Жаңалықтар

АҚШ-қа келіп, менеджерді өзім таптым

Кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеевпен сұхбат
АҚШ-қа келіп, менеджерді өзім таптым
27.12.2018 10:13 5769

 

30 жастағы былғары қолғап шебері бүгінге дейін кәсіпқой бокста 10 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ендігі жұдырықтасу кеші 11 қаңтарда Калифорния шататындағы Санта-Инез қаласында 32 жастағы пуэрторикандық Луис Эрнандеске қарсы өтпек.  Осы кездесу алдында Мадиярмен тілдесудің сәті түскен еді.

– Мадияр, жағдайыңыз қалай? Алдағы кездесуге дайындық қалай өтіп жатыр?

– Жағдайым да, дайындығым да өте жақсы. Жаттығуды күшейтіп, аптасына 3 рет алты немесе сегіз раундтан тұратын спаррингтер өткізіп жатырмыз.

– Пуэрто-Рико елінің боксшысы туралы бар ақпаратты жинап үлгерген боларсыздар...

– Луис Эрнандес шаршы алаңда өткізген 16 кездесуін жеңіп, 6 рет жеңіліс тапқан. Соған қарамастан, ол өте шебер боксшылардың бірі. Тек ұпай айырмасымен ғана қарсыластарынан ұтылып қалыпты. Бапкеріммен бірнеше кездесуін қарап, тактикамызды түзедік. Енді, кімнің басым түсетінін 11 қаңтардағы жекпе-жек көрсетіп бермек.

– Жақында WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған Брэндон Риоспен спарринг өткізіп жатқаныңызды көріп қалдық. Онымен қалай байланыс орнаттыңыздар?

– Қазіргі кезде дайындығымды пысықтау үшін сондай әлемді бағындырған мықтылармен жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлгі қарсыласымның стилі осы Риоске келеді. Сонымен қатар, Брэндонның да кезекті кездесуі ақпан айында болып отыр. Былайша айтқанда, бұл спаррингтің екеумізге де пайдасы тиюде. Осындай тәжірибесі мол, 12 раундты көп сезінген, төзімді, мексикалық стилдегі боксшыдан үйренерім көп екен.

– Кәсіпқой боксқа ауысқаныңызға 3 жылдан асыпты. Осы уақытта 10 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттіңіз. Бұл кәсіпқой боксшы үшін осынша уақыт аралағында көп пе, әлде аз ба?

– Үш жылда 15 немесе 17 жекпе-жек өткізуге болады. Кездесудің саны раундтарына байланысты. 6-раундтық жекпе-жектерге жылына бес рет, 8-раундтықтарына төрт рет шығу мүмкіндігі бар. 12 раундтық ұрыстарға шығып жүрген спортшылар жылына 1-2 ғана кездесу ұйымдастыруының сыры осында жатыр. Сонымен қатар, қарсыластарды рейтингке байланысты да таңдаған дұрыс. Қанша бокстасып жүрсең де, рейтингтегі ұпайыңа әсері болмауы мүмкін. Өзіме келер болсам, 10 кездесу аздау. Себебі, жоспарым бойынша 13-15 жекпе-жек өткізуім керек еді.

– Оған жарақатыңыз себеп болған шығар. Қазір жарақаттан толық айықтыңыз ба?

– Иә, дұрыс айтасыз. Көбірек кездесу өткізуіме сол жарақаттың зияны тиді. 8-кездесуде қарсыласыма баспен соғысып, қабақ пен мұрын сүйектерінің ауыр жарақатын алып, ұзақ уақыт емделдім. Ота жасаған кезде дәрігерлердің наркозды артығымен беріп қоюы, хал-ахуалымның одан сайын нашарлауына алып келді. Жаттығу жүргізу түгілі, аяғымнан тұруым мұң болды. Осыдан кейін АҚШ пен Қазақстан ортасында жүріп, ем қабылдап, ауруханаларда табаным тозды. Жыл басында 3 наурыз күні алты раундтық кездесуге шығып, өзімнің дайындығымды сынап көрдім (Эквадор елінің өкілі Эдуардо Флоресті 4-раундта техникалық нокаутпен жеңді-авт.). Енді, жұдырықтасуға 100 % дайынмын деп айта аламын. 

– Сіз атақты менеджер Эгис Климаспен келісімшарт жасаған алғашқы қазақстандық боксшысыз. Әлемнің үздік менеджері атанған маманмен жолыңыз қалай түйісті?

– Менің АҚШ-қа келіп, менеджер іздеуімнің өзі өте ұзақ әңгіме. 2015 жылы әуесқойдан  кәсіпқой боксқа өтіп, жалғыз өзім менеджер мен промоутер іздеп мұхит астым. Осындағы көптеген менеджерлермен кездестім, олардың ұсынған келісімшарттары көңілімнен шықпады. Қанат Ислам мен Бейбіт Шүменов секілді ағаларымыздан да ақыл сұрадым. Сөйтіп жүргенде жаттықтырушы Роберт Гарсияның  бокс залына келіп, менеджер Эгис Климаспен жүздесудің сәті түсті. Ол мені тексеру үшін 4 раундтық бір спарринг ұсынды. Жұдырықтасу барысында қарсыласым кездесуді жалғастырудан бас тартты. Эгис боксымды көріп, «қоңырау күт» деді. Ал менің визам тәмам болуға жақын. Енді, елге аттанғалы отырған кеште Эгис хабарласып, Қазақстанға барып 1-2 жеті дем алып кел деді. Одан соң,  өзі шақырту жіберетінін айтты. Сөзінде тұрып, елде жүргенде, арнайы шақырту жіберді. Мені сынап көру үшін 2015 жылдың 12-желтоқсанында бір кездесу ұйымдастырып берді. Америкалық қарсыласымды 2-раундта-ақ сұлатып түсірдім. Осылай тағы бір-екі сынақтан өттім. Қазір «Main Еvent» компаниясымен келісімшарт жасасып, жұмыс істеп келеміз. Ал Эгис Климас екеуміздің арамызда нақты шартнама жоқ.

– Қазір Климаспен келісімшарт жасаған қазақ боксшылары көбейді. Сол жігіттерге жол нұсқаушы болып жүрсіз бе?

– Мен үшін «әр қазақ – жалғызым». Өзім АҚШ-қа ешкімнің көмегінсіз келіп, біраз қиындықтар көрген соң, басқа балалар соны көрмесе екен деген ниет қой. Бірінші «Астана арландары» сапында тер төккен Асхат Уәлтхановты шақырған едім. Ол өкінішке қарай алғашқы кездесуінде техникалық қателіктен жеңіліс тапты. Бірақ, араға бір жарым жыл салып, өзіне промоутерлік компания тапты. Содан соң, 2016 жылы Олимпиадаға бару мүмкіндігінен айырылған Мейірім Нұрсұлтанов хабарласты. Оны да шақыртып, Эгиспен кездесу ұймыдастырып берем деп уәде бердім. Мейірім келе жатқанда Климас оның әуесқой бокстағы бірнеше кездесуін көріп, бірден ұнатыпты. Соның арқасында ұшақтан түсе сала оған келесімшарт құжаттарын ұсынды. Өздеріңіз білетіндей, бүгінге дейін Нұрсұлтанов 9 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетіп келеді. Одан басқа бірнеше боксшы хабарласып жатыр, қолымыздан келгенше көмектесіп келеміз.

– Бұлай айтып отырған себебіміз, сізден кейін бұл менеджермен Қанат Ислам және Жәнібек Әлімxанұлы да шарт жасады.

– Қанат ағамыз АҚШ-қа келгенде біраз уақытын жоғалтып, сенімді проумотрлік компания  таба алмай қиналған. Олардың арасындағы байланысқа ешқандай қатысым жоқ. Өздері кездесіп, жұмыс жасап жатыр. Ал Жәнібектің PR-менеджері Берік Сұлтан мен Эгис арасында өзара байланыс орнап, олар қазір Top Rank компаниясымен жұмыс жасап жатыр.

– Америкаға отбасыңызды толығымен көшіріп алып кетіпсіз. Жаттығу мен отбасына бірдей көңіл бөлу қиын емес пе?

– Иә, қазір отбасыммен осындамын. Өзім осында 4-5 жыл жүріп қалсам, елдегі екі балам менсіз қалай өседі деген ой келді де, оларды түгел алдырдым. Қазір екі қыз, бір ұлым бар. Жаттығу мен отбасы арасында ешқандай қиындық жоқ. Жұбайым жеке диетологым болып алған. Бапкерім жазып берген тізім бойынша ас мәзірлерін дайындап, бабымның сақталуына көп көмегін тигізіп келеді.

– Чемпиондық белбеудің белесі  көрінейін деді ме?

– Жақындап келеміз. Осыдан үш жыл бұрын рейтингте 1600 болып тұрсам, он кездесуден кейін жүздікке жылжыдым. Бұйыртса, интерконтинентальді американдық белбеулерге қол жеткізсем, әлемдік белбеулердің ұшы көрінеді. Оның барлығын жоспарлаушы –менеджерім. Ал мен тек жаттығуға көңіл бөлуім керек. Әр боксшының арманы әлемді бағындыру ғой. Менің де мақсатым – қазақ боксын әлемге паш ету.

– 2018 жыл сіз үшін қалай өтті? Қуанышты сәттеріңіз көп болды ма, әлде "қап, әттеген-ай" деген кездер көбірек пе?

– Өтіп бара жатқан жылға ешқандай өкпе арта алмаймын. Қуанышты сәттерге толы болды. Бастысы, денсаулығым дұрысталып, жұдырықтасуға толықтай дайын болдым.

– Келер жылға жоспарыңыз қандай?

– Жоспар көп, бастысы жаңа жылды 11 қаңтардағы жеңістен бастағым келеді. Сондай-ақ, әртүрлі тұжырым бойынша белбеулерге қол жеткізсем деймін. Сол секілді, АҚШ-қа қазақ былғары қолғап шеберлерін әкеліп, нағыз кәсіпқой бокстың қайнаған ортасына түсіріп, жол сілтегім келеді.

– Әңгімеңізге көп рақмет. Жеңіске жетуіңізге тілектеспіз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға