Пюник» бапкері Талалаев әбден қалжыраған Корянның орнына Богатыровты жіберді. Ал «Тобылдың» сапында жарақат алып қалған Быстровты Лескано алмастырды. Сол қапталдағы қорғаушы рөлі Фединге сеніп тапсырылды. Алаң иелері шабуылды үдете түсті. Нөсербаев Трусевичті шалып жыққан, сол орыннан «стандарт» орындалып, «Тобыл» тосқауылынан кері серпілді. Екінші деммен шабуылға көшкен Дмитриев алаң жиегінен доп көтеріп, Богатыровты тапты. Ол Жестоковқа пас берді. Соңғысы қақпа алдында жайғасқан Конатені доппен жарылқады. Ивуарлық легионер Нопогодты қапы қалдырды. Есеп 1:0! Осыдан кейін, алаң иелері, допты көбірек бақылап, есепті сақтап қалуға барын салды. Ол кезде ойынның 82-минуты өтіп жатқан. «Тобыл» футболшылары уақыттың тым аз екенін ескеріп, шабуылдауға көшті (Никитенко шәкірттері осыны неге ертерек ойламады екен?).

Қарсыластың айып алаңына дейін келген қорғаушы Жулпаның соққысы финишке жетпесе, Нұрғалиевтікі қақпа маңдайшасынан биігірек ұшты. Никитенко ойынды құтқару үшін қорғаушы Дмитриенконың орнына Дарабаевты қосты. Бапкер шабуыл шебін ертерек күшейткенде дұрыс болар ма еді? Бір жағынан, 80-минутқа дейінгі 0:0 есебі қостанайлықтардың алаңдауына себеп тудырмады. Айтпақшы, армениялық команданың бас бапкер көмекшісі голды тойлау барысында «Тобылдың» жаттықтырушылары мен қосалқы ойыншылар отырған тұсқа қарай, әдепсіз қылық көрсетіп ұятқа қалды.

Тағы бір жауапсыз қалған сауал: өз қақпасына гол жіберіп алған соң, Никитенко неге Дарабаев пен Тұрысбекті бірден алаңға жібермеді? 1:0 есебі келесі кезеңге «Пюникті» алып шығатынын бапкер жақсы білді. Ал қарымта гол салу үшін тыңнан қосылған футболшылардың көмегі ауадай қажет болды. Ойынның 88-минутында Аветисян қызыл қағаз алып алаңнан қуылғаны да қостанайлық командаға көмекке келмеді. Ойын соңындағы статистикада «Тобылдың» бірде бір рет қақпаға тура соққы жұмсамағанын көруге болады.

«Тобыл» бұл маусымдағы еурокубок ойындарына «Ордабысының» салғырттығынан қатысып жатқаны мәлім. Алғашқы раундта грузиндік команданы еш қиындықсыз жеңген қостанайлықтарды «Пюник» тоқтатады деп кім ойлаған? Өз алаңында соншалық басымдыққа ие бола тұра, қарымта матчта «автобус» қойып өтіп кетем деудің зардабын анық тартып отыр, олар... Сөзсіз, Владимир Никитенко мен футболшыларға сын айтылады. Қолда тұрған үшінші раундтың жолдамасы осылайша көзден бұлбұл ұшты. Ендігі, «Тобыл» үшін басты мақсат  – ҚПЛ-да қола жүлдеге қол жеткізу. Бұл команданың есімі Армения футболында ұзақ сақталатын болмақ. Олар Еуропа лигасында «Пюник» тарихын жазуға көмектесті.

Фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға