Жаңалықтар

«Футбол – театр, біз онда өз рөлімізді сомдадық»

Нұрбол Жұмасқалиев футболшы мансабын аяқтады
«Футбол – театр, біз онда өз рөлімізді сомдадық»
13.11.2018 11:40 5826

Нұрбол футбол ойнауды 6 жасынан бастаған. Ала допты қуған оның арманы кәсіби футболшы болу еді. Ол үшін темірдей төзім мен қайрат керек екенін Нұрбол жақсы түсінді. 11 жасынан бастап Алматы қаласында орналасқан «Намыс» клубында жаттықты. Ал 1998 жылы  батыс қазақстандық «Нарын» (2004 жылдан бері «Ақжайық» атауын алған) клубымен келісімшартқа отырады. Алғашқы ойынын теміртаулық «Болатқа» қарсы өткізген Нұрбол туған жерінің командасында бір ғана маусым өнер көрсетті. Келесі жылы «Нарынның» бірінші лигаға түсіп қалуына орай, «Жетісу» клубына ауысқан еді.

20 жыл бойы Қазақстан премьер-лигасында тер төккен Жұмасқалиевтың еншісінде бір чемпиондық медаль, төрт дүркін күміс жүлде, дәл осындай сандағы қола жүлделер бар. Сонымен қатар, Қазақстан кубогын, суперкубогын жеңген. Ал Нұрбол ойнаған кезде «Тобыл» еуропалық турнирді ұтқан алғашқы қазақстандық команда болды (Интертота кубогы, 2007 жылы). Нұрбол Жұмасқалиев – барлығы ҚПЛ-да 523 матч өткізіп, 167 гол соққан қазақ футболының рекордшысы. 

– Оралдан Алматы қаласына келгенім, жалпы оңтүстік астанамыздағы «Нарын» клубына қабылданғаным, тағдырымның маған берген тамаша сыйларының бірі.

– Мені 2000 жылы қостанайлық клубқа Халімжан Ержанов мен Болат Ысқақов шақырды. Олармен Орал қаласында бірге жұмыс жасағанмын. Үлкен футболға жол ашқан осы мамандар деп білемін, сол үшін оларға ерекше алғыс айтқым келеді.  

Жасыл алаңда ойлану үшін кейде тіпті секундың болмайды. Ал өмірде «иә» немесе «жоқ»-ты таразыға салуға мүмкіндік бар. Десек те, әр түрлі жағдайларға байланысты, алаңдағы болсын, өмірдегі болсын, ешқандай адамда дайын жауап жоқ.

– Бала кезімнен футболшы боламын деп мақсат қойдым. Футболды жанымдай жақсы көрдім. Одан басқа ешқандай қызығушылығым жоқ. Өмірімнің соңына дейін осы спорттың жанкүйері болатыным сөзсіз.

– Есіме алғым келмейтін ойын – 2008 жылы «Ақтөбеге» қарсы өткізген кездесу. Қос клубтың жинаған ұпайлары тең болатын. Бірінші орынның тағдырын Алматыда өткен «алтын матч» шешетін болды. 90 минут бойы қос команда бірін-бірі ала алмаған соң, мәселенің бәрі ойын соңындағы пенальтиде шешілу керек-тін. Сол кезде 11-метрлік айып добын соға алмай қалдым. Допты нүктеге қойып, басқа бұрышқа қарай тебемін деп ойладым. Бірақ, соңғы сәтте басқа бұрышты көздедім. Қақпашы оны қағып тастады. Шынымды айтсам, бұл сәтті еске алғым келмейді. Және ол пенальтиді қайта орындаудан да бас тартар едім. Ол ойын барлығымызға сабақ болды. Сол бір сәтсіздікті қалай болды, солай қалдырғым келеді.

– Болашақта жаттықтырушы болатыным анық. Себебі, қолымда «А» категориясы жаттықтырушысының лицензиясы бар.

– Күнделікті өмірде сабырлы адаммын. Жасыл алаңда жақсы да, жаман да сәттер жиі болады. Сол сәтте эмоцияға ерік беруіңе тура келеді.

– Құрама сапындағы Сербияға қарсы өткізген ойынды ешқашан ұмытпаймын. Бұл матчты жасыл алаңда болған футболшылар ғана емес, барлық қазақстандықтар да ұмыта қоймаған шығар. Оның үстіне жеңіс голын соғу маған бұйырыпты.

– Мен арманшыл адам емеспін. Шынайылықтан алыстап көрмеппін. Спорттық мансабымды аяқтағаным енді ғана, әлі армандарым мен жоспарларымды таразылап үлгермедім. Уақыт көрсете жатар.

Меніңше, өмірде ар-ұяттан аттамай тура жолда жүру керек. Сол сияқты ешкімге қастандық жасауға болмайды. Кейде өзіме өмірде, не алаңда арсыздық жетіспейді. Сондай сәтте басқалай мәселені шешуге болар еді ғой деп ойланып қаламын..

– Кез келген спортшы, оның ішінде футболшы тек жеңіс туралы ойланады. Егер жеңіске жетсе, ол үздік деген сөз. Алайда, футбол командаға тікелей байланысты. Соған қарамастан, үздік болуға тырысып, команадаңа көмегің тиюді ойлау керек.

– Әлсіз адамдар ғана қызғаншақ келеді. Мен ешқашан ешкімге қызғанышпен  қарамаппын. Ондай сәт тумайды деп үміттенемін.

– Пір тұтатын ойыншыларым жетерлік. Соның бірі – Зинедин Зидан. Ол өз клубының ғана емес, құрамасының нағыз плеймейкері болған адам. Зизудың соңында дейін күресе білетіндігі ұнайды. Бапкерлік қызметін де өте жақсы бастады. Мықты футболшыдан мықты бапкер шығу сирек кездесетін құбылыс.

– Өмірді жасыл алаң мен допсыз елестете алмаймын. Өзімнің сүйікті ісімнен алыстап кете қоймаспын. Басқа салаға ауысып, өзімді көрсете алатыныма сенбеймін.

– Бұрындары өлең жазып көргенім бар, бірақ керемет шықпайтын. Әйеліме оқып беретінмін. Оған менің өлең жазуға деген талпынысым ұнайтын.

– Жаттықтырушым алға екі қадам жасау үшін, артқа бір қадам шегінуге тура келетін кездер көп болады дейтін. Маңыздысы жүгіру емес, жер бауырлап алға сырғысаң де жеткілікті. Бастысы – стимул болу керек деп есептеймін.

– Отбасылық қарым-қатынасты сақтау үшін түсіністік, қамқорлық қажет. Өмірді бағалай білу де маңызды. Қиын сәттері маған мінезім көмекке келеді. Даушыл, жанжалшыл адам емеспін.

– Барлық футболшылар шығармашылық адамдары. Футбол – театр, онда біз өз рөлімізді сомдаушымыз.

– Қаншама жылымды «Тобылда» өткізсем де, мен бұл клубтың символы емеспін. Ондай адам деп «Ювентустың» сапында тер төгіп, жоғары жетістіктерге жеткен Алессандро Дель Пьероны айтар едім. 

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға