Жаңалықтар

800 адам қатысқан Samsung стартап байқауының жеңімпаздары марапатталды

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов Samsung Solve for Tomorrow байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты
800 адам қатысқан Samsung стартап байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: futureinapps.com 29.09.2022 09:21 874

Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов Digital Bridge-2022 форумы аясында өткен оқушылар арасындағы Samsung Solve for Tomorrow байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды El.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл қатысушылардың саны рекордтық көрсеткіш – 800 адамға жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп.Жеңімпаз командалар 300 мыңнан 4 млн теңгеге дейін қомақты көлемдегі сыйақылар алады. Оқушылар арасындағы конкурс 1 наурыз бен 27 қыркүйек аралығында өткенін еске сала кетейік. Қатысушылар әртүрлі салаларда бірегей IT шешімдер әзірлеу арқылы сайысқа түсті. Жүлделі орындарды Ақтөбе (Virgo), Қостанай (Ortus) және Шымкент (Kazbionics) оқушыларынан құралған командалар иеленді. 370 команданың ішінен ең мықты 10 команда іріктелді. Байқаудың мұндай форматы болашақ көшбасшыларға шығармашылық қабілеттерін дамытуға және маңызды мәселелерді ерекше жолмен шешіп, заманауи цифрлық жобаларды ғылымды, технологияны, инженерия мен математиканы пайдалана отырып, әзірлеуге мүмкіндік береді. 

«Бүгін форумда Мемлекет басшысы цифрлық экономика мен Индустрия 4.0-ді дамыту еліміз үшін басым бағыт болатынын және адами капиталды нығайту керегін айтты. Мұндай іс-шаралар - дарынды балаларға көрсетілген үлкен қолдау және ынталандыру, сондай-ақ жаңа идеялар мен шығармашылық цифрлық шешімдерді жүзеге асыру мүмкіндігі. Қатысушылар мен олардың тәлімгерлеріне стартаптарды елімізде ғана емес, шетелде де табысты бизнес-жобаларға айналдыруды тілеймін», - деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов. 

Бірінші орын алған команда кеншілерді зиянды шығарындылармен уланудан сақтайтын арнайы құрылғы ойлап тапты. 

«Біз жобаны ұзақ уақыт әзірледік. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз. Жобамыз - бұл портативті газ анализаторының жұмыс істейтін кешені және оған арналған мобильді қосымша. Nuret ss құрылғысы күнделікті қиын физикалық жағдайларда жұмыс істейтін, көбінесе өміріне қауіп төндіретін кеншілерге арналған. Құрылғы шахталарда жиналатын қауіпті газдардың ұсақ буларын ұстай алады. Осылайша, IT құрылғы кеншіге денсаулығына қауіп төнуі мүмкін екені туралы ескертеді», - деп айтты байқау жеңімпаздары. 

Екінші орынды Ortus командасының стартапы иеленді. Оқушылар егістіктерді тозаңдандыруға және өңдеуге арналған ауылшаруашылық роботын құрастырды. Үшінші орынды алған Kazbionics командасы толыққанды қол протездерін жасап шығарды. Samsung стартап байқауы жыл сайын өткізіледі және ол IT саласындағы креативті және заманауи шешімдерді анықтауға бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға