Жаңалықтар

9 қараша кинопремьералары

Қай киноға барғыңыз келеді?
9 қараша кинопремьералары
10.11.2017 11:34 2284

Агата Кристидің «Шығыс экспресіндегі кісі өлімі» шығармасының жаңа экранизациясы, Дэниэл Рэдклифф ойнаған байопик драма, қазақ актерлерінің қатысуымен түсірілген украин киноертегісі, Американың өрт сөндірушілер жасағы туралы өмірден алынған кинотуынды, суретші Ван Гог өмірі туралы майлы бояумен салынған тарихтағы тұңғыш мультфильм, немістің балалар жазушысы Ангела Зоммер-Боденбургтың кішкентай вампир туралы кітабының анимациялық экранизациясы және басқа да жаңа фильмдер шықты. Байқасаңыздар осы аптада өмірде болған шын оқиға негізделген фильмдер көп.

Өткен аптада ғана Агата Кристи шығармасына негізделген «Скрюченный домишко» фильмі шыққан еді. Бір аптадан кейін оның тағы бір романы – «Убийство в Восточном экспрессе» экранизациясы жарық көріп отыр. Фильмді түсіруші әрі басты кейіпкер - атақты детектив Эркюль Пуароны сомдаушы - Кеннет Брана. Одан бөлек актерлік құрамда Пенелопа Крус, Уиллем Дефо, Джуди Денч, Джонни Депп, Мишель Пфайффер, Дэйзи Ридли секілді кино майталмандары бар.

Сюжет Еуропаның ең сәнді пойыздарының бірінде өрбиді. Жол үстінде кісі өлімі болады. Он үш жолаушы күдікке ілінеді. Пойызда келе жатқан тергеуші Эркюль Пуароның алдында өлімге кінәліні табу міндеті тұр.

Дэниэл Рэдклифф десе көпшілік әлі Гарри Поттерді еске алады. Бірақ ол түрлі планда ойнай алатын актер атану жолында аянбай еңбек етіп жүр. «Джунгли» - соған дәлел.

Фильм сюжетіне Йосси Гинзберг есімді алтын іздеушінің мемуары негіз болған. 1981 жылы ол екі досымен және жолбасшымен бірге Амазония орманына саяхаттайды. Алайда жолшыбай ол достарынан айырылып, жалғыз қалады. Гинзберг екі апта бойы жеміс-жидекпен, құрт-құмырсқамен қоректеніп орманда адасып жүреді.

Сюжеті ұқсас (бірақ атмосферасы емес) фильмде Дэниэл Рэдклифф бұған дейін де көрінді. Ол «Человек – швейцарский нож» фэнтези-драмасында елсіз аралға тап болған басты кейіпкердің серігін ойнады. Рэдклифф бұнда басты кейіпкерге көмекке келген өлік адам рөлімен көрінді.

«Сторожевая застава» - украиналық қызық оқиғалы фэнтези, онда мың жыл бұрынғы Руське тап болған қазіргі заманның жасөспірімі туралы баяндалады. Кейбір басылымдарға сенсек, Украинаның кино тарихындағы тұңғыш ауқымды фэнтези екен. Бір қызығы қазақ актерлер де бұл жобаға қатысты. Ержан Нұрымбет басты антогонисті, ал Ерболат Тоғызақов шаман рөлін орындайды.

2013 жылы АҚШ-тың Аризона штатында аса күшті өрт болған еді. Алапатты ауыздықтауға «Granite Mountain Hotshots» (қазақша мағынасы - Гранит тауының есерсоқтары) деген өрт сөндіру жасағы да атсалысады. Командадағы жиырма адамның біреуі ғана аман қалған еді. Сол оқиғаға негізделген картина «Дело храбрых» деп аталады. Рөлдерде Джош Бролин, Майлз Теллер, Джефф Бриджес, Джеймс Бэдж Дэйл, Тейлор Китч, Дженнифер Коннелли сынды жұлдыздар бар. Режиссері - Джозеф Косински («Трон: Наследие», «Обливион»).

Ерлі-зайыпты аниматорлар, поляк маманы Дорота Кобела мен британдық Хью Уэлшман суретші Ван Гог туралы қызық та бірегей жобаны ойластырыпты. «Ван Гог. С любовью, Винсент» деп аталатын кинотуынды – майлы бояумен кенепке салынып жасалған. Бұндай техника кино тарихында алғаш рет қолданылып отыр.

Кинокартинаны жасау барысында Ван Гогтың бейнелеу техникасы қолданылды. Жұмысқа 85 суретші тартылған, барлығы 62450 кадр қолмен салынып шыққан. Анимациялық картина суретшінің ғұмыры мен жұмбақ өлімін суреттейді.

«Маленький вампир» мультфильмінде Рудольф есімді он үш жасар вампир бала туралы айтылады. Оның отбасына қауіп төнеді, өйткені вампир аулаушылар олардың соңына түседі. Рудольф бірде Тони есімді адам баласымен танысады. Тони ескі қамалдарды, вампирлер туралы әңгімелерді ұнатады. Енді екі дос бірігіп вампир аулаушыларға тойтарыс бермек.

Анимациялық фильм балаларға арналған әңгімелер жазатын неміс жазушысы Ангела Зоммер-Боденбургтің аттас бестселлері негізінде жасалған.

Еуропа киносының соңғы дүниелері де осы аптаның премьералар қатарынан табылады. «Женись на мне, чувак» - Францияның көші-қон мәселесіне қатысы бар жеңіл комедия. Сюжет бойынша Яссин деген жігіт Мароккодан келіп, Парижде оқуға түспек болады. Алайда оқудан шығып қалып, заң бойынша елден кету қажет болады. Францияда қалу үшін ол бір құйтырқы амалға барады. Ол үшін досы Фредпен үйленбекші. Досын осыған әрең көндіріп, дәстүрлі емес жыныс бағдарының өкілдері ретінде некелерін тіркейді. Алайда Яссин мен Фредтің айласын әшкерелемек болған детектив олардың соңына түседі.

Жобаны жасаушылар – бұрыннан белгілі Тарек Будали мен Филипп Лашо шығармашылық дуэті («Superнянь»).

«Кешкі аста» Ричард Гир мен Стив Куган бас қосады. «Ужин» деп аталатын драмалы триллер - ағалы-інілі бола тұра бір-бірімен аса араласпайтын, әлеуметтік деңгейдің екі жағында тұрған бауырлар туралы. Стэн – премьер-министр болуға дайындалып жатқан белгілі саясаткер, Пол – жұмыссыз қалған мұғалім. Балалары жасаған қылмыстың кесірінен екеуі бір мейрамханада бас қосуға мәжбүр болады.

Герман Кохтың аттас романына сүйенген картина актриса Кейт Бланшеттің режиссерлік дебюті болуы тиіс еді. Кейін жоба Орен Муверманға тапсырылды.

Бұлардан бөлек тағы екі фильм бар. Біріншісі – «Свингер» деп аталатын дат мелодамасы, екіншісі – «Как Витька Чеснок вез Леху Штыря в дом инвалидов» деген орыстың роуд-мувиі. Екеуі де Chaplin кинотеатрлар желісіне шектеулі прокатпен шықты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға