Жаңалықтар

«Астананың мәдени мәтіні»

Конференция 23-24 тамыз күндері өтті
«Астананың мәдени мәтіні»
24.08.2018 14:41 4559

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Астананың мәдени мәтіні» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына байланысты ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы осыдан он жыл бұрын бастау алған «Астананың мәдени мәтіні» атты конференцияны қайтадан қолға алып отыр.

Іс-шараға ғылыми қызметкерлері, суретшілер, прочессорлар, шет елден арнайы келген және т.б айтулы азаматтар қатысты.

Жазушы, философ, қоғам қайраткері Дидар Амантай сөз алып:

– Тегінде, қазақты бір идея, бір мұрат, бір рух төңірегіне топтастырған Елбасы. Азаттықты аңсаған халықтың мемлекетсіз еркіндікке қолы жетпейтіні, сөзсіз, анық еді. Елбасы сөзінде идея да, рух та, қайрат та болды. Астана – Тәуелсіздіктің қамалы. Алынбайтын, бұзылмайтын, құламайтын... Сосын, іргесі берік мемлекет. Өйткені, халық махаббатынан тұрғызылған, ұлт мұратынан жасалған, ел мүддесін көздеген саяси құрылым... Астана, шынында, іргесі биік, қабырғасы кең, көлемі зор шаһар.

Астана – бар қазақтың арман-мұңын, күллі алаштың қайғы-шерін, халықтың шежіресін, мемлекеттің тарихын, сақараның сан жылдар әлдилеген рухын білдіретін қайраты, көрінісі, құбылысы. Бұрын да жаздық, қазір де мөр басып бекітеміз: Астана – көрмеген көруге асығатын, көрген кете алмайтын, кеткен ұмыта алмайтын қала. Бүгінде, бой түзеп, ажарын тапқан, көркі жарасқан Астана бейне бір жарқын болашағына асыққан жас адамның­ асыл арман-қиялындай, қадір-қасиетіндей тұнық, мөлдір, таза. Күні ұзақ аспалы гүлдестелер, тоқылған өрнекті кілемдей құлпырған гүлзарлар, көпір бойына, жол шетіне ілінген себет толы гүлдер, түн баласы төңірегіне шұғыла шашқан бағаналы шамдар, жарық нұрына, күн шуағына бөленген бұрқақты сарқырамалар қаланы шілденің жаймашуақ шұғыла күлкісіне, жаз айының бақытына байлап, қуанышына шомылдырады, жырына қосады, алып көшелерге тасқындап құйылған таңғы автомобильдер нөпірі, бәрі-бәрі, маңдайы­ жарқыраған мекенді мәңгілік ән-күйге айналдырады.

Тегі, жылдам дамып келе жатқан заманауи шаһар – Астана қаласының қарқынына ілесіп, әлемдегі озық елдердің өнеріне, өресіне, өрісіне жеткісі келген жас атаулы қазір, тіпті, кейбір тарапта, кешегі талпынғанына, бүгінгі талаптанғанына жетіп­ те жатыр деп ойлаймыз. Себебі, Астана өрге сүйрейді. Елді ілгері тартады. Алға баспаған кейіндеп қалады. Сондықтан, бір орында тұрмау қажет... әйтпесе шегінесіз, өзге жұрт, бөтен ұлыс, шамасы келгенінше, тез қимылдап, басқаны артқа тастап, алға ұмтылады, тоқтаған көршіден озып,  ел алдына түседі. Бас қоныс Астана – алаштың жұмбағы шешілген, жаны жай тапқан, қаймана қазақтың сырын ашқан қаласы. Қазақ жұмбағының оң шешімі – Астана.

Астана көшкенде, қазақтың санасы да өсті. Біз ұлттың ертеңі үшін көштік. Бұл – барлық қазаққа әсер етті. Мәңгілік мекенге айналады. Тәуелсіздіктің мекені – мемлекет, Қазақстан – азат халықтың Отаны Идеяны жүзеге асырған бастамашы топ, ерік-жігер дарыған халықтық рух – саналы ұрпақтың азат ғұмырына кепіл. Жекелеген қайраттан халықтық рух құралады. Көсемдар тұлға халықтық рухтан жаралады. Көшбасшы – ұлттық құндылық-қасиеттер тоғысқан рухтың квинтэссенциясы.  Сондықтан, киіз туырлықты қазақ, қара шаңырақ ұлы идеяны қастерле, керегелі ұлы рухты үгітте, мың сан уық қара орман ұлысқа, ұлт санасына қуат бер, қайратты сана қазақты ұшпаққа шығарады, деп бүкіл дала ән салып тұрғадай көрінеді, Тәуелсіздіктің әні...– деді.   

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары Батырхан Жұмабаев:

Қазақ халқы қашаннан бері ырымшыл халық болып саналады, яғни біздің салт-дәстүрімізде наным-сенімге деген көзқарас өте ерекше. Қазақ қоғамы рөлінде «киелі» ұғымы жоғары бағаланады. Әрбір заттың, жануарлардың, орындардың, сандардың және құстардың өзінің – киесі бар деп есептеледі. Әлімсақтан бері қазақ елі – бесікке үкінің қауырсының, қасқырдың тісін немесе бүркіттің тырнақтарын ырымдап іліп қояды. Ырымдап ат қоюда біздің дәстүрімізде жиі кездеседі, бұл дегеніміз біздің ата-бабаларымыз тылсым табиғаттың белгісіз құпияларын жақсы менгеріп қана қоймай, сонымен қатар өздерінің тұрмыс-тіршілігіне пайдалану үшін оларды бейімдетіліп жетілдірген. Қазақ тілінде «киелі» сөзі синонимы ретінде – қасиетті, қастерлі сөздеріде қолданылады. Осындай қолдану - жер,су атауларында көп кездеседі.

Қазіргі қоғамның санасындағы қасиетті орындарды(нысандарды) анықтау мәселесінің өзектілігі сонда, ғалымдар қазіргі кезде еліміз бойынша касиетті жерлерді жүйелеу жұмыстарымен тиянақты түрде айналысуда. Мұндай жүйелеуден соң тарихи-мәдени мұра саласында алаяқ­тықтың таралуына, және осы ретте діни экстремизмнің пайда болуында шектеу пайда болады. Яғни белгілі бір өлшемдер негізінде киелі жерлерді жүйелеу табиғи және басқа да киелі мекендердің тарихи-мәдени сараптама механизмін жасап шығаруға мүмкіндік туады. «Киелі» деген ұғым арқылы біз бар нәрсені қадірлеуді, құрметтеуді үйренгенбіз және қазіргі қоғамдағы жастарға осыны үйретуіміз қажет. Ол ғылыми деректерге сүйеніп, нақты ақпаратпен қамтылады. Тек қана өзінің туған жерінің қасиетті орындары(нысандары) туралы толық мағлұмат алған әрбір адамның сана-сезімі ояу, көкірегі биік болады және ол өз жерін ұрпақтан ұрпаққа танытып,  келешек жастарды патриот етіп қалыптастыруды көздейді. Осы орайда қазіргі таңда киелі(қасиетті) орындардың қоғамға берері мол, ұлттық кодты сақтап қалуда алатын орны ерекше, – деді.

Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Талғатбек Әминов те өз баяндамасын оқыды:

– XX ғасырда Қазақстанның астанасы болу құрметі бірнеше қалаға: Орынбор мен Қызылордаға, Алматы және Ақмолаға бұйырған еді.  Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы 1997 жылға дейін Алматы болғаны да баршаға мәлім.

Ал 1997 жылы елдің бас қаласы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Ел астанасын көшіру бастамасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев көтерген-ді. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында астананы Алма­тыдан Ақмолаға көшірудің өткір мәселесі туындады. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы» атты кітабында астананы Алматыдан көшіру идеясы 1992 жылы-ақ ойымызға келгенін жазады. Бірақ ол кезде бұл мәселені көтеру әлі ерте болды, өйткені ел экономикасының әлеуеті мұндай қадамды іске асыруға жетпес  еді. Еліміздің Президентіне, бұл идеяның негізгі бастамашы­сына күмәншіл адамдарды бұл қадамның дұрыстығына, қажет екеніне сендіруге тура келді. Шындығында, астананы жаңа орынға ауыстырудың уәжді негіздемелері бар еді.

Біріншіден, астананың солтүстікте орналастырылуы геосаяси себептерге байланысты болды: тәуелсіздікті қамтамасыз ету және сақтау мүдделерінде астана елдің географиялық орталығына айналуға тиіс-тін. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Қазақстан бұл әрекетімен Солтүстіктің Оңтүстікпен, Шығыстың Батыспен теңқұқылы ынтымақтастығына өзінің ашықтығын жария етер еді», – деп жазды.

Екіншіден, астананы көшіру қажеттігі елдің индустриялық­инновациялық дамуын нығайту міндеттерінен туындаған болатын.

Үшіншіден, Алматы ол кезде өз дамуының аумақтық ресурстарын сарқып болған-ды. Қала ары қарай аумағын кеңейте дами алмайтын болды, өйткені оны іс жүзінде барлық жағынан таулар қоршаған. Қала небары 400 мың тұрғынға арналып жобаланған, ал халқының саны XX ғасырдың 90 жылдарының ортасына қарай бір миллион адамнан асып кетті. Оның үстіне, елдің оңтүстік мегаполисін сумен жабдықтау мәселесі де қиындай түсті.

Төртіншіден, Алматыда экологиялық жағдай айтарлықтай нашар­лап кетті. Қаланың ауасын желдетіп, тазарту қиын болды. Кәріз жүйесі мәселесі де өткір еді. Қаланы ауызсумен және жылумен жабдықтау ісінде қиындықтар пайда болды. Қала маңында заңсыз және бей­берекет құрылыстардың жедел қарқын алуы онсыз да қиын жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі қаупі туды. Сейсмика тұрғысынан да кейбір қиындықтар пайда болды.

Бесіншіден, жаңа жағдайларда әуе, теміржол, автокөлік жолдарының қиылысында тұрған Алматының қолайлы көлік қатынастары болмады.

Бүгінгі күн биігінен қарағанда, біз астананың оңтүстіктен сарыарқаның солтүстігіне көшірілуінің маңызды себептерінің тағы бірін айтпай өте алмаймыз: елдің оңтүстігі халық, әсіресе тұрғылықты жұртшылық (қазақтар) өте тығыз орналасқан өңірге айналды. Сондықтан республикамыздың жаңа басшылығына демографиялық және ұлттық саясаттың бағытын да біршама өзгерту керек болды. «Еуразия факторы» да соңғы орында қалған жоқ: бұл жайында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев сөзбе-сөз: «Қазақстан – еуразиялық ел. Ақмола – еуразия континентінің географиялық орталықтарының бірі. XX ғасырдың кикілжіңге толы тарихында біз алғаш рет мемлекет астанасы туралы шешімді дербес қабылдап отырмыз», – деді. Жаңа тәуелсіз Қазақстанда өткізіліп жатқан реформалардың елеулі табыстары енді тікелей астананың жаңа орынға көшірілуіне байла­нысты мәселенің шешім табуына тәуелді болуы мүмкін еді. Қазақстандық қоғамның дұрыс ойлайтын бөлігі жаңа Қазақстанды жаңа астанада құру қажет екенін түсіне бастады. Бұл идея жұртшылықты бірте-бірте иландырды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 1993 жылдың соңында-ақ астананы алматыдан республикамыздың басқа бір қаласына көшіру туралы ойын алғаш рет ашық айтқан-ды. Әртүрлі қалалар: Ұлытау, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау және басқалары аталды, бірақ мемлекет басшысы Ақмоланы таңдады. Бұл бастама ресми деңгейде 1994 жылы шілденің 6-сында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он үшінші шақырылған сессия­сында сөйлеген сөзінде жария етілді. Депутаттар бұл бастаманы өздерінің қаулысымен ҚР Президентінің туған күнінде қолдады. 

Сөз соңында айтарым, «Астананың мәдени мәтіні» атты халықаралық конференцияға қатысушыларды осы форумның өтуімен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге үлкен шығармашылық табыстар, Отанымызға тыныштық, әрқайсыларыңызға зор қуаныш пен сарқылмас күш-қуат тілеймін! Елбасымыз құрған Елордамыз мәңгі жасап, жылдан жылға көркейіп, гүлдене берсін!

(Кей мәліметтер ҚР ҰАК баспасөз орталығынан алынды)

Фото автордікі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға