Жаңалықтар

«Айдаһар» – Көккөл

Шынымен, адам жұта ма?
«Айдаһар» – Көккөл
12.05.2017 12:27 22358

Көккөл жайлы аңыздар көп шықты. Талай адамды ұйығы алып кеткен соң оған түсетіндер мүлдем азайды. «Айдаһар мен түйе мекен етеді екен» деген сөздің тарағанына да біраз жыл. Ол әңгіме әлі де жүр. Десек те, құпияға толы көлдің сыры ақыры әшкере болды.

«Адам жұтатын» көл жайлы не білеміз?

Жамбыл облысы, Мерке ауданына қарасты Қарақыстақ жазығында орналасқан Көккөл туралы көптеген аңыз-әңгімелер халықтың арасында өріп жүр. Көлдің алып жатқан аумағы мен тереңдігі жайлы ақпарат жоқ. Тереңдеген сайын қараңғы тамұққа еніп кетеді екенсің. Төрт түлік мал мен жоғарыдан ұшқан құсты қоймай жалмайтын көл неше адамның өміріне де соңғы нүкте қойды. Әйтеуір бір құпияның барын халықтан әу бастан білген. Көл расында да жеке дара ешқандай өзен-бұлақпен байланыссыз жатыр. Ол жерден су ағып та шықпайды, бір жақтан құйылып та келмейді. Бірақ, аты айтып тұрғандай көл тұп-тұнық көк түстес. Суы да дәмді. Көлдің тағы бір ерекшелігі жыл жаңбырлы болса да, қуаңшылық болса да көл деңгейі бір қалыпта тұрады екен.

Көл жайындағы аңыз

Тұншыға шыққан дауыс... Ирелеңдеген алып жылан... Айдаһарға ұқсас бейне... Қос өркешті түйе... Мұның бәрін сол маңда тұратын халық жиі айтып жүреді.

Бір аңызда жыланбасты, мойыны ұзын, бір өркешті түйеге ұқсас мақұлық мекендейтіні айтылады. Ол мақұлық көлге емдік қасиет жібереді екен. Су ішуге келген кей малдың да ғайып боп кететіні, суда шомылып жүрген адамдардың да батуы, жоғарыда ұшып жүрген құстардың да суға тартылып, сіңіп кетуі сол мақұлықпен тікелей байланысты-мыс. Сондай-ақ бұл көлде алып айдаһар мекен етеді екен деген де аңыз таралып кеткен.

Ешқандай айдаһар да, түйе де жоқ...

Көлдің бетінде ойнайтын иірлер қайдан шығады? Неге көлден түрлі дыбыстар естіледі? Көлдегі мақұлықтың денесі қозғалғанмен басы мен құйрығы қалайша қозғалмай тұрады?

Ақыры көлдің құпиясы көпшілікке мәлім болды. Көл астында мұздың қозғалысынан пайда болған тау жыныстарының қалдықтары бар көрінеді. Судағы қалдықтар көлде сифон болады. Бұл дегеніңіз көлдің астында канал бар деген сөзі. Сол каналдар ілгеріде аталған тірі тіршілік иелерін түбіне тартып кетіп отырады. Кейде жаңбыр мен қар түсуіне және жерасты гидрогеологиялық ерекшелігіне орай судың көп бөлігін каналдар тарта бастайды. Осы уақытта кіші иірімдер мен «мақұлықтың» денесі көрінеді. Әлгі ұйықтар суды барынша күшпен тартқан кезде, сумен бірге ауа да қоса иірімге кеткен кезде, түрлі дыбыстар шығады.

Ал түйенің белгісінің шығуы көлдің бетіне жаңбыр жауғанда, тұманның арқасында жоғары ақ будақ бұлттар пайда болады екен. Сол бұлттар биік жартастарға барып соғылғанда кәдімгі созылып түйе белгісі және сол сияқты бірнеше қорқынышты мақұлықтардың бейнесі шыға келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға