Жаңалықтар

«Ойдене» – жауынгерлік жекпе-жектің ұлттық үлгісі

Ойдене мектебінің негізін қалаушы Серік Рысбайдың сұхбаты
«Ойдене» – жауынгерлік жекпе-жектің ұлттық үлгісі
23.02.2017 16:05 8862

Ұлттық спорт – ұрпақ рухын шыңдайтын құрал, дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі. Отан үшін отқа түсер ұрпақ тәрбиелеу үшін оны жандандыру қажет. Ұлт мүддесін өтейтін ұлы істі егеменді ел болған соң қолға алу мүмкіндігі туды. Қазақ күресі мен көкпар ойындарының халықаралық деңгейде мойындала бастағаны – соның айғағы. Дегенмен де спорт ұғымның аясы кең, сондықтанда оны әркез жетілдіріп, өмір қажеттілігіне қарай икемдеу керек. Бүгінгі таңда өзіндік ерекшелігі бар, заманна сұранысына орай туындаған «ойдене» жекпе-жек өнері жетіліп келеді. Осыған орай, мектептің негізін қалаушы шығыс жекпе-жек өнерінің шебері, белгілі бапкер Серік Рысбаймен сұхбаттасқан болатынбыз.

Серік Қуанышұлы «Ойдене» деген сөз нені білдіреді? 

– Ойдене – «ой» және «дене» деген қарапайым сөздерден жасалған мәні терең ұғым. Яғни, «шыныққан шымыр денеңді ақылмен басқар» деген мағынаны білдіреді.

Ойдене мектебінің мақсаты қандай?

– Ойдене мектебінің бірінші қағидасы  – қорғана білу.  Өйткені кездейсоқ шабуылдан ешкім де сақтандырылмаған. Әсіресе көшеде тасадан тап беріп тонау, пышақ кезену, қарулы шабуыл, күнде кездесетін жағдай емес пе? Тіпті себепсіз жағадан алатын есуастар да табылады ғой. Міне осындай сәттерде бойыңды үрейге алдырмау маңызды. Екінші, қолыңа түскен затпен қорғана білу қажет. Мейлі ол таяқ немесе пышақ болсын. Бірақ бұл арнайы дайындықты талап етеді.

Аяқасты төбелесте жеңімпаз болу оңай емес. Мұндайда өзіне сенімді адам ғана қарсыласын тізе бүктіре алады. Әрине сенімділік екінің бірінде болатын қасиет емес. Ол тек соққанды сұлататын, ұстағанды лақтыратын шыныққан жанда болады. Міне, ойдене мектебінің мақсаты – кез-келген адамның бойында өжет мінез бен шынайы жекпе-жекте пайдалы ұрыстық әдістерді қалыптастыру.

Қазіргі таңда жекпе-жек спортының түрлері өте көп. Ойдененің олардан айырмашылығы бар ма?

– Әрине, жекпе-жектің спорттық үлгілері жетерлік. Бірақ олар (бокс, киг-боксинг, греплинг, таэкван-до, каратэ, ушу және күрес түрлері т.б.) төбелеске үйретпейді. Сондықтан да көшеде тиімді пайдалану қиынға түсіп жатады. Атын атап, түрін түстеу ағаттық болар, десе де бұзақылардан таяқ жеген Олимпиада чемпиондары аз емес қой.

Себебі спорттық жекпе-жектің мақсаты – адамды жарысқа дайындау. Яғни ұпаймен ұтуға үйретеді. Әрине, спортшының арсеналында сұлата салатын жойқын соққылары болатынын жоққа шығармаймыз. Бірақ көше төбелесінде сол әдісті қолдану үшін жоғарыда айтқандай психологиялық тұрғыда әзірлік керек. Біздің басты айырмашылығымыз – шынайы өмірде кездесетін қауіп-қатерге қарсы тұруға үйретуде. Қарсылас жалаң қол немесе қарумен болсын, бәрібір.

–  Шынымен де көше төбелесі өте қауіпті. Ту сыртыңнан пышақ сұғып, ата салуы ғажап емес. Менің түсінуімше, ойденемен айналысқан шәкірттер кездейсоқ кикілжіңде жасқанып тұрмайды. Демек, сіздерде дайындықтың арнайы методикасы болғаны ғой?

–  Ойдене жарысын алғаш көргенде таңғалатындар көп. Себебі көше төбелесіне ұқсайды. Бокстың, күрестің, жалпы шығыс жекпе-жектерінің әдіс-тәсілдері толық қолданылады. Біреулер ММА (ережесіз жекпе-жек) немесе самбоға ұқсатуы мүмкін. Жоқ! Біз ешкімге еліктемейміз. Өзгеге ұқсамайтын ерекшеліктеріміз бар. Оған кейінірек тоқталармын. Алдымен жарыс жайында айтып алайын.

Шаршы алаңда өмірде кездесетін жағдайларды пысықтаймыз. Жекпе-жек уақытының шектеулі болуының себебі де – осында. Балаларға 60 секунд, ересектерге 2,5 минут беріледі. 

Мұны біз ойдан шығарған жоқпыз, себебін айтайын. Таспаға түскен төбелестерді көрсеңіз, ұзаққа созылмайды. Демек бойдағы күш-жігеріңді орта есеппен 1,5 минуттың арасында көрсете алмасаң, кемінде таяқ жейсің. Жазым болуың да ғажап емес. Өкінішке орай, бұған мысал табу қиындық тудырмайды.

Байқасаңыз спортшылар бет-ауызын толық жабатын маска, қол-аяқтарына қорғаныш құралдарын киіп шығады. Жарыста жарақат алумауға тырысамыз. Баланың беті қайтып қалуы мүмкін. Әрі аузы-мұрынын қан жалату спорттық этикаға жатпайды. Жарыс болғандықтан, адамгершілік шеңберінен аспаймыз. Қан-жоса болып төбелесудің оң әсері де, кері әсері де бар. Ол қайсарлық пен қатыгездік сияқты қасиеттер қатар қалыптасуында.

2016 жылдың соңында, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Республика біріншілігін өткіздік. Өзге жекпе-жек мектептерінің өкілдері де қатысты. Екі жүзге жуық спортшы күш сынасқан дода өте тартысты өтті. Жас та болса шәкірттеріміз небір әдістерді, жойқын соққыларды көрсетті. Соған қарамастан ауыр жарқат болған жоқ. Мұны мен үлкен жетістік деп есептеймін. Ең бастысы мектебіміздің жаттығу методикасы өз тиімділігін көрсетті. Шәкірттеріміздің көпшілігі жеңімпаз атанды.

Қазіргі таңда ойденемен айналысатын шәкірттер саны қанша?

–  Ойдене мектебі Астана, Алматы, Орал, Көкшетау және Талдықорған қалаларында ашылған. Шынығып жүрген шәкірттердің жалпы саны 500-дің шамасында. Әрине бокс, дзюдо, каратэ мектептерімен салыстырғанда аздау. Қазіргі уақытта бізге сан емес, сапа маңызды.

Сапа демекші, шығыс жекпе-жек өнерінің қайсысын алсаң да, адамның физикалық дайындығынан бұрын, рухани тәрбиесін бірінші кезекке қояды. Өзіндік бір философиялық қағидалары барын білеміз. Ал сіздер, жастардың ішкі жан дүниесіне көңіл бөлесіздер ме? Жоғарыда айтылған психологиялық әзірлік рухани тәрбиеге байланысты ғой. 

– Міндетті түрде! Бізге негізінен буыны қатпаған, сана-сезімі қалыптасып үлгермеген бүлдіршіндер көп келіп жатыр. Оларға бүгін қандай тәрбие берсек, ертеңіміз сондай болмай ма? «Санға емес, сапаға мән беру керек» дегенім осы ғой. Сапа өлшемі – санада. Яғни жастардың өресінің кеңдігі парасаттылығымен өлшенеді. Ал оны кемел биігіне көтеру тәлім беретін бапкерлердің біліктілігіне, өмірлік көзқарасына, таным-түсінігіне тікелей байланысты. Жас баланы төбелесуге үйрету қиын емес. Кез келген ұл табиғатынан ұрысқа бейім болады. Өзіміздің қара домалақтарымызда Құдай берген қара күш жетеді. Ең бастысы көңіл көкжиегін кеңейтіп, бұрылысы көп өмір жолында адаспайтындай тәлім беру – ұстаздық еңбектің ұлы міндеті. Мұны жүзеге асырғанда спорттың философиялық қағидалары мен идеологиялық бағыты айқын болуы шарт.

Мысалға, сіз шығыс жекпе-жектерін айттыңыз. Қайсысының болмасын, тарихы тереңнен бастау алады. Бұл – белгілі бір спорт түрінің өміршеңдігінің айғағы. Жауынгерлік өнердің көне түрі біздің заманымызда да кеңінен танылып, кемелдену үстінде. Алысқа бармайық, жапондардың каратэсіне жан-тәнімен берілген қаншама қаракөздеріміз бар. Оның обьективті және субьективті себебі бар. Біріншіден, эстетикалық тұрғыда тартымдылығы адамды қызықтырады. Ката көрсету, тақтайшаларды сындыру, баспен мұзды қақ жару сияқты көрерменді таңдандыратын қойылымдар арқылы көптің ынтасын оятады. Ал шәкірт тәрбиелеу методикасындағы философиялық ұғымдардың тереңдігі айналыса бастаған адамды байлап алады деуге болады. Сэнсэйлері (жаттықтырушы) оны жолдан тайдырмаудың амалын жасайды. Бұл арада бизнестің де мүддесін жоққа шығаруға болмайды.

Каратэ бапкерлері шәкірттерін физикалық тұрғыда шыңдауды бірінші кезекке қоймайды. Адамның ішкі дүниесін қатар жетілдіруді басты назарда ұстайды. «Қорғану» – олардың да ұстанатын басты қағидасы және оның аясы кеңінен қамтылған. Жаңағы каратэде (олардың бірнеше түрі бар) қайғыдан қорғанудың маңыздылығы ерекше айтылған. Себебі, сары уайымға салынсаң, айықпас жүйке ауруына шалдығуың мүмкін. Зақымдалған нерв жасушаларының қалпына келмейтіндігін медицина ғылымы да дәлелдеген. Қазіргі қоғамда қиындыққа шыдамай араққа салынып кеткендер қаншама? Тепсе темір үзетін жігіттердің көшеде қайыр сұрап жүргенін көрген боларсыз. Бұл қайғыға қарсы тұратын намыс, сабыр, шыдам деген рухани иммунитеттің жоқтығынан. Қайсар жандар қандай қиындыққа кезіксе де күреспен жеңеді. Каратэ мектебі шәкірттеріне оның жолдарын көрсетіп, жігерін шыңдайды. Сары уайымға салынбай әрекет етудің дұрыстығын санасына сіңіреді.

Жалпы жастарды жөн-жосықсыз кетпеуге тәрбиелейді. Бұл – құптарлық жайт. Бірақ олардың тәрбиелеу әдістемесі  Шығыс Азия халықтарының діни-философиялық (даосизм, конфуцишылдық, буддизм) ілімдерімен байланысы. Демек у-шу, каратэ, тэквандо, вьетводао сияқты жекпе-жек түрлерімен айналыссаңыз қытайдың, жапонның не кәрістің мәдениетін еріксіз меңгересіз. Біртіндеп ұлттық дәстүріне мойынсұнуға тура келеді.

Қарапайым мысал. Бізге байқалмағанымен, кәріс және жапон сөздері cпорттық терминге айналып (кимано, татами, шингери т.б) қолданысымызға еніп барады. Ұлттық спорттың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын Шығыс елдері ерте ұғынған. Сондықтан да салт-дәстүр мен мәдениетіндегі таным-түсініктерін ұштастыра дамытып жатыр. 

Осыны бізге неге қолға алмасқа? Ұлттық салт-санамызда батырлық пен қайсарлыққа, даналық пен ізеттілікке, жалпы адамгершілікке тәрбиелейтін философиялық ұғымдар ұшан-теңіз емес пе? Әрі ықылым замандардан үзілмей келе жатқан ата-бабамыздың ерлік дәстүрі бар. Оны жалғастыру – қауіпсіздігімізді нығайту деген сөз.

Қазақ ауыз әдебиетін ашып қалсаңыз, жауынгерлік тәрбиенің әліппесі іспетті. Тақым қысар жасқа жеткен балаға елдің қорғаны екенін ұқтырған. Ерте есейіп, ержетуіне жігер берген. Оны жыр-дастандар арқылы, мақал-мәтелдермен де жеткізген. «Бала болсаң, болғандай бол, ағайынға қорғандай бол». Мұны тар мағынада емес, кең мағынасында пайымдаған халқымыз, әр ұланға азамат болып өсу – парызың, еліңе қорған болуды ойлап өс, жетіл, кемелден дегені. Айта берсе мысал көп.

Шығыс жекпе-жегімен шұғылданғандар күші тасып тұрса да, төбелестен, жалпы қылмыс әлемінен аулақ жүреді дедік қой. Ол бекер емес. Идеологиялық тұрғыда сауатты жүргізілген жұмыстың нәтижесі. «Тәрбиесіз берген білім -  адамзаттың қас жауы» демекші, тек физикалық тұрғыда шыңдалған шәкірт өзіне де, өзгеге де қауіп төндіреді. Ондайларды халқымыз есерсоқ деген. Ерліктің көзсіздікпен де, ессіздікпен де шектесетінін ол дөп басып айтады. «Батыр аңғал, балуан аптық». Аңқау, ашық ауыз болсаң өкінесің. Алапат көзсіздік өзіне ақылдылықтықты, естілікті, сақтылықты серік етсе, құба-құп. Халық осыны да ескертеді. «Батырды бәрекелді өлтіреді» деген де сөз бар. Еліктірген сайын еліре берме, опық жейсің. Көрдіңіз бе, ата-бабамыз жастар тәрбиесінің психологиясын жан-жақты білген. Бір мақалдың өзінде қаншама даналық жатыр. Міне, ойдене мектебінің идеологиясы мен тәрбие негізі халқымыздың ежелден келе жатқан ауыз әдебиетінің қазынасына негізделеді.

Ойденеге жекпе-жек өнерінің ұлттық үлгісі ретінде бұқаралық сипат беру үшін, өзіндік киім үлгісі және спорттық терминдері мен жарғысының  болуы шарт. Ол жағынан да жұмыс жүргізіліп жатыр. Ойдененің киім үлгісін «шапан» деп атадық. Өзгешелік атауында ғана емес, киімнің тігісі мен матасы ешкімдікіне ұқсамайды. Күресуге де, төбелесуге де ыңғайлы, қылыштассаң да болады.

Ал терминдер мәселесін біраз зерттеу қажет. Архаизмге айналған әскери ұғымдар мен сөздер өте көп. Бірақ олардың тілге орамды, мағынасы жуық түрлерін табу керек. Өзімше тарих кітаптарын ақтарып ізденіс үстінде жүрмін. Десе де, тарихшылар мен кәсіби филологтардың көмегіне жүгінбеске болмайды.

Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға