Жаңалықтар

«9-20-25»: жаңа тұрғын үй бағдарламасы пәтерсіз жүрген қазақтың бас қайғысын шеше ала ма?

«9-20-25»: жаңа тұрғын үй бағдарламасы пәтерсіз жүрген қазақтың бас қайғысын шеше ала ма?
Фото: © iStock 07.11.2023 15:45 3063

Баспана жыры қазақ қоғамының бас қайғысына айналғалы қашан?! Мәселен, елімізде 51 мың адам «7-20-25» бағдарламасы бойынша кезекте тұр. Бірақ ел бойынша жыл сайын 5000 адам ғана аталмыш бағдарламамен баспана кілтін алу бақытына ие болады. Халық арасында жеңілдетілген бағдарлама қажет екенін айтып жүргендердің қарасы көп. Әлеуметтік желіде «9-20-25» бағдарламасы іске қосылатыны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат ресми расталды ма? Ол қандай бағдарлама? Қаншалықты тиімді? Тұрғын үй нарығында не өзгереді? Қашан іске қосылады? Осы туралы сарапшылардың пікірін елген едік.

«9-20-25» бағдарламасы іске қосылатыны рас па?

Dauletten инстаграм парақшасы таратқан ақпаратқа сәйкес, бағдарлама тура «7-20-25» бағдарламасы сияқты, тек 9%-бен беріледі.

Пайыздық мөлшерлеме – 9 %;

Бастапқы жарна – 20 %;

Төлеу мерзімі – 25 жылға дейін.

«Бәйтерек» холдингі Отбасы банк жақында «9-20-25» бағдарламасын іске қосады, - деп жазды инстаграмда.

Тұрғын үй проблемасын көтеріп жүрген депутат Дәулет Мұқаев бұл ақпарат ресми органдармен әлі расталмағанын айтты.

Бағдарламаның ашылғаны туралы ресми ақпарат шықсын. Содан кейін ғана бұл бағдарлама туралы айтатын боламын, - деді депутат.

Осы туралы толық ақпаратты білу үшін «Отбасы банкке» хабарластық. Банк бағдарлама жақында ашылады деген ақпаратты растамады.

«Отбасы банкі» мәліметті растамайды әрі банкте мұндай бағдарлама жоқ екенін хабарлайды, - деді банктің баспасөз қызметі.

Бұл ақпараттың қайдан шыққанын сұрағанымызда мұндай жобаның бар екенін ғана айтты.

«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова кулуарда журналистердің сауалына жауап беру кезінде қолжетімді баспана бағдарлама жобасы туралы айтқан. Бірақ бұл әлі жоба күйінде. Қашан іске қосылады, шарттары қандай болады, ол әзірге нақтыланбады. Бағдарлама іске қосылған бетте ол туралы толық ақпаратты беретін боламыз, - дейді баспасөз қызметіндегілер.

 

«7-20-25» бағдарламасы не болады?

«7-20-25» бағдарламасы несиелендірудің 7 пайыздық жеңілдік мөлшерлемесімен Қазақстанда үлкен сұранысқа ие. Осы бағдарлама арқылы тұрғын үйді тиімді шарттармен сатып алуға болады. Қазақстандықтарға осы тиімді бағдарламамен баспана сатып алуға мүмкіндік бола ма? Осы туралы «Қазақстанның орнықтылық қоры» бас менеджері Айбар Олжаевтан сұрадық.

Оның сөзінше, еліміздің экономикасы мұндай бағдарламалар ашатын кезеңнен өтіп кеткен.

Тұрғын үй бағдарламаларының кезеңінен өтіп кеткен сияқтымыз. Керісінше, артық ашылған тұрғын үй бағдарламалары жабылып, олардың бәрі бір ізге түсіп, Отбасы банк арқылы ғана әлеуметтік тұрғын үй бағдарламалары қалатын сияқты. Біз қазір экономикалық орнығуға, инфляцияға қарсы күресуге көбірек мән беріп жатырмыз. Жаңа тұрғын үй бағдарламалары ашылады деп ойламаймын, - дейді Айбар Олжаев.

«7-20-25» жеңілдікпен берілетін мемлекеттік ипотекалық бағдарламасы келесі жылы ғана емес, 2029 жылға дейін де жұмыс істейтін болады. Бұл ретте жылдық 100 миллиард теңге лимиті өзгермейді.

Сарапшының айтуынша, бағдарламаның үш негізгі кемшілігі бар:

  1. Жаңа және пайдалануға берілген тұрғын үйді ғана сатып алуға болады. Мұндай үйді табу өте қиын. Себебі жаңадан салып жатқан құрылыстар пәтерлердің көпшілігін құрылыс жүріп жатқанда сатып жіберуге тырысады.
  2. Тұрғын үй құны шектеуі. Пәтер құны 25 миллионнан аспауы керек. Ең жоғары бағалар Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында. Аталған қалалардан құны 25 миллион теңгеге дейінгі пәтер сатып алуға болады. Ал өңірлерде одан да аз-15-20 миллион. Мұндай бағаға қазір пәтер табу қиын.
  3. Қаржыландырудың төмендеуі. 2023 жылдан бастап қаржыландыру лимиті жылына 100 миллиардқа дейін шектелді. Оператор банктерге тоқсан сайын 25 миллиард лимит ашылады. Олар өз кезегінде өз мүмкіндіктеріне сүйене отырып, несие алуға өтінімдерді қабылдайды және ипотека береді.

Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасының ипотека шарттары мынадай:

Пайыздық мөлшерлеме – 7%;

Бастапқы жарна – 20 пайыз;

Кепіл – сатып алынатын тұрғын үй;

Несие мерзімі – 5 жылға дейін;

Сондай-ақ ипотека алушының басында баспанасы, ипотекасы болмауы керек.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға