«Мәңгілік сарын» күй кеші
Күй – халқымыздың ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі.
23 сәуір күні Алматы қалалық Мәдениет және құжаттар басқармасының ұйымдастыруымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Мәңгілік сарын» атты күй кеші өтті. Ерекше серпін, сән-салтанатпен өткен күй кешіне белгілі дәулескер күйшілер Сержан Шәкіратов, Абдулхамит Райымбергенов, Әділбек Атығаев, Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбаев, Мұқаш Таңғытұлы, Талғат Мұқыш, Мұрат Әбуғазы, Нұркен Әшіров, Батыржан Мықтыбаев, Ерболат Мұстафаев, Сәуле Қаниева, Ардаби Мәулітұлы және «Сазген сазы» этнографиялық – фольклорлық ансамблі қатысты. Күй кешінде ел арасында сақталып, бүгінгі күнге жеткен барлық күй мектептеріне тән шығармалар ойналды. Сондай-ақ бүгінгі таңда ұмыт болып, қолданыстан шыға бастаған көнерген саз аспаптарда да халық күйлері орындалды.
Күйді қастерлейтін көрермен үшін ақысыз, тегін өткен күй кеші - жақында ғана барша әлеумет болып кеңінен қарсы алған, қаламызда 1 ай бойы бұрын-соңды болмаған кең көлемде аталған атаулы әз мерекеміз Наурызға арналған іс-шараларды қорытындылады.