Жаңалықтар

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 17.07.2024 17:10 1108

Астанада Байқоңыр ауданының БҰӨСО-да әжелерге арналған «Әжелер тобы» атты жаңа клуб жұмысы ашылды. Қалалық әкімдіктегілер аталмыш клуб зейнеткерлерге ерекше мүмкіндіктер береді деп сендірді. Осыған орай El.kz ақпарат агенттігі ақ жаулықты әжелерімізбен сұқбаттасып,  өнерлерімен танысып қайтты.

Нұркеш Шуақпаева 79 жаста. Зейнеткер. Қолөнерге кішкентайынан әуес. Тоқиды, тігеді. Сөмкесіндегі гүлді де өзі тоқыпты. Бисермен маталарды әшекейлегенді ұнатады. Әртүрлі мүсіншелер мен вазаларды жасайды. Қолы қалт етсе, отыра қалып, қолөнермен айналысады. Себебі бұл іс әжеге рухани ләззат әкеледі-мыс.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қолөнер - хоббиім. Үстімдегі көйлегім кримпленнен жасалған. Кеңес дәуірінен қалған естелік көйлек. Қателеспесем, бұл көйлекке - 30 жыл. Оны бисермен өрнектеп, әрлеген де өзім. Тоқудың шеберімін. Орамал, көйлек, жейде - барлығын өз қолыммен жасаймын,-деп түсіндірді әжей.

Нұркеш әже зейнетке шыққанға дейін үлкен мекемелерде бас есепші (бухгалтер) болып қызмет етіпті. 30 жыл еңбек өтілі бар. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған қарт кісі. Сонда да қол қусырып отырмай, қосымша жұмыс жасайды. Кейіннен жұмысқа барып-келу қиынға соғып, денсаулығы сыр берген соң, өзі қалаған іспен айналысуға бел буады.

Қуанышыма орай, орталық туралы хабарламаны көзім шалып қалып, 15 мамыр күні ұйымның табалдырығын аттадым. Мені ыстық ықыласпен қарсы алды. Сол күннен бері күнделікті орталыққа келіп, шаруаларымды тындырып жүрмін. Кей кездері ерте келіп, 5 сағат жұмыс істеймін. Тігін машинасынан бір елі аттап кете алмайсың. Жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Десе де маған қиындық тудырмайды,-деп ағынан жарылды әже.

Ол үйіне де тігін машинасын сатып алып қойыпты. «Қолөнермен айналысуыма кішкентайымнан анамның жанына еріп жүргенім сеп болды»,-дейді өзі. Әжейдің айтуынша, анасы керемет қолөнерші, тігінші кісі болған екен.

Тапсырыс қабылдамаймын. Өзім үшін, жан рахатым үшін қолдан бұйым жасаймын. Сырт көзге бисермен тігудің түк қиындығы жоқ болып көрінуі мүмкін. Дегенмен мұндай шаруа жасау үшін төзімділік қажет. Сол себепті де тапсырысқа жасаудан бас тартамын. Әшекей бұйымдарды жасау да бойыма қанат бітіріп, шабыттандырады. Қиялымның ұшқырлығы да бар. Осы жерге келіп, біраз дүние жасауды үйрендім. Құрақ жасаудың жеңіл техникасын да біліп алдым»,-деді Нұркеш Шуақпаева.

Зейнеткер моншақтармен әшекейлеген көйлегін тойға киіп барып, жиналғандардың назарын өзіне қаратқанын айтып мәз-мейрам болды.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Раиса Жүнісова да – «80+ әжелер клубының» белді мүшесі. Жасы 80-ге келсе де, «білгенімнен білмегенім көп» деп, тігін үйірмесінен қалмауға тырысады. Зейнетке шыққанға дейін «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінен мұғалім болған кісі. Күміс көмей әнші, суырып салма ақын және қолынан өнері тамған шебер тігінші. 30-дан астам немере, 10-нан астам шөберенің қызығын көріп отырған – ардақты әже.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

80+ әжелер клубын құрғанымызға аз ғана уақыт болды. Бір айға толар-толмастан, құрақтың түрлерін тігуді үйрендік. Бізге барлығын көрсетіп береді. Нәтижесінде үстелге, отырғыштарға құрақтан жасалған тыс тігіп, немерелерім мен шөбелеріме көрпеше жасап беремін. Білмейтінімізді үйрендік. Үйдегі төрт дуалға қарап отырғаннан, орталыққа келіп, көпшілікпен сөйлесіп, ойымызды ортаға салып, білмегенімізді бір-бірімізге үйреткенге не жетсін?! Қазағым «өнерді үйрен де, жирен» деп дөп басып айтқан еді. Сол себепті өнерден кенже қалмай, білмегенімізді үйреніп, білмегенімізді үйретуге ниеттеніп отырмыз.  Орталыққа мерекеге келгендей боламыз. Басымыз жиналып, кең дастарқан жайып, астан дәм татамыз. Ән айтамыз, би билейміз,-деді әжей.

Тігін үйірмесінің жетекшісі, «80+ әжелер клубының» негізін қалаушысы Балым Өмірзақова тігін шеберханасын көрсетіп, клубтағы әжелермен, олардың жұмыстарымен таныстырып өтті.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Орталықтағы тігін үйірмесі ашылғалы жұмыс істеймін. «Әжелер» клубын құру инициативасы менен тарады. Орталық жұмысын бастаған соң, үйірмелер ашыла бастады. Басшымыз Роза Қарабекқызы мені үлкен кісілерге сабақ беруге шақырды. Зейнет жасындағылармен бұрын-соңды жұмыс істеп көрмеген едім. Балаларға сабақ берген тәжірибем ғана болды. Осылайша, шақыртуға көп ойланбастан келісім беріп, тігін өнері үйірмесін аштық. Пішу, тігуді үйрете бастадым. Екі жарым жыл осылай жұмыс істедік, - деді үйірме жетекшісі.

Балым Өмірзақованың айтуынша, үйірме ашылған соң 60 жастан асқан қарт кісілер қатары ақырындап толыға бастады. Біреулері көршісінен естіп келсе, енді бірі емханаларға таратқан ақпараттан біліп келеді екен. Кей кездері тұрғын үйлердің алдында концерт ұйымдастырып жатады. Онымен қоса тігін үйірмесінде жасалған бұйымдарды көрмеге әкеліп, сатып жататын кездер де болады. Мұның өзі - аз ғана зейнет ақыны талғажау етіп отырған әжелер үшін үлкен көмек.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Орталықта кез-келген бұйымды қалай жасау керектігін көрсетеміз. Біреуі тойбастар жасағысы келсе, енді бірі қолдорба тігуді қалайды. Қарияларға құрақ жасаудың жеңіл әдісін үйреткен едім. Бұл тәсілмен тігуді «құрақ тігу қолымнан келмейді» дегендердің өзі тез меңгеріп кетеді. Әжелердің көбі ескі машиналарға үйреніп алған. Электр машинасымен жұмыс істеуді ауырсынып жатады.  Жаңасымен 4 мүше жұмыс жасауы керек. Сол себепті 30 жылдан астам тәжірибе бар болған соң, әжелерге жеңіл әрі ыңғайлы болатын тәсілді 1 жыл ішінде анализ жасап, құрып алдым. Сөйтіп жеңіл әдіспен үйреткенде үлкен кісілер бірден түсініп алып, таңдай қағысады. «Келгенім кеше, осы уақытта қалайша тез үйреніп алдым?» деп таң қалады, - дейді «Әжелер» клубының негізін қалаушы.

Орталыққа зейнеткерлер қатары әр үш ай сайын ауысып келіп отырады. Себебі уақытын тиімді өткізгісі келетін қарт әжелер мен аталар көп. Үйірмеге межеленген уақыттан соң келе алмайтын кісілер мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған кезде қонақ ретінде шақырту алады. Олар осы әдісті құрақ тігуде әлі де пайдаланып жатқандарын айтып жатады.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Әжелеріміз үнемі алғысын айтып, шынайы эмоцияларын жасырмайды. Таяқ таянып жүрсе де, орталыққа келуге асығыс. Осылайша 60-ты алқымдап, 70-ті желкелеп, 80-ді еңсеріп қалған кісілер қатары көбейе бастаған кезде осы кісілердің басын қосып, клуб құру қажет деген ой түйе бастадым, - деп  түсіндірген ол, идеяның осылай туындағанын жасырмады.

1 топта 4-5 адам болады. Одан артық болса, тігін машинасына талас басталады. Жұмыс істеу де ыңғайсыздық туғызады. Сол себепті 4 топ ашылып, әрқайсысы өз уақытымен келеді. Уақытынан тым ерте келіп алатындары да бар. Жеке жұмыс жасауға ниет танытатындары да жетіп артылады. Орталыққа алғаш келгендермен басында жеке жұмыс жүргізіледі. Енді бірде 60-тан асса да, барлығын біліп келетіндер болады. Бастамасын көрсетсең болғаны, әрі қарай іліп әкетіп жатады.  

Кейбір әжелер «осы жерге таң атпастан келуге дайындалып, асығып келемін» деп жатады. Әжелердің көбі бір-бірімен әңгіме айту үшін келеді. Тапсырма берілсе, тыңғылықты орындауға тырысады. Орталықтағы орындықтардың өзін осы кісілер қаптады,-дейді ол.

Бүгінде белсенді ұзақ өмір сүру орталығына онға жуық 80-нен асқан әжелер келіп жүр. 80-ге сәл жетпегендері де бар. 90 жастағы жолдасымен келетіндері де жоқ емес. Олар тоғызқұмалақ, шахмат, би үйірмесіне қатысады.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Орталықтың ашылғанына 3 жыл толады. Негізін қалаған - Мұхтар Дүйсенұлы Еркетаев. Ол «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры. Қаламыздың 5 ауданында осындай орталықты ашты. Өзінің жеке идеясы болады. Біздің Байқоңыр ауданынымызда ғана 80+ әжелерге арналған клуб ашылып отыр. Басқа аудандарда осы текстес клубтар ашылса, мен тек қос қолмен қолдаймын,-деген тілек білдірді үйірме жетекшісі.

 

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

80+ жастағы әжелерге арналып, айына бір рет шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Әр шеберлік сыныбында әртүрлі әжелер өз білген-түйгендерін көрсетуге тырысып бағады.  Көрермендер ретінде 60-70 жастағы қариялар жиналып, осы кісілерден мотивация, шабыт алады. Осылайша, айына бір кездескенде шай ішіп қана қоймай, тақырыпқа сай мастер-класс көрсетіледі. Мәселен, бірер күн бұрын «Орамал тон болмайды, жол болады» тақырыбында сынып сағаты өтті. Орамалды жасаудың ең жеңіл тәсілдері көрсетіліп, 10 минутта тұтас бұйым жасаудың сыры ашылды.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Орамал тігуді әжем үйретті. Сантиметрлік лентамен пішіндеп, өлшеп отырмаймыз. Қолмен өлшеп, кесе саламыз. Артық әрекет жасауға уақыт та жоқ. Осы процессті шоу қылып, 60-70-тегі кісілерге көрсеттік. Нәтижесінде, апаларымыздың екінші тыныстары ашылды, - дейді ол.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Орталыққа келген әже-аталармен таңғы жаттығу жасалады. Би үйірмесінде вальс, «қара жорға» билеп, денелерін қимылға келтіреді. Жиналып ән айтады, домбыра тартады. «Өз қолымен сыйлық жасау» үйірмесіндегілер шеберлік сыныптарын өткізеді. Аптасына бір рет жұма күні қала ортасындағы көрмеге қатысып, бұйымдарын сатылымға қояды.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Балым Өмірзақова әжелердің қолдан әшекей бұйымдар жасауы үшін қажетті заттарын алуға демеушілік еткісі келетіндер болса, «мархабат» деп отыр. Ол өз тарапынан былтыр Түркияның Ыстамбұл қаласындағы ЭКСПО орталықта жыл сайын екі мәрте ұйымдастырылатын киім өндіретін жерлерді көрсететін іс-шараға екі зейнеткерді жіберіпті. Болашақта тағы да осылайша әжейлерді қуантпақ ниетте.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСурет: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Жақында Алматыға барып, Германия халқы ұйымдастырған көрмеге қатысып келдік. Айта кету керек, үздік 10-дықтың ішіне кірдік. Қызыл кілемнің үстімен жүрдік. Қазақстан атынан 2000 адам қатысып, 300-і таңдап алынды. Қазақ екенімізді айқындайтын ұлттық кодымыз – қолөнер. Ал әжелеріміз – көненің көзі. Қазір көз алдымызда жүргені - біз үшін үлкен мәртебе»,-деп мақтанышын жасыра алмады ол.

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылды

80+: Астанада әжелердің жаңа клубы ашылдыСуреттер: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға