Жаңалықтар

«Қобыланды батыр» жырын жатқа айт та, миллион ұт!

Биылғы байқаудың ерекшелігі неде? Тіркелуге үлгермегендерге қандай жаңалықтар бар?
«Қобыланды батыр» жырын жатқа айт та, миллион ұт!
03.05.2019 10:27 9701

Елімізде алғаш рет «Тұлпар мініп, ту алған»  байқауы республикалық деңгейде  өткізіледі. Байқау Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ұйымдастырылып отыр.

Биыл батырлар жырын жатқа айтуға қызығушылық танытқандар саны көп болған. Ұйымдастырушылар еліміздің түкпір-түкпірінен 52 мыңға жуық оқушының өтінішін қабылдаған. Әсіресе қатысуға ниет білдіргендірдің көш басында халқының саны басым Түркістан облысы тұр. Мұнда жырды жаттағандардың саны шамамен 7 мыңнан асады.

Қазір барлық аймақта өтініштерді беру уақыты аяқталды. Дегенмен  ұйымдастырушылар тіркелуге үлгермегендерге сый әзірлеп қойыпты. Яғни жергілікті білім басқармаларына уақытында тіркелмеу себептерін айтып, тіркеле алады. Осылайша жыр додасын өткізуді қолға алғандар балалардың меселі қайтпас үшін жақсы мүмкіндік беріп отыр.

Осы байқаудың ресми өкілі  Серік Сейітманның  айтуынша, бұған тек 6-10 сынып оқушылары ғана қатыса алады.

– Біз 5 және 11-сыныптардың оқушыларына қатысу міндетті емес деп шештік. Өйткені 5-сыныптың оқушылары жырды басынан аяғына дейін жаттауға әлі жас болады деп ұйғардық. Ал мектеп бітіруші 11-сыныптар ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып, қатысуға уақыттары болмайды.

Фотода: "Тұлпар мініп, ту алған" республикалық байқауының ресми өкілі –

Серік Сейітман

Байқау негізінен 3 турдан өтетінін тағы бір еске сала кетейік. Яғни аудандық, облыстық, республикалық кезеңдерден тұрады. Байқаудың алғашқы туры осы айдың 15-інде басталады.

Ал әдебиетке құштар оқушылар 132 беттен  5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа, мәнерлеп айтып шығуы керек. Сонымен қоса, оларға сол жырдың ішіндегі тарихи, көнерген, жер-су атауларының мән-мағынасын ашуға қатысты және  қазақ тілі мен әдебиетінен әзірленген сұрақтар қойылады.

 Байқау сұрақтарын Білім және ғылым министрлігіне қарасты Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мен  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институттарының ғалымдары бірлесе  дайындайды, - дейді ресми өкілі С.Сейітман.

Ал  әділ-қазылар мүшесін жергілікті атқарушы органдармен ҚР Білім және ғылым министрлігі бірлесе отырып, «Qazaq Epos» қоғамдық қоры жасақтайды.

Бір қызығы батырлар жырын жатқа айтудан сайысқа ауыз әдебиетімен сусындап өскен қазақтың қара домалақ ұл-қыздарынан бөлек 2000-ға жуық өзге ұлт өкілдерінің балалары да сынға түседі. Ал былтыр олардың саны 60 шақты болған екен. Тіпті, кейбірі ақтық сынға өтіп, жеңіске бір табан жақын қалыпты.

Ал «жеңімпаздарды қомақты қаржылай сый күтіп тұр» - дейді байқау ұйымдастырушысы.

– Алғашқы  аудандық кезеңде, I орын - 150 000 теңге, ІІ орын - 100 000 теңге, ІІІ орын - алған оқушыға 50 000 теңге ақшалай сый берілсе, ал облыстық кезеңде жеңімпаз атанған І орынға - 1 000 000 теңге, ІІ орынға - 600 000 теңге, ІІІ орынға - 300 000 теңге сыйақылармен марапатталады. Ал республикалық кезеңнің ақтық жүлдесін біз әзірше  жарияламай тұруды ұйғардық.

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының бас жүлдесін құпия ұстауды шешкен ұйымдастырушылар оқушыларға батырлар жырын айлап жаттатқызған мұғалімдердің еңбегін де ескерусіз қалдырмаған. Сондай-ақ, біліктілік санатын көтеру де ескерілген. Ұстаздардың жүлдесі жеңімпаз атанған шәкірттерінің жүлдесінен екі есе көп болмақ.

– Мысалы, бала миллион теңгеге ие болып жатса, оны дайындаған мұғалімге 2 миллион теңге тағайындалады. Алғашқы кезеңде жеңімпаз оқушылардың ұстаздарына ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы дипломдарымен марапатталады. Облыстық кезеңде І орын алған оқушының ұстазы кем дегенде 2 000 000 теңге, ІІ орын ең аз 1 200 000 теңге және ІІІ орын ең аз 600 000 теңге мөлшеріндегі сыйлар табыс етіледі.

Облыстық жыршылар сайысында тек жеңімпаз болған бір ғана оқушыға республикалық кезеңге жолдама беріледі. Аймақтардан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып келген 17 сайыскер елордада шілдеде ақтық жарыста бақ сынайды. Барша Қазақ елі көз тігетін ауқымды шараның шешуші додасының соңы үлкен мерекелік гала-концертке ұласады. Сондай-ақ, бұл өз кезегінде «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетілетін болады.

Бұрын-сонды ел деңгейінде болмаған жыршылар сайысын өткізуге ҚР Президент әкімшілігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігі бастама көтеріп отыр.

«Qazaq Epos» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген мұндай шара қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының мәртебесін көтеру мен осы пәнге қызығушылығы бар оқырмандардың санын арттыруға бағытталып отыр.

«Жастар жылында» осындай байқау арқылы өскелең ұрпақтың қазақ халқының  Ер Тарғын, Алпамыс, Қобыланды және тағы басқа батырлық эпостарды санасына құйып, Отанын сүйетін, тарихи жәдігерлерін қастерлей білетін ұл-қыздарды тәрбиелеу болып саналады.

Еліміздің бес мыңға жуық мектебінен жиырма бес  мың ұстаз бен елу мыңға жуық оқушыға батырлар жырын жаттатып, әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына ену жоспарланып отыр.  Сондай-ақ, оқушыларға өзінің, мұғалімі мен мектебінің атын шығаруға да таптырмас мүмкіндік.

Сонымен қоса,  биыл байқау аясында наурыз айынан бастап «Қобыланды батыр» жырынан үзінді оқудың отбасылық эстафетасы басталды. Рухани құндылықтарды дәріптеу мен  ұлттық бірлікті жаңғырту мақсатында өткізіліп жатқан әдеби шараға қазірдің өзіңде 40-тан астам отбасы қатысқан.  Осылайша отағасы үзінді оқуды бастап, оны отанасы жалғастырады. Отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттайтын  жыр соңын  балалары аяқтайды.

«Қазақ радиоларының» басшысы Құрманбек Жұмағалидің отбасынан бастау алған эстафетаға Медет Салықов, Шахаризат Сейдахмет, Оралхан Алтынбеков  сынды әнші-музыканттардан бастап Нұрлан Өтешов, Нұркен Өтеуілов, Серікзат Дүйсенғазин сынды ақын-жазушы, қоғам қайраткерлеріне дейін қатысып, байқауға қатысушыларға осылайша қолдау білдіруде. Қазіргі кезде эстафета өзге де қазақстандықтарға ары қарай жолданып жатыр.

Отбасылық эстафетадан бөлек, байқаудың тағы бір ерекшелігі – атты экспедиция. Оған үш адам қатысқан Ол Торғайдан Созаққа хан Кененің әскерінің ізімен тоғыз жүз  шақырымды  жүріп өтіпті. Төрт жылқымен жолға шыққан олар бір апта ішінде Созақ жеріне жеткен. Жылқылардың біреуі ас-суды тасымалдауға арналыпты. Сапарға шыққан атты экспедиция осыншама жолды бір аптада жүріп өте ала ма? Соған ұйымдастырушылар  көз жеткізгілері келген екен.

– Егер хан Кене қазіргі заманда өмір сүрсе, біз оның әскерінің қатарында болуға жарар ма едік? Ол бір аптада еңсерген жолды біз де жеті күн ішінде жүріп өте аламыз ба? Хан мен ханның әскері қандай қиындықтарға тап болды, қай жерлерге тоқтады? Міне, осының бәрін өз басымыздан өткізіп, тарихымызды қайта жаңғыртуды мақсат еттік.

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ізімен 20 сәуір күні Торғайдан сапарға шыққан атты экспедиция Созаққа тура он күннен кейін яғни 30 сәуір күні жетіп, барша елге сүйінші хабар таратыпты. Осы экспедиция жайында алдағы уақытта деректі фильм түсірілмек.

Жалпы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде «Тұлпар мініп, ту алған!» әдеби және тарихи танымдық ағарту жобасы былтыр Алматы қаласында қолға алынған болатын. Алғаш рет қала шеңберінде өткізілген сайысқа 1300-ден астам үміткер қатысуға тілек білдірді. Оларды шамамен 500-ден астам қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері дайындады. Әр ауданнан 3 жеңімпаздан іріктеліп, жүзден жүйрік атанып келген жиырма төрт жеңімпаз қалалыққа жолдама алды. Көктемнен бастап жыр жаттап, өзгелерден оза шапқан талапты жас жыршылардың өнеріне бірнеше әдебиет ғалымдары төрелік жасаған болатын. Атап айтсақ, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, профессорлар Темірхан Тебегенов, Серік Қорабайұлы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай және тағы басқалар бар.

Мұндай ұлттық жоба елде несімен құнды? Қазіргі кезде эпостық жыр-дастандарға құрметті арттырып және оны қалың оқырман арасында кеңінен насихаттау керек. Сондай-ақ, жоба жетекшісі әрі ақын Серік Сейітманның айтуынша, «Тұлпар мініп, ту алған» ағарту жобасы мектеп оқушылары арасында кітап оқуды кеңінен дәріптейді. Олардың асыл мұрамызға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу және намысшылдық пен қайсарлыққа баулиды.

Былтыр алғашқысы «Алпамыс батыр» жырынан бастау алған байқауда қаржылай сыйға таласқандардың ішінде өзге ұлт өкілдері де болғанын айта кеткен едік. Солардың ішінен орыс баласы Николай Шутты ерекше атап өтуге болады. 60 бет жырды мүдірмей жатқа айтқан Наурызбай ауданы оқушысының батырлар жырын жатқа айтқан видеосы әлеуметтік желіге жылдам тарап кетті. Ала жаздай демалыста өзге достары доп теуіп, серуен құрса, Николай күндіз-түні қолынан кітабын тастамай, ұзын-сонар жолдарды жаттаумен болды. Осындай қажырлы еңбектің арқасында ол бір сәтте барша елге танымал болып шыға келді. Сонымен қатар, Николай ұстазының үмітін ақтап, мектебінің атақ-абыройын да асқақтатты.

Фотода: Былтыр  өткен байқаудың жеңімпаздары

Өткен жылғы байқауда жеңімпаз атанған оқушылардың ұстаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілді. Атап айтсақ, І орынды иеленіп, қанжығасына миллионды байлаған жеңімпаздың ұстазына Англияның Оксфорд қаласында 3 ай тіл білімін жетілдіруге сертификат берілсе, ІІ орын алған оқушының ұстазына – екі ай, ІІІ орын алған – бір ай тегін тіл үйренуге мүмкіндік алды. Елімізде жалпы білім беретін ошақтарда ағылшын тілін жетік меңгеру міндеттеліп жатқан заманда мұндай сыйлар ұстаздар үшін таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.

Сонымен қоса, «Qazaq Epos» қоғамдық қоры байқаудың елде жалпыхалықтық сипатқа айналуы үшін «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан эстафета да өткізген. Былтыр осы жобаның  жетекшісі болған  Серік Сейітман өзі бастап, әншілермен зиялы қауым өкілдері, облыс әкімдері мен министрлерге дейін эстафета жолданып, олар жырды жаттап, барынша нақышына келтіріп айтқан еді.

Алдағы уақытта жырды қаржылай сый үшін емес, өзі үшін жаттайтындардың қатары көбейіп, ауқымы кеңейсе деген тілек бар.

(Суреттер Серік Сейітманның жеке мұрағатынан және ашық ғаламтор көзінен алынды)

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға