Астанадағы «Алау» мұз айдынында шорт-тректен жастар мен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі ашық біріншілік өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл жарысқа биыл 9-12 жас аралығындағы 80-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында жас шорт-трекшілер жыл бойғы еңбегін көрсетіп, тәжірибе жинақтауға және спорттық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.
«Арманым – олимпиада чемпионы болу»
Алау мұз айдыны базасында шорт-тректен Астана қаласының жастар мен жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілігі өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген жас спортшылар қатысып, өз шеберліктерін сынға салды.
Солардың бірі – Алматы қаласынан келген 11 жастағы спортшы Дінмұхаммед Серікбай. Ол қазіргі таңда №89 мектептің 6-сыныбында оқиды.
Жас спортшы шорт-трекпен екі жылдан бері айналысып келеді. Оның айтуынша, бұл спорт түріне алғаш рет 9 жасында келген. Ол өз сөзінде болашақта үлкен жетістіктерге жетуді мақсат ететінін жасырмады.
Бұл жарысқа алғаш рет қатысып тұрған жоқпын, бұған дейін де бірнеше рет бақ сынадым. Шорт-трек маған өте ұнайды. Әсіресе жаттығулар мен жарыстар қызықты өтеді. Арманым – шетелдік жарыстарға қатысып, Олимпиада чемпионы болу. Сонымен қатар, болашақта ұшқыш мамандығын да меңгергім келеді, – дейді жас спортшы.
Дінмұхаммедтің айтуынша, ол спортқа өз қалауымен келген. Отбасында кәсіби спортшылар көп болмаса да, бұл таңдауды өзі жасаған.
Үйде інім ғана спортпен айналысады, қалғандары басқа салада. Бұл – өзімнің таңдауым, – дейді ол.
Жас спортшы бүгінде алғашқы жетістіктеріне де қол жеткізіп үлгерген. Ол Астана қаласындағы жарыстардың бірінде жекелей сында күміс жүлдегер атанған.
Дінмұхаммед қазақстандық танымал шорт-трекшілерді өзіне үлгі тұтады. Атап айтқанда, Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша секілді спортшылардың жетістігі оған үлкен мотивация береді.
Інісі де ізін жалғап келеді
Сонымен біре інісі Нұрмұхаммед Серікбай да бақ сынады. Алматы қаласынан келген жас спортшы қазіргі таңда №89 мектептің 3-сыныбында білім алады. Нұрмұхаммед бұл спорт түрімен 6-7 жасынан бастап айналысып келеді, бүгінде жасы – 9-да.
Маған бұл спорт өте ұнайды. Жаттығулар да, жарыстар да қызық. Кейде қиын болса да, бәрібір жалғастыра беремін, – дейді ол.
Болашақта да осы спортта қаламын
Шорт-тректен ашық біріншілікте I орын жеңіп алған астаналық оқушы Айлин Серикова да бар. Айлиннің айтуынша, оның басты арманы – үлкен спортта биік жетістіктерге жету.
Бұл спорт маған өте ұнайды. Шорт-трек мені шынықтырып қана қоймай, тәртіпке, төзімділікке үйретті. Болашақта олимпиада ойындарына қатысып, чемпион болғым келеді. Бұл – менің ең үлкен мақсатым, – дейді жас спортшы.
Айлин келешекте осы спорт түрінде қалып, кәсіби деңгейде дамуды жоспарлап отыр.
Мен міндетті түрде спортта қаламын. Бар күшімді салып, чемпион атанғым келеді, – дейді ол сеніммен.
Жас спортшының алға қойған мақсаты айқын. Енді ол табандылық пен еңбек арқылы биік белестерді бағындыруды көздейді.
«Баламызды қолдаймыз»: ата-ана пікірі
Шорт-трек жарысына қатысушылардың қатарында жас спортшылармен бірге олардың ата-аналары да белсенді қолдау көрсетті.
Солардың бірі – астаналық ата-ана Жанат Нұрғалиев. Оның ұлы Иса бұл спорт түрімен жақында ғана айналыса бастаған.
Астанада тұрамыз. Баламыз шорт-трекке былтырғы жылдан бастап, көктем-жаз айынан бері қатысып жүр. Ал бұл жарысқа алғаш рет келіп отырмыз. Өзінің де көңілінен шығып жатыр. Бізге де қызық. Шорт-трек – өте пайдалы, жақсы спорт. Сондықтан баламызды жан-жақты қолдаймыз. Алла қаласа, алға қойған мақсатына жетеді деп сенеміз, – дейді ол.
Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, баласының спортқа деген қызығушылығы күн санап артып келеді.
Қазіргі таңда Иса 2-сыныпта білім алады. Бұл – оның жарысқа алғашқы қадамы болғанымен, отбасы баласының болашағынан үлкен үміт күтеді.
Әзірге үлкен жетістіктері жоқ, себебі бұл – алғашқы жарысы. Бірақ ең бастысы – тәжірибе. Уақыт өте келе нәтижесі де болады деп ойлаймыз, – дейді Жанат Нұрғалиев.
Сонымен қатар, ата-ана шорт-тректің қолжетімді спорт түрі екенін де атап өтті.
Бұл спорттың тағы бір артықшылығы – мемлекет тарапынан қолдау бар. Басқа спорт түрлерімен салыстырғанда, мысалы хоккейге қарағанда, шығыны аздау әрі уақыт жағынан да ыңғайлы, – дейді ол.
Жанат Нұрғалиев үшін ең маңыздысы – баласының денсаулығы мен дамуы. Ал спорт – сол жолдағы үлкен мүмкіндік.
Бұл турнир – тек медаль үшін күрес емес, әрбір спортшының еңбегі мен табандылығы сынға түсетін маңызды алаң. Мұз айдынындағы әр старт – жаңа мүмкіндік, әр айналым – өзіңді дәлелдеудің жолы. Ал жеңіс тек мықтыларға емес, соңына дейін күресе білгендерге бұйырады.

