91 жасында өмірден өткен Джорджо Армани қандай өсиет қалдырды?
Әлемдік сән индустриясының аңызына айналған италиялық дизайнер Джорджо Армани 2025 жылдың 4 қыркүйегінде 91 жасында дүниеден өтті. Артында қалған өсиет құжаты оның өмірлік туындысы — Giorgio Armani сән үйінің тағдырына қатысты тың деректерді ашып берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Артында тікелей ұрпақ қалмағандықтан, Армани өзінің өмірлік туындысы саналатын Giorgio Armani сән үйінің болашағына байланысты нақты өсиет қалдырған. Бұл жайында Reuters агенттігі мәлім етті.
Өсиет құжатына сәйкес, сән үйінің акциялары келесідей бөлінеді:
-
30% үлес — шамамен он жыл бұрын Армани құрған арнайы қорға беріледі;
-
40% — оның көп жылдар бойғы серіктесі Панталео Дель’Оркоға;
-
15% — жиені Сильвана Арманиға;
-
15% — жиені Андреа Камеранаға.
Дизайнер мұрагерлеріне компанияны басқарудың да нақты жоспарын қалдырған. Өсиет бойынша, олар алдымен Giorgio Armani үйіндегі 15% үлесті 18 ай ішінде сатуы керек. Кейіннен дәл сол сатып алушыға қосымша 30–54,9% үлесті үш-бес жыл аралығында беру міндеттелген.
Альтернативті жол ретінде мұрагерлер компанияны ашық нарыққа шығарып, Италияда немесе басқа да ірі халықаралық қаржы орталықтарында IPO өткізе алады.
Сонымен қатар, құжатта ықтимал сатып алушылардың да тізімі көрсетілген. Дизайнер брендіне басымдықпен иелік ету құқығын әлемдік сән индустриясының алпауыттары — LVMH конгломератына, косметикалық өнімдер өндіруші L’Oreal компаниясына және аксессуар мен көзілдірік нарығында көш бастап тұрған EssilorLuxottica компаниясына беру қажеттігі жазылған. Егер бұл тізімнен тыс сатып алушы таңдалса, ол «тең деңгейдегі компания» болуы шарт және оны Армани құрған қор анықтайды.
Reuters-тің мәліметінше, егер мұрагерлер немесе қор өсиеттегі талаптарды орындамаса, қандай шара қолданылатыны әзірге белгісіз.

