"800 млн теңгеге жуық": Алматыда жаңажылдық безендіруге жұмсалатын қаржы белгілі болды
Алматы қаласының жаңа жылдық безендіруіне шамамен 800 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Дегенмен, өткен жылғы инсталляцияларды барынша қалпына келтіріп, пайдаланудың арқасында, әрі мәдениет саласындағы мекемелердің белсенді қатысуы нәтижесінде мереке өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды болмақ. Алып шаһарда 2025 жыл қарсаңында «Алматының 8 кереметі: отбасылық мереке — таңғажайып Жаңа жыл» атты ауқымды бағдарлама әзірленді. Қаланың барлық 8 ауданын қамтитын мерекелік іс-шаралар 20 желтоқсанда басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Алматы Жаңа жыл қарсаңында әуежайдан бастап орталық алаңдарға дейін ерекше безендіріледі. Қала аумағында 300-ге жуық ертегі кейіпкері мен мерекелік нысан бейнесіндегі инсталяция орнатылады, оның ішінде қайта жөндеуден өткен былтырғы 120 шағын сәулет пішіні (ШСП) де қолданылады. Магистральдар бойындағы ағаштар жарықдиодты шамдармен және гирляндалармен безендіріледі. Жалпы, 12 көше мен даңғыл бойында 1500 жарық элементі орнатылады, оның 350-і өткен жылы қолданылған кронштейндер.
Сонымен қатар, қаладағы 21 ғимараттың қасбеті архитектуралық жарықпен көмкеріліп, Алматыға жаңа жыл қарсаңында ерекше көрік береді. Алматының бас символдарының бірі – «Көктөбе» телемұнарасы жаңажылдық стильде безендіріліп, қала тұрғындары мен қонақтарын мультимедиялық бейнекөрініспен қуантады.
Қаладағы 8 ауданның әрқайсысында Аяз Ата мен ертегі кейіпкерлерінің шеруі, жәрмеңкелер, көрмелер, концерттер мен ойындар ұйымдастырылады. Жаңа жылдық шаралардың толық тізімі Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланады.