Жаңалықтар

«Чемпион болатын күн алыс емес»

Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановпен сұхбат
«Чемпион болатын күн алыс емес»
15.05.2019 12:22 5522

Бүгінде мұхиттың арғы жағында кәсіпқой бокста жоғары жетістікке жетуді мақсат еткен бірнеше қазақ жігіттері жүр. Оның ішінде «Main Events» компаниясымен келісімшартқа отырған, бүгінге дейін 11 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Мейірім Нұрсұлтанов та бар.

Мейірімнің ең алғаш былғары қолғап киюіне себепші болған ағасы – Мерей Ақшалов екен.

«Семейде тұрғанда ағамның айналысып жүрген спорт түріне қызығушылығым артып, артынан еріп үйірмеге барып жүрдім. Бірақ, күн сайын емес, ара-тұра қатыстым. Тек 2006 жылы бірлі-екілі жарыстарда бағымды сынап көріп, болашағымды бокспен байланыстырам деп шештім де, астанамыздағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатқа келіп түстім».

Он жылдан бері былғары қолғабын шешпей келе жатқан Мейірімнің атын қазақ жұрты WSB жобасында бірнеше жыл өнер көрсеткен «Astana Arlans» арқылы жақсы біледі. Ол 2015 жылғы маусымдағы ең үздік боксшылардың біріне айналды. Сол жылы алдынан шыққан барлық қарсыластарын жеңіп, финалда «Cuba Domadores» командасының боксшысы Лопес Кардонды ұтып, арландардың чемпион болуына қол ұшын созды.

«Арландар сапында үш маусым өнер көрсетіп, 13 жекпе-жек өткізіппін. Бұл командада жүріп жинаған тәжірибем кәсіпқой бокста көп көмегін тигізді. Онымен қоса, білікті бапкерлер Сергей Корчинский мен Марат Жакиевтерден үйренгенім көп болды».

2016 жылы Мейірім АҚШ-қа кәсіпқой бокстың шыңына шығу мақсатында жол тартқан еді. Оның мұхит асып, менеждер Эгис Климаспен келісімшарт жасауына себепші болған тағы бір кәсіпқой боксшымыз – Мадияр Әшкеев.

«Олимпиадаға бару мүмкіндігінен айырылған соң, кәсіпқой боксқа өтуді ойладым. Бұл ретте, маған көмектескен Мадияр болды. Ол АҚШ-та менеджер Эгиспен кездесу ұйымдастырып беруге уәде берді. Климаспен кездесіп, оған әуесқой бокстағы жетістіктерімді айттым. Жиырма күнді араға салып, «Main Events» компаниясы келісімшарт құжаттарын ұсынды. Осы ретте, менің кәсіпқой бокстағы жолымды ашып берген Мадиярға зор алғыс білдіргім келеді».

Кәсіпқой бокста жеке-дара тау қопарам деу бос әурешілік. Былғары қолғап шеберлері осы спортта жоғары жетістікке жетуді қаласа, Америка асатынын жақсы білеміз. Олардың бағын ашып, бабын келістіруді жақсы білетін компаниялар арасында бәсекелестік көп.

«Қазіргі проумотерім Кэти Дува деген әйел кісі, ал менеджерім ілгеріде айтып кеткен Эгис Климас. Соңғысы маған қарсылас іздеп тапса, Дува жекпе-жектерімді ұйымдастырып береді».

Ал Мейірімді жаттықтырып жүрген бапкердің есімі – Марко Контрерас.

«Барлық кездесуге дайындайтын маман, осы Марко. Десе де, әр жекпе-жектің алдында ағам Мерейдің де ақыл-кеңесін аламын. Не дегенмен де әлемді бағындырған, Азияда да қарсылас шақ келтірмеген тәжірибелі боксшы ғой. Жұдырықтасатын спортшыны егжей-тегжейлі зерттеп, мықты тұсы мен осал жерлерін айтып, кездесуге қоятын тактиға өзінің ойын қосып отырады. Ал жалпы жаттығуды Марко жүргізеді. Барлық кездесуде жанымнан табылатын осы жеке бапкерім десем де болады. Әрбір кездесуден кейін Мереймен қай соққылардың жақсы болғанын, қайсысы нысанаға дөп тимегенін айтып, екеуара таразылап, сараптап шығамыз».

Күн сайын алты сағатын бокс залында өткізетін Мейірім тіпті өзі тұратын Лос-Анджелес қаласын дұрыс араламағанын айтады.

«АҚШ-та жұмыс бабымен жүргендіктен, көп қыдырмаймын. Елдің бәрі Голливуд деген жазудың алдына барып суретке түсуге құмар. Ал мен сонда тұрып жатқан үш жылдың ішінде тек алыстан ғана көрдім де қойдым. Таңертеңгі және түстен кейінгі үш сағатым жаттығумен өтеді. Ол жақтағы өміріме көңілім толады. Десе де, спорттық мансабымды аяқтаған соң, міндетті түрде елге ораламын. «Ер-жігіт туған жеріне» дейді ғой...»

Спорттық мансабын әлем чемпиондығына қол жеткізбей аяқтамауды мақсат тұтқан спортшы соңғы кездесуін 24 наурыз күні Калифорния штатында Hollywood Fight Nights шоуы аясында пуэрторикалық боксшы Луис Эрнандеске қарсы өткізіп, 79-72 есебімен басым түскен еді. Бұл жерлесіміздің кәсіпқой рингтегі 11-жеңісі. Мейірім оның сегізін уақытынан бұрын аяқтаған болатын.

«Келесі кездесуді қашан өткізетінім әлі анықталған жоқ. Шаршы алаңға қыркүйек айында шығып қалуым мүмкін. Жалпы жылдың соңына дейін екі жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмын. Осы айдың соңына қарай, АҚШ-қа аттанып, қызу жаттығуға кірісетін боламын».

Былғары қолғап шебері бұған дейінгі қарсыластарының ішінен мексикалықтарды ерекше атап өтті.

«Мексика стайл» бокс стилі шынында өзінің мықтылығымен ерекшеленеді. Олардың басы темірдей қатты болады. Қанша соққы жұмсасаң да құламай, тұрып алады. Әрине, тек мексикалықтар емес, әрбір қарсыластың бұл спорт түрінде бекер жүрмегендері анық. Кез келген кездесудің өзіне тән қиындықтары болады. Кейде ерте жеңесің, кейде кеш... Сол сияқты әр жекпе-жекте өз ойлаған жоспарыңды жүзеге асыра алмауың мүмкін».

Боксшының айтуынша, мықты боксшы болу үшін тек талант жеткіліксіз. Ынта, жігер және тоқтаусыз еңбектің арқасында өз дегеніңе жетуге болады дейді ол. Сол сияқты спортта салмақ қуу деп аталатын «ішкі кезең» бар.

«Мен ылғи салмақ қуып жүремін. Көбінесе 4-5 келіге дейін салмағымды түсіруіме тура келеді. Тіпті, кейде сегіз келі тастауға дейін барамын. Десе де, бұл кез келген боксшыға таңсық жағдай емес. Қазір мен өнер көрсететін салмақ 160 фунт (72,5 кг). Одан ауысу жөнінде жоспарлар жоқ. Осы салмақта алға қойған жоспарларымды жүзеге асырғым келеді. Мықты деген боксшылармен жекпе-жекке шығып, рейтингте көшбастауға асықпын».

«Әуесқой бокста алынбаған көп қамал қалғандай. Іште өкініш қалған жоқ па?» деген сұрағамызға:

 «Әуесқой бокстан ерте кетіп қалдым деп ешқашан ойлап көрмеппін. Онда берілген барлық тапсырманы орындап, өзімді барынша көрсетуге тырыстым. Ендігі арманым, кәсіпқой бокста әлем чемпиондығына қол жеткізу. Сол үшін аянбай тер төгіп келемін. Чемпион болатын күн алыс емес екеніне сенемін. Әлемдік аренада қазақ елінің туын желбіреткеннен басқа бақыт жоқ шығар», деп жауап берді Мейірім.

Нық сеніммен алға адымдап келе жатқан былғары қолғап шеберіне сәттілік тіледік. Жеңісті күндер көп болғай, Мейірім!

Қысқаша ақпарат:

Мейірім Нұрсұлтанов 1993 жылы 23 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Орта салмақтағы Қазақстан чемпионы. 64 келіде 2010 жылы Тегеранда өткен жастар арасында Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан. Әуесқой бокста шамамен 250 кездесу өткізген. Боксшының бойы – 183 см. Оның қолдары ұзын. Джеб соққыларын жақсы жұмсай білетіндіктен, дистанция сақтап жұдырықтасқанды ұнатады. Оның WSB-дағы тәжірибесі кәсіпқой боксқа еркін еніп кетуіне көмегін тигізді. Мейірім жаңартылған WBC рейтингінде екі сатыға жоғары көтерілді. Бүгінде орта салмақта өнер көрсететін отандасымыз 24-орынға жайғасқан.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға