Жаңалықтар

800 адам 490 млн теңгесін салған. Ақтөбеде онлайн казино ұйымдастырғандар ұсталды

800 адам 490 млн теңгесін салған. Ақтөбеде онлайн казино ұйымдастырғандар ұсталды
Фото: pixabay.com 22.09.2023 11:25 650

ҚМА Ақтөбе облысы бойынша Департаменті заңсыз ойын бизнесін онлайн форматта (интернет-казино) ұйымдастырған 3 тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Ұйымдастырушылар Қазақстан аумағында тыйым салынған сайттарға сілтеме мен біржолғы логин және пароль беріп, ойыншылардан банк қосымшасы арқылы ставкалар қабылдаған. Осылайша, олар ойыншыларға нақты ұтыстар бере отырып, тиісті лицензиясыз құмар ойын түріндегі заңсыз қызмет көрсеткен.

Алдын-ала есеп бойынша, заңсыз қызметтен түскен қаржы айналымының жалпы сомасы 490 млн теңгені құрады. Ойыншылар саны - 800 адамнан асады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды заңсыз ойын бизнесіне тарту фактілері тексерілуде.

Жүргізілген тінту нәтижелері бойынша заңсыз ойын қызметіне қатысты заттар мен құжаттар, сондай-ақ ақшалай қаражат табылып, тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, ҚР ҚПК-нің 201-бабының тәртібімен тергеу мүддесіндегі өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға