Жаңалықтар

5 қазанға қатысты 5 дерек

Қазан айының 5-күні қандай оқиғалармен ерекшеленеді?
5 қазанға қатысты 5 дерек
05.10.2017 10:21 3286

Жыл он екі айда бір айналып келетін әрбір күннің жер-жаһандағы әрбір халық үшін өзіндік маңызы, ерекше тарихы бар. Сол секілді қазан айының 5-ші күнінің әлем үшін айтарлықтай орны бар. Бұл күні көптеген жаңалықтар ашылған, мерекелер белгіленген, түрлі оқиғалар орын алған, тұлғалар дүниеге келген немесе қайтыс болған. Біз соның ішінен оқырман қауымға қызық болар деген ниетпен тек бесеуін ғана іріктеп алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Дүниежүзілік Ұстаздар күні

ustazdar.kz

1994 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен «5 қазан – Дүниежүзілік Ұстаздар күні» болып бекітілді. Әсіресе, ТМД мемлекеттері аталмыш мерекені қазан айының алғашқы аптасында тойласа, мұғалім мәртебесін басқалардан биік санайтын көптеген мемлекеттерде ұлттық күн ретінде атап өтіледі. Ал, негізгі тарихы ЮНЕСКО-ның «Мұғалімдердің жағдайы» атты алғаш рет қабылданған халықаралық құжатымен байланысты екен. Яғни, ресми мәліметке сүйенсек, 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен ЮНЕСКО мен Халықаралық Еңбек Ұйымының конференциясында мұғалімдердің мәртебесі жөнінде алғашқы құжат жасақталса, бүгінде ұстаздардың мерекесі БҰҰ-ның халықаралық және дүниежүзілік атаулы күндер санатына еніп отыр.

Христофор Колумб Коста-Риканы ашты

Американдықтардың тарихымен танысқанда Христофор Колумб есімін кездестірмеу мүмкін емес. Оның «Индияны аштым» деп қуанып, халқын үндістер деп атап кеткен ұлан-ғайыр жердің Америка құрлығы екенін кеудесінен жан кеткенше білмей өткені тарихтан белгілі. Ал, есімі бүтін бір Колумбия мемлекетіне, АҚШ-тың Колумбус қаласына, Канаданың Британ Колумбиясы өлкесіне берілген әйгілі жиһанкез 1502 жылдың 5 қазанында Коста-Риканы ашқан. Х.Колумбтың саяхатынан кейін бұл аймаққа испан отаршылдары жаппай келе бастады. Кофесі және бананымен жарты әлемді «асырап» отырған Коста-Риканы дамыған, озық елдердің қатарына жатқыза алмаймыз. Дегенмен, жоғарыда айтылған қысқаша оқиғаны біле жүргеннің артықтығы жоқ.

Португалияның Республика күні

Христофор Колумб елу бес жыл ғұмырының 18 жылын Лиссабон қаласында, Мадейра, Порту-Санту аралдарында өткізген болса, тілге тиек етіп отырған Португалия мемлекетінде 5 қазан – Республика күні деп белгіленген. Тарихы тереңде жатқан Еуропаның дамыған мемлекеті біздің дәуіріміздің әр кезеңінде арабтар мен берберлер, ағылшындар мен француздарға, испандарға тәуелді болса, тұтас Бразилияны өзінің отарына айналдырған ірі мемлекет ретінде де танылды. Ал, 5 қазанның – Республика күні болып аталуының негізі 1143 жылдың дәл осы күнінде тәуелсіз Португалия Корольдігінің құрылуына тікелей байланысты екен.

Қырғыстандағы жер сілкінісі

5 қазан айырқалпақты ағайындарымыз үшін тарихта ауыр күн болып қала бермек. 2008 жылдың 5 қазаны күні Ош облысының Алтай ауданында жер сілкінісі орын алып, 75 адам қайтыс болса, оның 42-сі балалар еді. 144 нысан жермен-жексен болған жан түршігерлік оқиға салдарынан 142 адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілсе, оның 86-сы балалар, 7-уі жасқа толмаған сәбилер болатын. Сейсмолог-мамандар мұны Қырғызстан тарихындағы ең ауыр жер дүмпуі десе, эпицентрі Нұра ауылы болған апаттың Рихтер шкаласымен 8 баллға жеткені белгілі болды. Сондай-ақ, жерасты дүмпуі көрші Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай мемлекеттеріне де сезілген. Тіпті, Ташкент аймағында үш минут бойына Рихтер шкаласымен есептегенде 3 баллдық жер сілкінісі жүріп өткен.

Эмомали Рахмоновтың туған күні

Табаны күректей 23 жылдан бері Тәжікстан Республикасын басқарып келе жатқан Эмомали Шәріпұлы Рахмонов та осы күні дүние есігін ашқан. Тәжікстанның «Ұлт көшбасшысы», «Ұлт тәуелсіздігі мен ел бірлігінің негізін қалаушы» секілді атағы бар Э.Рахмонов биыл мерейлі 65 жасқа толып отыр. Қарапайым отбасыдан шыққан «болашақ Президент» орта мектепті бітірген соң Қорған-Төбе май зауытында электрик болып еңбек жолын бастаса, 1971-1974 жылдары Ресейдің Тынық Мұхиты флотында әскери борышын өтеген. 1982 жылы Тәжікстан Республикасының (Тәжік КСР) экономика факультетін тәмамдаған Э.Рахмонов туған өлкесі Даңғара ауданында басшылық қызметтерді атқарады. Кейін КСРО ыдырап, тәжіктер де өз тәуелсіздігін жариялаған сәтте Э.Рахмоновтың өмірі басқа арнаға бұрылады. 1992 жылы Тәжікстан Жоғары Кеңесінің 12-шақырылым депутаты болып сайланса, 1994 жылдың 16 қарашасына дейін Жоғары Кеңестің төрағасы болып қызмет атқарды. Ол таққа отырардан он күн бұрын Конституция бойынша осы елдің жаңа Парламенті құрылып, ел тәуелсіздігі әр жылдың 6 қарашасында тойланатын болып бекітілді. Жаһан тыныштығы үшін атқарған еңбегі еленіп, талай мәрте әртүрлі мемлекеттердің жоғары марапат-ордендеріне ие болды. Басқасын былай қойғанда, 2002 жылы Қазақстанға жасаған сапарында ҚР Президенті Н.Назарбаев оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаса, 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалін кеудесіне таққан болатын. Сондай-ақ, Эмомали Рахмонов ел тізгінін қолға алған алғашқы жылдардан-ақ Қытаймен арадағы 130 жылға созылған дау-дамайдың түйінін шешуге кірісті және мақсатына жетті. Одан бөлек, Ресейдің отарына айналған тұста орысша аталып кеткен аудан, облыстар, тіпті, таулы аймақ, көше атауларына дейін түбегейлі тәжік ұлтына қатысты атауларға ауысты. Э.Рахмонов 2007 жылы Қасиетті Құран Кәрімнің тәжік тіліндегі аудармасының жарық көруін қадағаласа, 2011 жылы «Еуро Одақтың» шешімімен оған «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атағы берілді.

Материалға пайдаланылған суреттер www.ustazdar.kz, www.fergananews.kz,www.depositphotos.com, www.prezident.tj  және  www.vokrugsveta.ru сайттарынан алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға