Жаңалықтар

«Бейбіт күннің бағасын білейік»

"100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы Сәулет Қалдашевпен сұхбат
«Бейбіт күннің бағасын білейік»
24.01.2020 17:21 4017

«100 жаңа есім» жобасы» айдарының кезекті кейіпкері – ҚР Қарулы Күштерінің Тыл және қару-жарақ басқармасы Бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі, Сәулет Қалдашов. 

 Сәулет, бітімгершілікпен Ливанда болып келдіңіз. Сол туралы айтсаңыз. 

– 2019 жылдың 12 мамырынан бастап алты айға жуық уақыт «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» деп аталатын миссияда қызмет атқарып келдім. БҰҰ-ның миссиясына барған алғашқы әскери дәрігермін. Біздер, сарбаздар онда үнді әскерлерімен бірге үнді-қазақ батальонының санында бірге бітімгершілік қызмет атқардық. Ливанның оңтүстік-шығысында, Израиль және Сирия мемлекеттерімен шекаралас таулы аймақтарда тұрдық. Өзімізге берілген белгілі бір территорияны жауапкершілігімізге алып, БҰҰ-ның сондағы миссиясының талаптарын орындадық. Міндетіміз – Израиль тарапынан Израиль мен Ливанның арасындағы уақытша көгілдір сызық деп аталатын шекара бойында атыстың болмауын қадағалау. Сирия жақтан да блокпостар бар. Әскери қызметшілеріміз тұрып, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізді. Бізге қойылған жүктемелерді түгел орындадық деп айта аламыз. Қайтатын кезде БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының қолбасшылығы тарапынан «Өте жоғары дәрежедегі шебер және басқаларға үлгі боларлық қазақ жауынгерлері» деген ілтипатқа ие болып, марапаттаулар алдық. Ливан халқы мен үлкен басшылық тарапы да жылы лебіздерін білдірді. Тіпті олар біздің әлі де сол жерде болғанымызды қалады. Бір сөзбен айтқанда, Ливан халқымен тығыз достық қарым-қатыс орнатып келдік. 

 Шет жерде жүрдіңіз, және ол жақ тыныш емес. Салыстырмалы түрде, қандай ой түйіп қайттыңыз?

– Дұрыс айтасыз. Ливан елін көрген әр адам сол жағдайдың өз елінде, Қазақстанда қайталанбағанын қалайды. Миссияны орындап жүргенде менің тілегенім осы болды. Ливан 70-ші жылға дейін гүлденген ел болса, 70-ші жылдың аяғына таман діндер мен конфессиялардың араздығынан жік-жікке бөлініп, көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынасын орната алмай, бір-бірімен соғысып, берекесі қашып кетті. Елдегі араздықтан бейбітшіліктің, татулықтың нышаны жоғалған. Осының барлығын көзімізбен көрген біз бейбітшіліктің, отан деген мағынаның, тұтастық, тұрақтылық сөздерінің мәнін терең түсініп қайттық. Қазақстанның басты байлығы – бейбітшілігі мен татулығы екеніне тағы да көзіміз жетті. Қазақ халқы мен қазақ шаңырағының астына біріккен этностардың бір-біріне деген татулығы мен келісімінің арқасында орын алған бейбітшілік екенін түсіндік. Осы бейбітшілікті сақтап, нығайта білуіміз қажет. 

 «100 жаңа есім» жобасына қатысып жатқан кезіңізде жеңіп шығамын деген сенім болды ма? Жеңімпаз екеніңізді естігеннен кейін қандай сезімде болдыңыз?

– Әрине, әскери азамат ретінде біз тек жеңіске ғана көз тігуіміз керек. Жеңіске жетемін деген үміт болды. Өйткені үлкен қолдау бар. Артымызда әскер тұр. Жеңіске жеткеннен кейін де қуандым. Оған себеп маған деген сенімнің орындалғаны. Осыншама халықтың қолдауына ие болғандықан, өзімде үлкен жауапкершіліктің бар екенін сезіндім. Жобада жеңімпаз атандым деп қоя салмай, әрі қарай да алдыңда сен үшін үлкен шыңдардың, белестердің тұрғанын сезінеді екенсің. Осы сенімді ақтай отыра, сол шыңдарды бағындыру үшін қазіргіден де көп еңбек етудің қажет екенін түсіндім. Жоба маған не берді? Алдағы уақытта жұмысымызды бұдан да жоғары деңгейде жалғастыруыма шабыт сыйлап, отан үшін, халық үшін аянбай қызмет етеміз деген сенім беріп, келешекке үлкен мақсаттар қойғызды. 

  Жобаның жастарға берер әсері қандай?

 Жобаның берері де көп, мағынасы да терең. Қазіргі таңда өз саласында ұяң және көпшілікке танымал емес жастар көп. Олар істеп жатқан жұмысын күнделікті қарапайым тірлігі ретінде қабылдайды. Керісінше, халыққа жария етейін деп мақтанышты іздейтін адамдар да жоқ емес. «100 жаңа есім» жобасына қатысқан азаматтар мақтанышты, жария етуді қажет етпей, күнделікті өз еңбегімен жұмысын атқарып жүрген азаматтар. Олардың еңбегі өздеріне қарапайым сезілгенімен, басқалары үшін үлкен жетістік, өз саласына белгілі бір дәрежеде үлес қосып жатқандық болып есептеледі. Әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген жастарымыз жобада жеңімпаз атанған адамдардың жетістігін көру арқылы өздеріне серпініс береді. Осы ағаларымыз, тәтелеріміз секілді болайын деген үмітпен жұмыс істеп, еңбекке құлшына кіріседі деген сенімдемін. Меніңше, жобаның түпкі нәтижесі болуға тиіс бағыт – осы.

  Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз. Естуімізше, көпбалалы отбасы қатарына кіреді екенсіздер.

– Иә, көпбалалы отбасының әкесімін. Жұбайым Аягөз екеуміз 4 баланы өсіріп отырмыз. Үлкеніміз – Мұхамедәли, 11-сыныпта оқиды. Одан кейін Жәмилә, Ақбота, Хасиба деген үш қызымыз бар. Жұбайымның мамандығы – еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік инженері. Қазіргі кезде декреттік демалыста. Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келгенімізге 1,5 жыл уақыт болды. 

 – Жастар жылы несімен есте қалды?

 – Мағжан Жұмабаев атамыздың:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты.

Мен жастарға сенемін!», - деген тамаша өлеңі бар ғой?! Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда елде 3 млн 800 мыңға жуық жас бар екен. Халқымыздың 21 пайызын құрайды. Жастар қоғамымыздың қозғаушы күші, белсенді тобы. Оларды қолдау мақсатында Елбасымыз өзінің 2018 жылғы жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осы тұста Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзі еске түседі. Ұлы ойшылдың алдына бір әмірші келіп: «Менің елім қандай?», - деп сұрайды. Сонда әл-Фараби: «Алдымен маған жастарыңды көрсет, сосын мен сенің мемлекетіңнің болашағын бағдарлап беремін» деген екен. Осындай үлкен ғұламалар мен зиялы азаматтардың жастар туралы айтқанына қарап, жастардың қоғамдағы орны ерекше екендігін байқаймыз.

Жастар жылы басталысымен мемлекет 3 жылға арналған Жастар жылын дамытудың және оған арналған кешенді жоспарлардың жол картасын жасады. Осыған сәйкес жастар білім мен ғылымға құлшына кірісті. Ғылым саласында көптеген жаңалық ашып, экономикамыздың дамуына септігін тигізу үстінде. Ғылым саласында жүрген жастарымызды танып, біле бастадық. Бәсекеге қабілетті жастар тобының құрылғанын көрдік. Көптеген жас өздерінің бастамаларымен, тың идеяларымен танылды. Студенттердің шәкіртақысы өсіп, оларға қосымша жатақханалар салынды. Жастар ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етіле бастады. Ауылдық жерлердегі жастардың кәсіпкерлігін дамытуға айрықша көңіл бөлініп, оларға арналған үлкен ресурстық орталықтар ашылды, шағын несиелер бөлінді. Қаржылай көмектен бөлек, «Дарын» мемлекетік жастар сыйлығы беріліп келеді. Өз саласында жүрген азаматтар үшін бұл да үлкен шабыт, жігерлендіру. Қысқасы, Жастар жылында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілді. Бұл тек Жастар жылымен ғана аяқталып қалмай, алдағы уақытта да жалғаса береді деп ойлаймын. Айтып өткенімдей, елдің экономикасының дамуы тікелей жастарға байланысты. Сондықтан үкімет тарапынан әрқашан қолдау бола береді деп сенемін. Бір сөзбен айтқанда: жастарымыз биылғы жылды сәтті өткізді.

Автор: Аружан Мырзатай, Ruh.kz

(Фото - ашық дереккөздерден)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға