The Guardian

95 жастағы ер адам әлемдегі ең қарт автобус жүргізуші атанды

95 жастағы Техас тұрғыны әлемдегі ең қарт автобус жүргізушісі атанды. Ол бұдан кейін де жұмысын жалғастырып, зейнетке шығуға асықпайтынын айтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

The Guardian дерегінше, оның жетістігі Гиннесс рекордтар кітабында ресми түрде тіркелген.

18 қараша күні Техас штатының Уичито-Фолс қаласының тұрғыны Рэймонд Хейгер 95 жасқа толды. Осыған орай ол әлемдегі ең егде жастағы қызметтегі автобус жүргізушісі ретінде танылып, туған қаласында арнайы рәсім ұйымдастырылды.

Қала билігімен кездесу кезінде Хейгер көлік жүргізуге деген қызығушылығы жас кезінде басталғанын алға тартты. Еңбекке 14 жасынан араласып, отбасына мақтаны тасуға көмектескен. Ол сол кезде-ақ көлік жүргізу ұнайтынын түсінген. Рекорд иесі қалалық автобусты ол 1998 жылдан бері басқарып келеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған жолаушыны тасымалдаған.

Хейгер өзі үшін рөлде отыру да, жолаушылармен әңгімелесу де қуаныш екенін айтады. Ай сайын медициналық тексерістен өтеді. Дәрігерлер оның денсаулығы жұмысын жалғастыруға толық мүмкіндік беретінін растайды. Сондықтан ол әзірге зейнетке шығу туралы жоспары жоқтығын тілге тиек етті.

The Guardian

Уичито-Фолс қаласының мэрі Тим Шорт Хейгерді табандылық пен өмірлік жігердің үлгісі деп атап өтті. Оның айтуынша, Хейгердің жасы – шектеу емес, тәжірибе мен даналықтың белгісі. Билік оның туған күнін «Рэймонд Хейгер күні» деп жариялады.

Хейгердің өмір жолы АҚШ-та кең талқылануда. Елде зейнет жасына жеткеннен кейін де жұмыс істейтін адамдар көп. Бұған көбіне өмір сүру құнының өсуі мен қаржылық жинақтың болмауы себеп болып жатады.