Спортты дамыту дирекциясы

9 жылдан кейінгі жүлде: Семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы қола алды

26.06.2024 05:17

Семсерлесуден Кувейтте өтіп жатқан Азия чемпионатында қылыш сайысы бойынша Қазақстан ерлер құрамасы қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, бұл Қазақстан құрамасының Азия чемпионатында 9 жылдан кейін қол жеткізген алғашқы жүлде.  2015 жылы жігіттеріміз Сингапурде өткен жарыста да қола жүлде алған болатын.

Ерлер құрамасындағы спортшылар:

Артем Саркиссян;

Назарбай Саттархан;

Бақдәулет Құралбекұлы;

Жанат Набиев.

Чемпионаттың 1/8 финалында Қазақстан құрамасы өзбекстандық спортшалырмен бақ сынасып, 45:44 есебімен жеңіске жетті. Ал 1/4 финалда отандастарымыз  Жапония құрамасын жеңді. 

Жартылай финалда қазақстандық спортшылар Иран құрамасына есе жіберді. 

Айта кетейік, жарыс 27 маусымға дейін жалғасады.