Жаңалықтар

«Астана ақшамы» театр тақырыбын қалай көтереді?

Театр тынысы
«Астана ақшамы» театр тақырыбын қалай көтереді?
17.09.2017 10:08 6312

«Астана ақшамы» газеті театр тақырыбына ерекше көңіл бөледі. Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Жастар театры, «Астана опера» театр репертуарларының аңдатпасын «Не? Қайда? Қашан?» айдарында жазады, өткен, өтетін спектакльдерді «Кеше», «Бүгін», «Ертең» хроникасында хабарлайды, театр жеңістерін «Ақпарат ағынында» заметка арқылы сүйіншілейді.

Басылым аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері таралатынын есепке алсақ, сәуір айында бас-аяғы газеттің 13 номері жарыққа шыққан. Соның 10 номерінде мәдениетке байланысты 14 материал жарық көрген: 12-сі – хабарлама жанрында, біреуі – көркем-публицистикалық, енді біреуі – талдамалы жанрда. Бір ғана айды мысал етіп, жалпылама қандай да бір қорытынды шығаруға асықпаймыз әрине. Алайда, мынаған да назар аударалық. Мәселен, Жаңа премьераны тамашалап, кем жағын сынайды, жақсы жағын атап көрсетеді. Құнды шығармаларды танытуды мақсат етіп, рухани өнер ордаларына ақпараттық қолдау көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, газет бетінде спектакльге қатысты рецензиялар жиі жазылады. Мәселен, «Өз бейнеңді өзің сомдасаң», «Сұңқар Сәкен сәтті сомдалды», «Терең ойлы туынды», «Жүрек тербеген туынды», «Ғашықтардың ғажайып хикаясы» тағы сол сияқты. Алайда, бұл Астана қаласы әкімдігіне қарайтын өнер ұжымдарының жұмысы, дамуы болғандықтан, бұны міндетті тапсырма деп қарағанымыз жөн. Ал, журналистің өзіндік шығармашылық лабораториясындағы ізденістер, жаңа бір тың тақырыптар неге аз?  

«Егер журналист газет жанрларының теориясын жақсы біліп, оны өз ісінде жемісті қолдана білсе, газет материалдары бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсап тұрмай, бірін-бірі қайталамай, әрқайсысы өз жақсылығымен жарық көреді, саны жақсарады, жазылу түрі соны сипат табады, мазмұны тереңдейді, нәтижесінде, ондай газет материалдарын оқушылар сүйсініп, қызыға оқитын болады». Демек, оқырманды тарту үшін де жанрды жаңғыртып, түлетіп отырудың ролі орасан зор екендігін жоғарыдағы ғалым сөзінен тұжырымдаймыз. Көпшілік, оқырман журналистикадан жаңалық күтеді.

Өкінішке қарай, жолжазба, очерк сынды жазбалар да қазіргі қазақ баспасөзінде өте сирек. Фельетон мен памфлетті мүлде жазылмайды десе де болады. «Астана ақшамы» газетінде жазылған «Ұлылар еліне ұмытылмас саяхат» (21.08.2014 ж.) атты Аманғали Қалжановтың мақаласы сондай сирек жолжазбалардың бірі. Көркем-публицисткалық жанрға тән белгілер жеткілікті. Автор нақты тарихи деректерді екінші планға ысырып қойып, өзінің көзімен баяндауға бірінші кезекте орын береді. Бұл мақаланың алғашқы жолдарынан бастап басты кейіпкер автордың өзі көрген, білген һәм түйген дүниелерді шұрайлы тілмен һәм эмоционалды деректерді қосып баяндайды:

«Осыдан үш жыл бұрын, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың ғасырлық мерейтойы тұсында табиғаты әсем Қарқаралы өлкесіне жолымыз түсті. Сол кезде 1851 жылы Құнанбай қажы салдырған мешітті, Абай әкесімен бірге түскен татар саудагерінің үйін көзіміз көрді. Биыл жаз ортасында ойламаған жерден Абайдың кіндік қаны тамып, дамыл тапқан өңірге сапарладық. Ондай мүмкіндікті ұлы данышпанның өмірі мен шығармашылығын қазаққа жеткізе түсуді мақсұт тұтқан Астана қаласындағы жалғыз орын – «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры және бізді осы сапарға аттандырған өзіміздің газет редакциясы тудырды». Қасым Аманжолов, оның мерейтойы, оған автордың баруы негізгі тақырыпқа мүлде қатысы жоқ сияқты көрінгенімен, автордың өз басынан өткен және өтетін жайттар арқылы бір композициялық құрылымға бірігіп тұр.

Жолжазбаның кіріспесінде осылай өткен шаққа сәл шегініс жасағаннан кейін ғана автор негізгі оқиғаларға көшеді. Жалаң фактілер, деректер айтылмайды. Жидебай жерінің қазақ руханиятында алатын орны, «Абай оқуларының» маңыздылығы, Абай Құнанбаев мұраларының мәтіндік зерттелуі сынды маңызды деректерді құрғақ факті ретінде емес, көркемдік образдың құрамдас бөлігі ретінде ұсынылады.

«Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газеті мәдениеттің барлық саласын қамтып отырады. 2010-2014 жылдардағы газет бетіне үңілсек, ұмыт болған қайнар көздерімізді қайта жаңғырту, руханиятты сауықтыру, ұлт мәдениетін ұлықтау мәселелері күн тәртібіне қойылған. Руханият күретамыры әдебиет те назардан тыс қалмайды. Осы тақырыптар аясындағы мақалаларды сарапқа салып көрсек, өнер және әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен сұхбатқа көбірек орын берілген. Көп көрген, талайды кешкен қазыналы қариялардың әңгімелері жарияланды. Роза Бағланова, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Гүлфайрус Исмайлова, Әмен Хайдаров, Қадыр Мырза Әли сынды тұлғалардың әңгімелері тасқа басылды. Өйткені, аудиторияны әлемдегі уақиғалар ғана емес, сол уақиғаға тікелей қатысушылардың тұлғалық ерекшеліктері де қызықтырады. Әр тұлғаның көрген-білгені, мінезі, өзіне тән дүниетанымдық көзқарасы, айрықша қабілеті, кәсіби дағдылары бар. Журналистің тұлғаның қасиетіне қатысты сөз өрбітуі  интервью түрінде болса, оның қандай да бір құбылыс жөнінде өзі хабарлағанынан сұхбаттасушының әңгімелеп бергені әлдеқайда әсерлі шығатыны белгілі.

«Интервьюдің мақсаты – қоғамдық маңызы зор бір мәселе, оқиға, тың бастама, қызықты құбылыс жөніндегі соған қатысы бар, өзі араласқан беделді де білікті адамдардың, мамандардың пікірімен жұртшылықты таныстыру. Білікті адамдар әңгімелегендіктен, жете түсіндіруді, мәнін тереңірек ашуды қажет етіп тұрған болмыс, құбылыстардан жұрттың жеткілікті мағлұмат алуын қамтамасыз етеді. Ол туралы оқырмандарға бұрын белгісіз, тың дерек-мәліметтер естіп, білуге жағдай жасайды. Сөйтіп интервьюде факт, оқиға, болмыс, құбылыстың қоғамдық, әлеуметтік мәні әңгімелесушінің хабарлауы, айтуы, түсінік-пікірі арқылы ашылады. Онда факт көзі де, оған түсініктеме беруші де – әңгімелесуші адам. Әрине, бұл ретте журналист те үлкен үлес қосады. Ол интервью беруші дұрыс бағыттап, оған ең қажетті нәрселерді айтқыза білуге тиіс». 

Біз мысал етіп отырған уақыт ішінде газеттегі бай мазмұнымен, мол дерегімен көзге оқшау көрінетін сұхбаттардың авторы ретінде Раушан Төленқызы мен Нәзира Байырбекті атай аламыз. Жазуға арқау еткен тақырыптары тапқыр, сұрақтары жеңіл-желпі емес, тұлғаның еңбек жолы, тәжірибесі мен біліктілігін ашуға бағытталады, ел мәдениетіне қатысты маңызы бар өткір мәселелерге деген көзқарасын танытады.

Мәдениет тақырыбындағы сұхбат, оның ішінде диалог-сұхбатқа мысал ретінде «Астана ақшамы» газетінің 2013 жылғы 22 ақпандағы нөмірінде жарияланған «Мұқағали бейнесі арқылы қоғамның мұңын айттық» атты материалды мысалға алдық. Журналист Нұргүл Аханқызы театр актері, «Дарын» сыйлығының лауреаты Жанқалдыбек Төленбаевпен театрдағы бір қойылымның төңірегінде сұхбат құрады. Осы орайда, сәл шегініс жасап, журналистиканы жанрға жіктеп жүрген, оның ішінде сұхбат жанрын іштей «ақпараттық сұхбат», «диалог сұхбат» деп түрліше бөлетін зерттеушілер бар екенін айта кетейік. Нұргүл Аханқызының сұхбатын диалог сұхбатқа жатқызамыз.

Сұхбат кейіпкері Жанқалдыбек Төленбаев болғанымен, сұрақтар мен жауаптардың көпшілігі Мұқағали шығармашылығына, «Мұқағали» драмасына қатысты. «- Сіз басты кейіпкердің рөліне қалай бекітілдіңіз?» «– Мұқағалидай тау тұлғаның образына ену оңай болмаған шығар?» Спектакльдің негізгі идеясы нені көксейді, қандай мәселені алға тартады, ақынның болмысын қаншалықты ашты? Ақынмен өз бойыңыздан ұқсастық табасыз ба? Сұрақтардың дені осылай өрбиді.

Бір туындының төңірегінде ғана сұхбат құру бұл материалдың ерекшелігі деуге болады. Яғни, театр репертуары туралы рецензиялардың өзінде айтылмауы мүмкін ақпараттарды сұхбаттан алуға болады. Автордың Мұқағали өлеңдерімен таныстығы, «Мұқағали» қойылымын сахнадан көргені, актер Жанқалдыбек Төленбаевтың шығармашылығынан хабардар екені байқалады. Театр сынды классикалық өнерге қатысты материал қашан да құнды һәм оқырман үшін қажет.

Дегенмен, автор тарапынан кейіпкерінің шығармашылығына қатысты нақты сауалдар жоқ. Жалпылама сұрақтармен шектеледі. Сонымен қатар, оның шығармашылығына тән кейбір элементтерге тоқталмайды. Жанқалдыбек Төленбаевтың тарапынан айтылған жауаптарды ұсыну бар, жауапқа қатысты қосымша сауал туындамайды. Яғни, журналист кейіпкерінің айтқандарының барлығымен келіседі деген қорытынды шығаруға болады.

Бұл Нұргүл Аханбаеваға ғана тән кемшілік емес. Жалпы, қазақ журналистеріне тән үрдіс. Оның себебі елімізде салалық журналистиканың жаңадан қалыптасып келе жатқанымен байланыстырған жөн. Филология ғлымдарының кандидаты Қайрат Сақ айтқандай, «қазір журналистер редакция қан­дай тапсырма берсе, соны орындауға міндетті. Басқаша айтқанда, ол бүгін саясат тақырыбында қалам тербесе, келесіде экономика, мәдениет, спорт тақырыбын қаузауына тура келеді. Бұған журналистердің жан-жақтылығы көмек беруде. Ал, салалық журналистерді дайындағанда, олар тек бір салаға бейімделіп шығады. Оларды басқа тақырыптарға жегуге болмайды». Театр туралы шағын ақпарат жазу бір бөлек, қандай да бір қойылым туралы талдау мақала жазу, не болмаса өткір сұхбат алу өз алдына бөлек.

Мәдениет тақырыбына жазу дегенді әншілермен сұхбат құру деп түсіну осы тақырыпта қалам тербеп жүрген жандардың ғана емес, жалпы қазақ журналистикасының бағасын түсірумен бірдей. Дегенмен, музыка тақырыбы, оның ішінде ән, эстрадалық ән тақырыбы жас журналистер үшін жазуға қызық тақырып, оқырман үшін де оқуға қызықты тақырып. Ән туралы материалдың аясына жұлдызбен сұхбат жасау ғана жатпайды. Оның аясында мәденит тарихы, рухани мұралар, ән тарихы, әншінің өмірбаяны бар. Тіпті, музыка саласындағы проблемалар мен қоғамдағы қайшылықтарды да көрсетуге мүмкіндік береді. Асхат Райқұлдың «Жақсы еді, дариға, Жайлаукөл кештері» атты сұхбатына көз жүгіртейік («Астана ақшамы» 27.02.2014 ж.). Бұл материалды монолог-сұхбат» жанрына жатқызамыз. Себебі, материалдың құрылымдық композициясы сұхбат кейіпкерінің естеліктеріне, лирикалық шегіністеріне құрылған.

«Жайлаукөл кештері» әні көпшілігімізге «МузАРТ» тобының орындауымен таныс. Ұлдызды топтың жұлдызды әні туралы материал оқырманға қызықты тақырып ұсынудың бір жолы. Бұл әннің шырқала бастағанына да қырық жылға таяған. Яғни, оқырмандардың жас аудиториялары айтарлықтай үлкен деуге болады. Ә дегеннен атағы алысқа жеткен ән күні бүгінге дейін тыңдаушысын жалықтырған жоқ. Уақыт озған сайын ысылған алтындай жарқырап, құлақ құрышын қандыруда.

Бір айта кетерлігі, қазақ журналистикасында әндердің тарихына үңілу, оған арнайы айдар ашу бұрыннан бар тәсіл. «Айқын» республикалық газетіндегі «Бір әннің тарихы», «Нұр Астана» республикалық жастар газетіндегі «Ән тарихы әріде» сынды айдарлар осының дәлелі. Ал радио мен телевидениеде осы тақырыпқа қатысты бағдарламаны әр телеарнадан көруге болады.

«Астана ақшамы» газетіндегі нақты осы мақалаға келер болсақ, туындының шығу тарихы туралы оның авторы, композитор Ілия Жақановтың баяндауы да қашан да қызықты. Журналист материалдың кіріспесінде ғана бой көрсетіп, сосын кейіпкерін бірінші қатарға – басты кейіпкердің орнына шығарғаны өте орынды шешім деп білеміз.

Кейіпкер «Жайлаукөл» кештері туралы айтпас бұрын, алдымен басқа бір атақты әнге қатысты мәліметке кезек береді:

«1976 жыл. Тамыз айы. Әдеттегідей, маужыраған, мүлгіген қалпында еді шаһар. Мен Қазақ радиосы музыка редак­циясының бас редакторы едім. Үзіліске шығар шақта үш композитор келді: Шәмші Қалдаяқов, Теміржан Базарбаев және Күнсайын Қуатбаев. Сол күні біз сту­денттік өміріміз­дің жарқын сәттері өткен «Алматы» мейрамханасына келдік. Ағаш­тан тұрғызылған керемет мейрамхана кейін өртеніп кетіп, қайта жаңарды ғой.

Төртеуміз басқосуымызда сту­денттік серуен құрған шақ­тарды, есте қалған қызықты уақи­ға­ларды әңгімелеп отырдық. Әсіресе, ән төңірегінде, орыс-совет компо­зи­торларының туындылары жөнінде ашыла сөйлестік. Василий Соловьев-Седой, Матвей Блан­тер, Мансұр Мұзафаров, Вячеслав Дуликов, Вано Мурадели шығармаларын тақырыпқа айналдырдық. Соловьев-Седойдың «Подмосковные вечера» әні жа­йында көп айттық, тамсандық. Әрқайсымыз көкейіміздегі пікірі­мізді жеткіздік. «Сезімді терең қозғаған әдемі лирика бүкіл әлемді қалай тебірентті десеңші!.. Барша тың­даушысын баурап, жер бетіне тарады ғой» дестік. «Осы ән қай уа­қыттан шырқала бастады?» [24,3-б],- деген сауал туды.

Осымен сұхбаттың алғашқы тарауы тәмам. «Алматы. Трошин. Подмосковные вечера» деген тақырыпша қойылған екінші тарау оқырманды мүлде күтпеген арнаға жетелейді. Және бұл алғашқы сөзінен басталады: «…1957 жыл». Жоғарыда келтірілген мәтінде тарау «1976 жыл» деп басталса, бұл тарауда аттай жиырма жылға шегініс жасалады. Лирикалық шегініс:

«…1957 жыл. Сабақтан жиі қашып, Қазақ­кон­цертте ұйымдас­ты­рылатын шаралардан қалмауға тырысатын едік. Сондай күндердің бірінде Мәскеуден атақты әнші Владимир Трошин келіп, кеш өткізді. Үстіне аспан түстес костюм киген, бойшаң, келбеті жарасқан Владимир рояльды емін-еркін соғып, Соловьев-Седойдың «Подмосковные вечера» әнін әуелетті. Сол кезде ине шаншар жері жоқ лық толы зал сілтідей тынып, адамдардың демі бітіп қалғандай өлі күйге түсті. Рояльдың үні сондай таза, мөлдірей көтеріліп, Штраустың «Прелюдиясы» сияқты төгіліп, сабырмен, балбырап тәмамдалғанда, үнсіздік аз уақытқа жалғасып, дүр қол соқты көрермен. Артынан «Браво, браво!» деген айқай естілді.

Міне, «Подмос­ковные вечера» 1957 жылы менің санама осылай орнығып, көпке дейін осы әнмен өмір сүріп жүргендей болдым. Кейін бұл ән студенттік жатақ­ханаларда, кештерде айтыла бас­тады. Қай жерде болса да «Подмосковные вечера» рояльмен шырқалатын…»

Материалдың үшінші тарауы «Все это верно, бұл «Жайлаукөл кештері» деп қойылған. Кейіпкердің аузымен айтылған сөздің қазақша тәржімаланбай, сол қалпы берілуінің өзі ауызекі әңгіменің табиғаты бұзылмай суреттелуіне әсер етіп тұр.

Ілия Жақановтың айтуынша, арада жылдар өткеннен кейін Шәмші Қалдаяқов Жайлаукөл ауылы орын тепкен Сарысу ауданына барады. Композитордың Мойынқұмға, Отырарға ән арнағанын білетін жергілікті халық Жайлаукөлге де ән арнауын өтінеді. Алайда, Шәмші бұл әннің жазылып қойылғанын, оның авторы Ілия Жақанов екенін айтады.

Бұл да көркемдік тәсіл. Сұхбаттың басты нысаны «Жайлаукөл кештері» әніне композитор немесе журналист емес, Шәмшінің сөзімен баға беріледі.

«Астана ақшамы» басылымында берілген мәдениет тақырыбындағы материалдардың жанры, пішіні әртүрлі. Ең жиі кездесетіні шағын ақпараттар мен хабарламалар. Басылым нөмірлерінде сұхбат пен рецензия жанрындағы дүниелердің де жиі жарияланатындығын аңғардық. Астанада өткен шаралар туралы репортаждар да кездеседі.

Формалық жағынан ерекшеленетін дүниелер деп «Қансонарда қызық көп» (13.02.2014 ж.), «Жанарда жүрген қонақтап, қоңырқай күзде сорлы мұң» (04.03.2014 ж. Авторы Әділбек Жапақ), «Әдемілікке жаным құштар» (07.04.2014 ж. Еркежан Сәтімбек) және басқа да материалдарды мысалға келтіруге болады. Мәселен, «Әдемілікке жаным құштар» атты материалды ұжымдық сұхбат деп атауға негіз бар. Себебі, автор сұхбат берушіге оқырмандардың тарапынан қойылған сауалдарды қояды. Материал жарияланған «Оқырманға он сұрақ» деген айдар да оның жаңа формалық ізденіске ұмтылғанын аңғартады.

«Астана ақшамы» газетінде очерк, жолжазбалар сирек жарияланады. Театр, кино тақырыбындағы рецензиялардың мазмұнын байыту үшін салаға қатысты кәсіби шеберлікті жетілдіре түсу керек. Авторлар тарапынан өзіндік байлам жасау, субъективті көзқарасын халықтың атынан айтылған материалдар да кездеседі. Мәдени саланы кеңінен қамту басылымдағы материалдардың басты артықшылығы деп бағалауға болады. Музыка, көркем әдебиет, мүсін, кескіндеме, театр, кино, би өнеріне қатысты материалдар басылымда жиі жарияланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға