Жаңалықтар

«Кәсіпқой бокс туралы әлі ойланып көргем жоқ»

Токио Олимпиадасының алтыны Абылайхан Жүсіповке бұйыра ма?
«Кәсіпқой бокс туралы әлі ойланып көргем жоқ»
17.01.2020 11:37 5929

Бокстасу өнері – қазақ халқына етене жақын спорт түрі. Махмұт Омаров, Серік Қонақбаев, Бекзат Саттархановтардың ізбасарлары талай Олимпиадада, халықаралық додаларда атой салып, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шарықтатып жүр.

Төрт жылда бір келетін бүкіләлемдік сынның жұдырықтасу өнерінде Бақтияр Артаев, Мұхтархан Ділдәбеков, Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Данияр Елеусінов сияқты спортшыларымыздың тілеуін тілеп, жеңісті жорығына куәгер болдық. Күміс пен қола медаль еншілегендері қаншама. Ендігі, Жапония астанасы Токиода жалауы желбірейтін Олимпиада ойындарында бокстан Қазақстан құрамасының белді мүшесі Абылайхан Жүсіповтің жолына үмітпен қараймыз. Өткен жылы азды-кемді жарақат алып қалған былғары қолғап шеберімен тілдесудің сәті түскен еді.

Абылайхан Жүсіпов – 2013 жылғы жасөспірімдер арасында Азия және әлем чемпионатының жеңімпазы, 2014 жылы өткен жастар арасында Азия және Әлем біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеген, 2014 жылы ІІ жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарының чемпионы,  2017 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, сол жылғы әлем біріншілігінің қола медаль иегері, 2019 жылы өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2016 жылы Рио Олимпиадасының қатысушысы.

– Өткен жыл біздің команда үшін сәтті жыл болды. Біз өзімізді Азия чемпионатында да, әлем чемпионатында да жақсы қырымздан көрсете алдық. Жыл басынан бастап, түрлі жаттығу жиындарын өткізіп, әртүрлі турнирлерге қызу дайындық жүргіздік. Бірақ, өзім Азия біріншілігіне қатыса алмадым. Ол олқылығымның орнын Әлем Чемпионатына бару арқылы толтырдым деп ойлаймын. Онда бар күшімді салып, үшінші түғырдан көріндім. Әрине, мен үшін ол да жақсы жетістік. Әлемдік бәсекенің жүлдесі әрдайым ыстық болады. Мейлі, ол қола болса да...

Боксшы Әлем чемпионатында барлық қарсыласының өнерін көріп, сарапқа салғанын айтады. Бұл – болашақта Токиодағы бәсекеде өте қажет болуы мүмкін екен.

Көптеген спортшылар ересектерге енді өтіп жатқандықтан, олар туралы деректер өте аз кездеседі. Ресей еліндегі чемпионатта жұдырықтасу стильдерін көріп, байқап қайттық. Енді жыл басында Англия, Куба құрамаларымен дайындық жұмыстарын жүргізетін боламыз. Мұндай ел спортшыларымен спарринг-кездесулердің пайдасы көп болады. Үйренеміз, сабақ алмасамыз. Токио Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын лицензиялы турнирлердің алдында жақсы жаттығу жұмысы болмақ. Барлық салмақта қанжығамыз бос қайтпайды деп сенемін.  

Абылайхан қалайда Олимпиадаға жолдама аламын деп отыр. Өткен жылғы жарақаты да еш мазаламайтын көрінеді. Еске сала кетсек, ол 2019 жылдың ақпанында Болгарияда өткен «Страндж» бәсекесінде Украина елінің боксшысымен жұдырықтасу кезінде қолынан жарақат алып қалған болатын. Финалдық сынға кедергі келтірген жарақат былғары қолғап шеберін екінші орында қалдырды.

–  Бұл – бокс, жекпе-жек спорты болғандықтан, жарақатсыз болмайды. Қазір Аллаға шүкір, мені мазалайтын ешнәрсе жоқ. Жаттықтырушылар штабы мен ұлттық құраманың дәрігерлерінің арқасында құлан-таза жазылдым. Ендігі Токио төрінде жасындай жарқылдайтын сәт туды. Ел абыройын асқақтату үшін барымды саламын.

1997 жылдың 10 қаңтарында Қарағанды облысына қарасты Абай кентінде дүниеге келген Абылайханды ата-анасы ақылдаса келе, жеті жасында бокс залына әкеледі.

– Біз отбасында бес ұлмыз. Мені әке-шешем уақытын көшеде босқа өткізбесін деп Абай қаласында бокс секциясына жетелеп әкелген болатын. Тура сол уақытта біздің қаладан шыққан Серік Сәпиев Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған еді. Оның жеңісі Абайдағы бокстың түлеуіне керемет әсер етіп, бокс залдары көптеп ашыла бастады.

Сол уақыттан бері қолынан былғары қолғабын тастамай келе жатқан Абылайхан әуесқой бокста көп шыңды бағындыруды көздейді.

– Әзірге кәсіпқой бокс туралы ойланып көргем жоқ. Мақсатым – Олимпиада.

2019 жылдың күзінде спортшы Индира Рахымберлина атты арумен шаңырақ көтерген болатын. Боксшы болашақ жарымен университет қабырғасында жүргенде танысқанын айтады.

– Оның ешқандай спортқа қатысы жоқ. Индира Shamsyraq би ансамблінің жетекшісі.

Абылайхан отбасылы болу – спортшы үшін тағы бір стимул екенін жасырмайды. Қазақстандағы 69 келіде бірнеше жылдан бері ешкімге дес бермей келе жатқан спортшы елдегі бәсекенің әрдайым жоғары деңгейде өтетіндігін жеткізді.

– Шүкір, бізде бәсекелестік жақсы. Ересектер деңгейіне өктен жас боксшылар да бар. Қазақстан біріншілігі барлық салмақта өте қызу өтеді. Нөмері бірінші деген боксшы ойда жоқта есе жіберіп алуы да мүмкін.

Осыдан да болар, абайлық спортшы үшін әрбір жұдырықтасу, әрбір қарсылас жоғары маңызға ие. «Әр кездесуге аса дайындықпен шығамын, бокста әлсіздер болмайды. Содан да болар мынау жарқын жекпе-жек болды деп бірлі-екісін бөліп-жарып айта алмаймын» дейді.

– Маңызды бокс кештері алда.

Он бес жылдай былғары қолғап шеберін тастамаған боксшы бірнеше бапкерлердің алдынан өткен. Олардың ішінде Андрей Райш, Бақытжан Аманбаев, Ғалымбек Кенжебаевтар бар.

– Бокстасу стилім – Андрей Райш үйреткен Абай бокс мектебінің өзіне тән классикалық үлгі.

А.Жүсіповтың айтуынша, бокс жылдан-жылға өзгеріп келеді. Осыдан он жыл бұрынғы әуесқой бокспен қазіргі бокста айтарлықтай айырмашылық бар дейді ол.  Мәселен, бас киім шешіліп, қолғаптар өзгерді. Оның ішінен қолға байлайтын бинттердің орнын тейптер басқан. Сонымен қатар, бірнеше жаңа ережелер шығып, салмақтар қысқарған.

– Қандай жаңа өзгертулер болмасын тез-ақ бой үйретіп кетеміз. Жалпы, барлық спортты мұндай ауысулар айналып өтіп жатқан жоқ.

Жұдырықтасу өнерінің хас шеберіне айналған ол залдан, рингтен тыс ешкімге күш көрсетпегенін айтады.

–  Ондай жерлерде жүрмеуге тырысамыз. Оның үсітне бапкерлер де қатты қадағалап, қарапайым өмірде күш көрсетуге тыйым салады. Меніңше, ол спортшының атына үлкен сын.

Өмірінің мәніне айналған бокс болмаса Абылайхан басқа спортқа бармайтын едім дейді. Жастайнын білімге, ілімге құштар ол өзіне ұнаған мамандық иесі атанып, сол салада абыройлы қызметкер болатындай адал жұмыс істер едім дегенді алға тартады.

Абылайхан Жүсіпов 2019 жылғы қортындысы бойыншы «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының қатарынан табылды.

– Жеңімпаз боламын деп ойлаған жоқпын. Жыл бойы жаттығу жиындарында, турнирлерде жүрдік. Соған қарамастан, жеңімпаздардың қатарынан көрініппін. Өте қуаныштымын. Бұл – жұмыс істеуге қосымша стимул. Маған дауыс берген барлық отандастарыма шын жүректен алғыс білдіремін. Жалпы, жоба әр түрлі қызметте тер төгіп жүрген жастардың одан сайын шабыт алып, тағы да белсенді жұмыс істеуіне қосымша күш берді деп ойлаймын. Оларды елге танытып, атқарған жұмыстарын көрсетіп, басқа да жастарға үлгі ету – дұрыс шешім. Елімізде түрлі салада жетістікке жетіп жүргендер жетерлік екен.

Абылайхан мақсаты – айқын, арманы – асқақ боксшы. Алғашқы Олимпиадасында жарысты ерте аяқтаған спортшы осы жолы ел үмітін ақтау үшін барымды саламын деп отыр. Оған себеп те жоқ емес. А.Жүсіпов сынға түсетін салмақ (69 кел) «қазақтікі» саналып кеткен. Төрт бірдей Олимпиадада осы салмақтағы чемпиондық тәжді қазақ балалары ешкімге берген жоқ. Ал Токиода оның тағдыры тікелей біздің ұлға байланысты болмақ.

(Суреттер Қазақстан бокс федерациясының сайтынан алынды)


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға