Астанада алғаш ұйымдастырылған Parabiennale - “мүмкіндігі шектеулі” өнер туындыларынан тұратын көрме. Бұған дейін мұндай көрме тек 1990 жылдары Алматыда ұйымдастырылған екен.
Куратор Айгүл Ибраеваның айтуынша, атауына қарап, мұнда қатысушы суретшілерді мүмкіндігі шектеулі жандар деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Алайда, бұл жердегі “para” сөзі өнер туындыларына қатысты айтылған көрінеді. Ал көрмеде ортаазиялық суретшілердің белгілі бір себептермен бұрын-соңды көпшілікке көрсетпеген жұмыстары қойылған.
“Бұл көрмені куратор Фарух Кузиевпен бірге ойластырдық. Ол тәжікстандық суретші, қазір Будапеште Орта Азия тарихы бойынша зерттеу жүргізуде. Ол былтыр біздің «Перезагрузка. Оптимизация пространства» көрмесіне келген болатын. Сол кезде заманауи өнер проблемаларын талқылап отырып, осындай жоба жасау жайлы ой туды”, - дейді Айгүл Ибраева, - “Себебі әр суретшінің не цензураға, не қаражатқа қатысты болмаса өзінің сенімсіздігіне байланысты шеберхананың түбіне тығып қойған туындысы бар. Солай бола тұра, ол - суретшінің “төл сөзі”, ішкі толғанысы”.
Көрмеге қазақстандық суретшілерден бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің суретшілері қатысып отыр. Олардың ішінде Вячеслав Ахунов, Рашид Нурекеев, Смайыл Баялиев сияқты ерекше қолтаңбаға ие суретшілермен қатар, Аружан Жұмабек, Алишер Юсупов секілді жас таланттар да бар.
Вячеслав Ахунов, "Ка-ша-ра"
Әрине, заманауи өнердегі аға буынның көп жұмыстары кеңес кезеңіндегі идеологиялық цензураға байланысты көрерменге жетпей қалса, бүгінгі жас суретшілерді мазалайтын - ішкі цензура. Яғни, көрермен түсінбей қалса деген қорқыныш, өз таланты мен талабына сенңмсіздік. Бірақ бұл айтылған жас та болса, өз толғаныстарын ашық айтудан жасқанбаған келесі көрме қатысушыларына қатысты емес.
Аружан Жұмабек, суретші
“Концепт” жұмысының авторы
"Өзім көбіне визуалмен айналысқаннан болар, заманауи концептуалды өнер мен үшін жаңа сала. Концептуалды өнер жайлы кітаптармен танысып отырып, алғашында мәтінге ене алмадым. Бірақ жеке зерттеуімнің нәтижесінде түсінгенім - заманауи концептуалды өнерде ең бастысы идея. Сол кезде осындай жоба жасау туралы ой келді", - дейді Аружан.
"Менің жұмысым жерде жатыр, сіз оны басып өте аласыз. Көлемді мәтін оқығанда да солай, оқып жатқан сияқтысың, бірақ ештеңе түсінбейсің, яғни жай ғана басып өтесің. Бұл бір жағынан заманауи өнерді, екінші жағынан өзімді мазақ ету".
Жанеля Тасқынбаева, суретші
“Грунтовка” жұмысының авторы
"Грунтовка - қабырғаның бетін тегістеуге арналған материал, ал менің түсінігімде ол біздің жүзеге аспаған мүмкіндіктеріміз. Ол ойымды жеткізу үшін неге грунтовканы таңдадым? Себебі оны зауытта жасайды, бәрінің іші-сырты бірдей. Ал біздің зауыт - оқу орындары. Олар бәрімізге бірдей білім мен потенциал береді, бірақ біз оны оны көбіне іште сақтаймыз. Солай біз ол қақпақты ашатын ғажайыпты немесе адамды күтіп, уақыт жоғалтамыз. Ал ол күн ешқашан тумаса ше? Грунтовка сияқты, біздің алған біліміміз де ескіре береді, ақыры ештеңеге жарамсыз болып қалады. Меніңше, өмірде ең қорқыныштысы - жиған-терген біліміңмен бөлісе алмау", - дейді Жанеля.
Лаура Есқожа, киім дизайнері
“Одеяния для Ширин” жұмысының авторы
"Мен интернетті белсенді қолданамын, әсіресе комментарийлерді оқыған ұнайды. Жақында қазақстандық сегментінде “хит” болған Ширинге қатысты оқиға осы жұмысты жасауыма себеп болды. Комментарийлерді оқып отырып, 90 %-ы негативке толы, бірақ арасында оны қолдаған жандар да барын байқадым. Меніңше, бірінші орында әйел затының сыртқы келбеті емес, оның өзі, құқығы болуы тиіс. Алайда бұл жолы да олай болмады. Өзім киім дизайнері болғандықтан, мен Ширинге арнап мата дайындадым. Бірақ ол матаның ерекшелігі - ол комментарийлерден тұрады. Оның ішінде жақсысы да, жаманы да, қазақшасы да, орысшасы да бар. Оны жазған адамдар біздің қоғамның әр түрлі саласынан", - дейді Лаура, - "Бұл көбімізге ой салады деп ойлаймын. Себебі мәдениетті дамытамыз деп түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Ал дәл осы комментарийлер біздегі мәдениеттің индикаторы".
Фото автордікі