Жаңалықтар

«Астана» ешкімге дес берер емес

6-тур кездесулері қалай болды?
«Астана» ешкімге дес берер емес
22.04.2018 20:45 3124

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының 6-тур ойындары өтті. Барлық кездесулер нәтижелі болып, турнир кестесінде біршама өзгерістер орын алды.

Теміртауда қарағандылық «Шахтер» «Ақтөбе» клубын қабылдап, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Біршама негізгі құрамдағы ойыншылардың жарақаттарына қарамастан, ақтөбеліктер қарқынды шабуылдарға төтеп беріп жатты. Ойынның бірінші бөлігінде «Шахтер» Нұрмұхаметов қорғаған қақпаның кілтін таба алмай, әбігерге түсті. «Сен салмасаң, саған салады» дегендей ойынның 36-минутында ақтөбеліктер Аслан Кәкімовтың көмегімен есепте алға шықты. Алғашқы минуттан бірінші нөмірмен ойнаған қарағандылықтар тек екінші таймның 77-минутында тыңнан алаңға шыққан Өміртаев нәтижелі соққысымен есепті теңестіре алды. Владимир Мухановтың шәкірттерінің осал тұсы стандартты шабуылдар екенін жақсы біліп алған «Шахтер» ойыншылар, ақыры осындай шабуылдың нүктесін қоя білді. Есеп – 1:1. 6 кездесуден соң, «Шахтердің еншісінде 9 ұпай болса, бүгінгі қарсыласы «Ақтөбеде» 5 ұпай.

Талдықорғанда өткен кездесуді ешкім «Жетісудің» жеңісімен аяқталады деп ойламағаны анық. Осы маусымды үздіктер қатарынан көрінеміз деп бастаған павлодарлық «Ертістің» асығы алшысынан тұрар емес. Өткен турда «Астанадан» оңбай таяқ жеген испандық Херард Нус ойыншылар бұл жолы да Талдықорғанда ұпай жоғалтты. Бірінші таймда «Ертіс» капитаны Карлос Фонсека гол соғып, палодарлықтарға сенім ұялатқан. Бірақ, ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда Рифат Нұрмұғамет таблодағы есепті теңестіріп қойды. Ал төреші қосқан косымша уақытта  Олег Хромцов «жетісулықтарды» алға шығарып, маңызды 3 ұпайды қоржынға салып берді. Бұл жерде «Жетісудың» бас бапкері Дмитрий Огайдың көрегінділігіне қол соғу керек. Себебі, бүгін көзге түскен футболшыларды ол тыңнан қосқан еді. Сонымен, бұл жеңістен соң «Жетісу» мен «Ертістің» ұпайы теңісті. Қазір қос команда 7 ұпаймен турнир кестесінің 7-8 орындарын бөлісіп тұр.

Бұл турдағы ең шулы ойын «Тобыл» мен «Ақжайық» арасында орын алды. Оралдық команданың өткен турда шымкенттік «Ордабасыны» тас-талқан еткендігін әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Турнир кестесінде алдыңғы орынға жайғасқан қостанайлық командаға да біраз сес көрсетті. Владимир Мазяр футболшылары ойынның 12-минутында Адеринсол Эсеоланың көмегімен есеп ашқан. Ал ойынның 33-минутында төреші жоқ жерден оралдық аяқдопшы Еркебұлан Нұрғалиевке қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Ол жерде тіпті ешқандай ереже бұзылмаған болатын, керісінше қостанайлық ойыншы Еркебұланның жолын кесе-көлденең жапқан. Десек те, көрсетілген карточканың кері қайтарылмайтыны бар. «Ақжайық» кем ойыншымен қалса да, есепті ұстап тұруға тырысты. Бірақ, шабуылшы Таңат Нөсербаев өзіне берілген тапсырманы сәтті орындап, есепті теңестіріп кетті. Ойынға басқа өзгеріс енбей, басты қаһарман астаналық төреші болып қала берді. Бұл тең нәтиже «Тобылды» 3-орынға сырғытты. Қостанайлық клубтың еншісінде барлығы 13 ұпай (әзірге 3-сатыда), ал «Ақжайық» 8 ұпаймен 6-орында тұр.

«Атырау» футбол командасы маусым басталғалы өз жанкүйерлерін қуанта алмай-ақ қойды. Бұл жолы олар Петропавловсктен алып қайтқан тең есепті қанағат тұтады. Жергілікті «Қызыл-Жар» клубына қарсы өткізген ойында олар фоварит болып есептелген. Бірақ, жанкүйерлерден қолдау алған «қызылжарлықтар» «мұнайшылардың» қақпасына пенальтиден гол салып, тіпті жағдайларын қиындатып қойды. 11 метрліктен Шота Григалашвили көзге түсті. Ал ойынның бітуіне 15 минут қалғанда Эльдар Абдрахманов мергендігімен танылып, «Атыраудың» қоржынына екінші ұпайды жазды. Есеп – 1:1. Бұл есеп ойынның әділ бағасы болды. Себебі, қос команданың жасыл алаңдағы әл-аухаты деңгейлес еді. Осылайша, «Қызыл-Жар» 4-ұпайына қол жеткізсе, «Атырау» командасында бар болғаны 2 ұпай. Турнир кестесінде қос клубтың да жағдайы мәз емес. Олар соңғы 10-11 орынды бөлісіп тұр.

Бұл турдағы орталық кездесу Шымкентте өтті. Жергілікті «Ордабасы» командасы, ел чемпионы «Астананы» қабылдады. Стадионға жиылған 15 мыңға жуық көрермен Дерменджиев шәкірттерінен жеңіс күткен болатын. Бірақ ойынның алғашқы бөлігінде астаналық шабуылшы Алексей Щеткин екі рет Жасур Нарзикуловтан айласын асырып, «Астананың» кезекті жеңісіне жақындата түскен. Таймның аяқталуына бірер минут қалғанда Еркебұлан Тұңғышбаев Эрич күтпеген соққы жасап, ардагер қақпашының қателесуіне ықпал етті. Ойынның екінші бөлігінде шымкенттік футболшылар есепті теңестіруге барын салғанмен, одан артық ойынға өзгеріс енген жоқ. Кездесу соңындағы баспасөз отырысында «Астана» бас бапкері Григорий Бабаян алаң сапасына наразылығын білдіріп, ойынның тартысты өткеніне тоқталды. Айта кетерлігі, шымкенттік клуб сапында бірнеше негізгі құрам ойыншылары жарақат алып қалғандықтан, басты кездесуге қатыса алмады. Сонымен, «Астана» 6 ойыннан соң, 16 ұпаймен жеке-дара көш бастаса, шымкенттік команда соңғы турлардағы сәтсіздігінен, турнир кестесінде 12 ұпаймен 4-орынға сырғып кетті.

Бұл турдағы ең нәтижелі ойын Алматыдағы Орталық стадионда тіркелді. Қызылоданың «Қайсарын» қабылдаған халық командасы еш аянып қалмады. «Қасқырлар» барынша тырысып баққанмен, алматылық ойыншылардың шеберлігіне қарсы тұру мүмкін болмады. Ойының 19-минутында бразилиялық футболшы Исаэль нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, өзі нүктесін қоя білді. Ал оған «Қайсар» футболшысы Курьор 37-минутта жауап қатып, таблодағы көрсеткішті теңестіріп қойды. Ойынның келесі бөлігі тек алматылық команданың шабуылымен өтті. Ардагер ойыншы Аршавин бұл кездесуде де нәтижелі ойын көрсетті. Алдымен өзі «Қайраттың» 2-добын соққса, 76-минутта Чума Анененің көзге түсуіне жол ашты. Ойынның негізгі уақыты аяқталып, төреші қосқан қосымша минутта алматылық қорғаушы Станислав Лунин ойынның нүктесін қойды. 4:1 есебімен басым түскен «Қайрат» 14 ұпаймен турнир кестесінде 2-орынға көтерілсе, қызылордалық команданың жағдайы келіспей тұр. «Қайсар» бар болғаны 2 ұпаймен, соңғы орынды місе тұтуда.

7-тур ойындары 28-29 сәуір күндеріне жоспарланған. «Атырау» өз алаңында бүгінгі турдың қаһарманы «Жетісуды» қабылдаса, «Ақжайық» Ақсайда «Шахтермен» кездеседі. «Одабасы» «Қайсарға» қонаққа барады, ал «Ертіс» алматылық «Қайратты» қабылдайды. Ал 29 сәуірде «Астана» мен «Тобыл», «Ақтөбе» мен «Қызыл-Жар» арасындағы кездесулер өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға