93 жастағы қария қажылыққа жинаған қаржысын қайырымдылыққа берді
Павлодарлық 93 жастағы қария 10 жыл жинаған қаржысын қайырымдылыққа жұмсады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы 24KZ-ке сілтеме жасап.
Павлодар қаласындағы қарттар үйінде тұратын 93 жастағы Сағадат Жұмабаев он жыл бойы қажылыққа бару үшін жинаған 3,6 миллион теңгесін мүгедектігі бар балаларға көмек ретінде берген.
Ақсақал бұл қаражатты зейнетақысынан үнемдеп жинаған. 2022 жылы қажылыққа бару үшін шетелдік төлқұжат та алған. Алайда сол жылы қажылыққа тек 65 жасқа дейінгі адамдардың ғана баруына рұқсат берілген.
Меккеге барамын деп ұзақ жыл ақша жинадым. Бірақ жасыма байланысты қажылыққа бара алмадым. Содан бұл ақшаны көмекке мұқтаж балаларға жұмсауға шешім қабылдадым, – дейді Сағадат Жұмабаев.
Қарияның бұл әрекеті – қайырымдылық пен адамгершіліктің жарқын үлгісі ретінде бағаланып отыр.

