Жаңалықтар

Қазақстан футболшысы Ресей чемпионатында ойнайды

Аида Гайстенова "Енисеймен" келісім-шарт жасады
Қазақстан футболшысы Ресей чемпионатында ойнайды
02.03.2018 14:30 7866

– Аида, жаңа клубқа ауысуыңмен, «Енисейден» ұсыныс қашан түсті?

– Рахмет көп-көп, ұсыныс менеджер Динара Жағыпаровадан түсті. Ол мен үшін әйелдер футболы дамыған мемлекеттердің лигасын қарап, бірнеше командалармен сөйлескен еді.

– Білуімізше, Босния мен Беларусь командаларынан да ұсыныс келген екен. Неге Ресей чемпионаты?

– Аталған қос мемлекеттің футболы Ресейдегідей керемет дамымаған. Беларусь клубынан келген ұсыныстан бірден бас тарттық. Ал Босния мен Герцеговинаның «Искрасы» бірден екі жылдық келісім-шартқа отыру туралы айтты. Бірақ, бұл уақытта Ресей біріншілігіне нақты барамын деп шешім шығарып қойған едім. Бұл елдің футболы нағыз күш пен біліктілікке құрылған, деңгейі де біршама жоғары. Сол үшін «Енисейден» келген ұсынысты қуана-қуана қабылдадым.

– Өзің таңдаған 51 нөмердің не сыры бар?

– Мен Fiftywan корпорациясының құрамына кіремін, мұнда регламент бойынша барлық спортшылар 51-нөмірмен, сондай-ақ, 51-салмақта өнер көрсетеді. Бұл корпорацияның спортшылар құрамы күннен-күнге көбейіп келеді. Себебі, корпорация біз үшін үздік клубтар тауып, барлық жағдайымызды жасайды, жеке сұрақтарымызды шешіп береді. Менен бөлек, еліміздің атын түрлі спортта қорғап жүрген спортшылар жетерлік. Мәселен, бокстан ҚР спорт шебері, әлем кубогының иегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Рано Пархатова, хоккейден Қазақстан құрамасының ойыншысы, еліміздің чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Барыс» хоккей клубының қорғаушысы Мадияр Ибрайбеков, сондай-ақ, «Шахтер» футбол клубының ойыншысы, Қазақстан жастар құрамасының футболшысы Сабина Ргаева... Осы секілді деңгейі жоғары спортшылар жетерлік, олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Себебі, олар корпорациямен енді ғана келісім-шартқа отырып жатыр.  

– Сені жаңа командаластарың қалай қабылдады? Қиындықтар туып жатқан жоқ па?

– Ешқандай проблема туындаған жоқ. Барлық футболшылар өз ісінің нағыз шеберлері. Олардан үйренетінім көп. Бірден-ақ, жақын араласып кеттік. Жылы қабылдап, барлық жағдайда көмек қолын созып жүр. Осындай керемет аурасы бар коллективке түскеніме шын қуаныштымын.

– Қанша дегенмен өзге мемлекет. Ата-анаң қарсы болмады ма?

– Ата-анам мен үшін қуанышты. Бұл – спорт. Бүгін осында болсам, ертең мүлде басқа мемлекетте ойнауым мүмкін. Олар үйренісіп кетті. Қазақстанда да мен бірнеше қаланың, түрлі клубтың намысын қорғадым. Ата-анам үшін ең бастысы – менің жеңістерім, менің спорт жолында биікке өрлегенім.

– Аида, енді жеке өміріңе тоқталсақ. Қайда, қашан дүниеге келдің?

– Жеке өмір дейсіз бе? Мен 1994 жылдың 21 мамырында Щучинск қаласында дүниеге келдім. 

– Неге футбол?

– Футбол деген адреналинге толы, жылдамдықты талап ететін, құштарлық пен драйв араласып жатқан спорт түрі. Бұл командалық ойын, мұнда барлық командаластарыңды сезінуің керек, үйлесімді ойын болмаса жеңіс те жоқ. Мен футболды жан-тәніммен сүйемін, осымен тоқтап қалмай, ұзағынан жасыл алаңда доп тепкім келеді.

– Өзіңе алаңның қай бөлігінде ойнаған ұнайды?

– Қазір ойнап жүрген позициямды (жартылай қорғаушы–авт.) жақсы сезінемін. Кейде шабуылда да өзімді сынап қоятын кездер болады.

– Алдағы маусымнан не күтесің?

– Барымды саламын, командам үшін пайдалы ойыншы болғым келеді. Жаттықтырушылар қойған талапты орындап, үздіксіз жаттыға бермекпін. Ең бастысы – шеберлігімді арттыру.

– Қазақстандағы әйелдер футболы жайлы не айтар едің?

– Қазақстан құрамасының бапкерлік тұтқасын ұстап отырған қос азамат – Айтпай Жамантаев пен Владимир Ляпкинді ерекше атап өткім келеді. Олар өзі ісінің нағыз мамандары. Құрамаға ілінген әрбір ойыншыға мүмкіндік беріп, жаттығу жиындарында әрқайсымызбен жеке жұмыс жасайды. Ең-ең деген үздіктерді таңдап алып, олардың жаңа қырынан танытып, еліміздегі қыздар футболын дамытуға өлшеусіз үлес қосып жатыр. Менің де футболшы болып қалыптасуым осы қос бапкердің арқасы деп білемін, сол үшін алғыс айтамын. Біздің федерация жыл сайын әйелдер футболын дамыту үшін белсенді жұмыстар жасап келеді.

– Ең есте қалған кездесуіңді айтып кетсең...

– Әрбір ойын – өзінше бір тарих қой. Бірақ, әлем біріншілігі кезінде Англияға қарсы өткізген ойынды ешқашан ұмытпаспын. Өте тартысты кездесу болды. Олардың құрамында әлемдік деңгейдегі мықты аяқдопшылар бар. 10 мың жанкүйерді жинаған, тамаша ойын болды. Есе жіберсек те, еңсеміз түспеді, себебі, біздің біліктілігімізді осындай мықты құрамалармен болған «шайқастар» арттырады.

– Жас футболшыларға айтарың бар ма?

– Футбол ойнауды доғармаса екен, ештеңеге қарамай тек қана алға ұмытылыңдар! Әр ойынды өміріңнің соңғы кездесуі секілді өткізіңдер! Ең бастысы – армандар орындалсын!

– Өзіңе де «Тек алға ұмтыл!» демекпіз... Жеңістеріңмен қуанта бер!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға