Жаңалықтар

«Қаһармандар» қаһармандарды ұлықтай ала ма?

«Қаһармандар» қоғамдық қорының отырысынан әсер
«Қаһармандар» қаһармандарды ұлықтай ала ма?
27.02.2019 09:25 8632

Бұл күнде не көп? Түрлі қоғамдық қорлар көп. «Қордың қордан несі артық?» деп сұрар болсақ жауабы мынау - арқалаған жүгі артық. Былтырғы жылы  Қазақстанның бостандығы мен аумақтық тұтастығы үшін күрес жолына түскен және сол іс-әрекеттеріне байланысты қудалауға я жазалауға ұшыраған тұлғаларды анықтау, ақтау және ерліктерін халық жадында қалдыру мақсатында «Қаһармандар» қоғамдық қоры құрылған болатын. Сондай-ақ, президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» стратегиясын және «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын іске асыруды идеологиялық жағынан қамтамасыз етуге үлес қосу да «Қаһармандар» қоғамдық қоры  қызметінің міндетіне жатады.

«Қаhармандар» Қоғамдық Қоры мекемесі танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар Мәмбет Қойгелді, Диқан Қамзабекұлы, Бүркітбай Аяған, Зиябек Қабылдинов, Талас Омарбеков, Амангелді Айталы, Сейдахмет Құттықадам және осы тақырыппен айналысатын басқа да зерттеушілердің бастамасымен құрылды. Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағалығына мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов сайланған. Қор Президенті белгілі құқық қорғаушы, заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Ахметжанұлы Қасымов. 

Астана төрінде аталмыш қордың екінші отырысы болып өтті. Отырысқа  ел мүддесі үшін ат салысып жүрген ығай мен сығайдың біразы қатысты. Сабыр Ахметжанұлы отырыстың негізгі тақырыбы Ақмола өңірінен шыққан, өз заманында теперіш көрген, есімі елеусіз қалған қайраткерлердің есімін ұлықтау және жас буынға таныстыру екендігін таныстырып, сөз кезегін Мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары профессор Аманкелді Қашқынбаевқа берді.

- Белгілі бір өңірлерде аттары белгілі болғанымен дүйім жұрт танымайтын қаһармандар арамызда жетерлік. Олар әлі күнге өз бағаларын алмады. 1979 жылғы Ерейментау оқиғасын еске алайықшы? Сол кезде өткірлігімен көзге түскен Алтыншаш Бейсембаеваны кім біледі? Біздің мекеме хал-қадірінше жұмыс істеуде. Біздің ғалымдар өз қызығушылығымен, өз қаражатына зерттеулер жасауда. «Ұлы дала тұлғалары» атты  сериялы жинағымыз соның дәлелі. Мәселен, біздің ғалымдар Сейітқалы Дүйсен мен Жабай Қалиев жазып шыққан «Кәрім Мыңбаев» кітабын алайықшы. Қаржы жетіспеушілігінен 500 ғана тиражбен шықты.  Кәрім Мыңбаев кім еді? Қазақтан шыққан биология докторы, соғыста жүрген шағында Сталиннің өзі «Сендей ғалымдар елге керек» деп соғыстан қайтарған тұлға. Ал, ол кісі зерттеген таусағызды (кей жерлерде көксағыз деп атайды)  аты аңызға айналған Т-34 танкісінің оқ өткізбес қабатының құрамына қосқан деседі.

Өз кезегінде сөз алған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл ағамыз біраз мәселені ортаға тастады.

- «Алаш арыстарының» барлығы дерлік ақталып, жұртқа еңбектері таныс болып қалды ғой. Ал, әлі күнге ақталмаған қайраткерлер бар болса олардың аты-жөні, тізімі қолымызда бар ма? Бар болса мәселе көтеріп жоғары жаққа ұсыну керек.  Содан кейін бұл жүйелі түрде жасалатын жұмыс. Қайраткерлерді қай кезеңнен бастаймыз? Кенесары заманынан ба, Кеңес өкіметі орнаған тұстан ба, әлде одан да беріден бе? Ақтау мен ұлықтаудың арасын ажыратып алуымыз керек. Егер, есімі елге белгісіз қайраткерлер қудаланбаса, сотталмаса оны ақтаудың қажеті жоқ. Оны ұлықтау керек.  Мәселен, кеңес билігі тұсында ірілі-уақты 400ге тарта көтеріліс болған екен. Осы көтерілістердің басында тұрған адамдарды анықтап, соларды насихаттау керекпіз. Ақмола өңірі маңайындағы қайраткерлер дейміз ғой. Ал, Арқа даласындағы Кеңес өкіметіне қарсы қайраткерлік Кенесарыдан басталады. 1837 жылы қазіргі Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтау елді мекеніндегі  50 адамнан тұратын әскери бекіністі талқандап кетеді, кейіннен 28 адамнан тұратын жасақты да жайратып кеткені белгілі. Ал, сол бекіністердің орыны әлі күнге бар. Мынау, Қажымұқан стадионының орнында 1938 жылы үлкен шайқас болған. Кенесарының соңынан ерген талай батырымз шейіт болған жер. «Осы орынға монумент қояйық» деп Иманғали Тасмағамбетовке де кірген болатынмын кезінде. Одан кейін «Тым болмаса  естелік тақта ілейік» деп ермек Аманшаевқа да бардым. Жоғары жақтан бұндай ұсыныстарды қолдай кететін жан табу қиын болып тұр. Мына көтеріп отырған мәселелріміз тағы да аяқсыз қалса таң қалмаймын.

Ерейментау көтерілісі тасада қалуда. Ғалымжан Мұқатов атты жазушының қолжазбасы бар. Заманында сол Ғалекең Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ғабит Мүсіреповке қолжазбасын берген екен. Ал, қолжазбаның жарыққа шықпау тарихы бізге белгісіз. Ол қолжазбаны Тұрсын Жұртбай арқылы тапқан болатынбыз. Сол Ғалымжан Мұқатовты неге ұлықтамаймыз?

1958 жылы мектепте оқып жүріп тың игеруге қарсы шыққан Арман Қаниды неге насихаттамаймыз? Оны ең алғаш болып Жанболат Ауыпбаев жазған болатын. Содан кейін мен «Тасада қалған Тағдырларды» жаздым. Қарағандыдағы Кәмел Жүністегі кімнен кем? Жақында 80 жылдығын туған ауылында атап өтті. Неге насихаты кемшін?  «Жастар жылының» біраз бағдарламасымен таныспыз. Көбі текке қажеті жоқ пайдасыз жиын. «Жастар жылында» жасында жасындай жарқылдаған осындай азаматтарды жастарға таныстыруымыз керек.

Кәсіпкер, «Он олжа»ЖШС директоры Марат Нәбиев ағамыздың қолында өте құнды құжаттар бар екен.

- Мен орыс ғалымдарынан біраз ескі карталар сатып алдым.  Картаның ең ескісі 1776 жылғы. Қазақ даласын зерттеуге келген орыс офицерлері түсірген карта. Бұл карталардада қай жерде қай ру отырғаны, қай мазарда қай тұлғамыз жерленгені секілді құнды мәліметтер бар. Мәселен, Паң Нұрмағамбет маған нағашы болып келеді. Осы ескі қолжазбалар арқылы мен өзіме беймәлім ақпараттар алдым.  1917 жылы Алаш Орда съезін өткізуге Паң Нұрмағамбет ақшалай көмек көрсеткен екен. Міне, осы карталарда Астана маңайындағы әлі күнге орысша атаулары бар мекендердің кімнің жайлауы болғаны, кімнің мекені болғаны жайлы ақпараттар бар. Бізге тек нақты шешімдер қабылдап, атауларын қою ғана қалып тұр.

Бұл кісілерден бөлек Желтоқсан, Ерейментау көтерілісіне қатысушылар қатысқан бұл отырыс қызу талқыға толы болды. «Қаһармандар» қоғамдық қоры бастаған ісін аяқтап, қаһармандық танытса екен деген тілегіміз ғана бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға