Жаңалықтар

«85 мың теңге жетеді» деген ведомство өкіліне Ринат Зайытов бір отбасының шығынын есептеп берді

«85 мың теңге жетеді» деген ведомство өкіліне Ринат Зайытов бір отбасының шығынын есептеп берді
Фото: GOV.KZ 11.09.2023 17:50 3470

85 мың теңгені Қазақстандағы ең төмен жалақы деп бекіткен ведомство өкіліне Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов бір отбасының бір айлық шығынын есептеп берді, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі. 

Бұл қарапайым арифметика. Орташа статистикалық отбасының бір айлық шығындары. Сіздердің министрлік «ең төменгі айлық 85 мың теңге» деді. Сосын қызармай бір министрдің орынбасары «бұл күн көруге жетеді» деді. Мен сіздерге арифметиканы көрсетейін. Мысалы, 5 адамнан тұратын отбасы. Әкесі театр қызметкері – инженер, айлығы – 115 мың теңге. Шешесі кітапханашы, сіздер жетеді деп отырған 85 мың теңгені алады. Бірінші балалары студент, қайта грантта оқиды. Екінші баласы мектепте 6 сынып оқушысы, үшінші баласы мемлекеттік балабақшада. Жалпы отбасының табысы айына 200 мың теңге, - деді Зайытов.

Оқи отырыңыз:

Депутат отбасының бір ай көлемінде азық-түлік, коммуналдық төлемдер, несие, балабақша және тағы басқаларына кететін шығын көлемін есептеп берді.  

Азық-түліктен нан – 180 теңгеден бір айға жоқ дегенде 5 адам 60 бөлке нан жеді делік, күніне 2 бөлкеден есептегенде 10 800 теңге шығады. Сүт 810 теңгеден 10 литр десек, кемінде 8100 теңге.  Шай – бір қорабы 500 теңгеден, 5 қорап алды деп есептесек, 2,5 кг – 1800 теңге шығады. Макарон 325 теңгеден 12 кг алса – 3900 теңге,  60 теңгеден 20 жұмыртқа алса – 1200 теңге, 3 кг қарақұмық – 840 теңге, 10 кг ұн – 3700 теңге. 2 л шемішке майы. 10 кг картоп – 1300 теңге, 5 кг пияз – 600 теңге, тұз – 60 теңге. 5 кг тауық еті – 5750 теңге, 5 кг күріш – 2825 теңге. Екі бөлмелі үйдің коммуналдық төлемдері жоқ дегенде 27 мың теңгеге дейін барады. Ұялы байланыс, интернет тарифі 7 мың теңгеден 4 адамға 28 мың теңге. Жол жүру шығындарына келсек, «Оңай» пластикалық карталарын алу 7200 теңгеден 3 адамға 21600 теңге. Тазалық құралдары: сабын 300 теңгеден – 5 сабынға 1500 теңге. Тіс жуу пастасының 2 данасын алса – 940 теңге, кір жуатын ұнтақ 4 келі – 3400 теңге. Кредиттік төлемдері, мысалы, мемлекеттік төлемдермен алынған екі бөлмелі үйдің кредитіне айына 80 500 теңге төлейді. Оған қосымша баласы сабақ оқу үшін тұтынушылық кредитпен бір компьютер алған, оған айына 25 мың теңге төлеп отыр. Балабақшаға 16 500 теңге төлеп отыр, - деді депутат.

Енді есептегенде, азық-түлік себеті – 55 615 теңге. Кредиттік төлемдері – 80 500 + 25 мың теңге, сонда 105 500 теңге.  Жол жүру шығындары – 21 600 теңге. Коммуналдық төлемдерге – 27 мың теңге. Ұялы байланыс, интернет тарифі – 28 мың, балабақша – 16 500 теңге.

Жалпы шығын сомасы қанша шықты? 254 215 теңге. Сұрағым 54 215 теңгені ол отбасы қайдан алады? Дәрі-дәрмек пен киім және кеңсе құралдарын, ойыншық, жиһаз, техникаға ақша жетпейді. Азық-түліктен сиыр, қой етін, жеміс-жидек, сары май, балық мүлдем жемейді және крем, шампунь мен су сабынды мүлдем қолданбайды деген сөз. Төменгі айлықты қалай есептедіңіздер және оған осы отбасы қалай күн көреді? - деді Ринат Зайытов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға