8 жылдан кейін орындалған арман: паралимпиадашы Ербол Хамитов туралы не білеміз?
Паралимпиадашы Ербол Хамитовтың кез келген мотивациялық кітапқа бергісіз тағдыры бар. Ол 1997 жылы Петропавл қаласында дүниеге келеді. Бала кезінен спортқа қызығады. Екінші сыныптан бастап футбол ойнап, еркін күреске қатысады. 16 жасқа толғанда жекпе-жек түрлеріне аңсары ауып, грэпплинг пен джиу-джитсумен айналысады. Болашаққа мақсат қойып, елге танымал спортшы болғысы келеді.
Тағдырлы спортшы
Алайда 19 жасында Ербол сол аяғынан ауыр жарақат алады. Ол Петропавлдағы түнгі клубтардың бірінде күзетші болып, қосымша табыс табады. Сөйтіп, түнгі клубтағы атыс кезінде жараланып, Ерболдың аяғына оқ тиеді. Салдарынан дәрігерлер сол аяғын ампутациялауға мәжбүр болады. Операциядан оянғанында алдымен анасына қоңырау шалып, артынша сүйіктісімен тілдеседі. Оның осы халін көрген әке-шешесі дел-сал күйге түсіп, ата-әжесі ауырып қалады. Кейіннен атасы қайтыс болады. Әуелде «сенімен соңына дейін біргемін» деген сүйіктісі сөзінен тайып, қарым-қатынасты тоқтатады.
Иә, басқа біреу болса осындай соққыдан өмірден баз кешіп кетер еді. Ал Ербол Хамитов феникс сияқты күлінен қайта түлеуді мақсат етеді. Оның ішіндегі «қайтсем де әлемге танымал спортшы болам» дейтін арман төсектен басын жұлып алады.
Параспортқа келуі
Ауыр жағдайдан соң жекпе-жек спортынан қол үзбей, грэпплингпен айналысады. Әрине, оған спортқа қайта оралу, қайта жүріп-тұру қиынға соғады. Аяғына протез киіп, жүруді үйренеді. Оның жігеріне талайлар тәнті болып, жергілікті клубтар оны өздерімен бірге жаттығу жиынына апарады. Тынбай жаттығудың арқасында 2019 жылы грэпплингтен Азия чемпионатында алтын және күміс медаль жеңіп алады. Сонда жарыстан кейінгі сұхбатында: «Қарсыластарымның бір аяғымның кем екенін байқап, селқос күресетінін байқадым. Олай істеудің қажеті жоқ, шынайы күшіңді көрсет, жеңіске адал жеткім келеді» деген екен.
Осы спорт түрімен біраз уақыт шұғылданған соң алдынан үлкен таңдау шығады. Өйткені бұл спорт түрі Паралимпиада бағдарламасына кірмейді. Сөйтіп, «олимп шыңын бағындырсам» дейтін бала арманының жолында қысқы Паралимпиадалық спорт түріне ауысады. Осылайша, Ербол пара шаңғы жарысы мен парабиатлонмен кәсіби түрде айналыса бастайды.
Ол LW12 спорттық класында өнер көрсетеді. Бұл - аяқ-қолынан айырылған спортшылар қатысатын sit-ski санаты. Мұнда спортшылар арнайы шаңғы құрылғысында отырып жарысады. Ербол тек бір бағдарламада емес, бірнеше қашықтықта сынға түседі. Парашаңғыда спринт, қысқа және ұзақ қашықтықта топқа түседі. Парабиатлоннан спринт пен орта қашықтықты таңдайды.
Болашаққа бастар жол
Сөйтіп, жігерлі пара спортшы өмірдің жаңа парағын ашады. Қысқа уақыт ішінде Ербол Хамитов халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсете бастады.
- 2022 жыл – Бейжіңдегі қысқы Паралимпиада ойындарына қатысып, бірнеше жарыста үздік ондыққа енді;
- 2023 жыл – пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанды;
- 2023 жыл – парабиатлоннан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды;
- 2025 жыл – парабиатлоннан әлем чемпионы атанды;
- 2025 жыл – парабиатлон бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетіп, маусымның үздік спортшысы атанды.
Алтынға бергісіз қола
Әлем чемпионатында, Әлем кубогында алдына қара салмаса да, «Паралимпиада жүлдегері болсам» дейтін қалау оны шыңдай түседі. Сөйтіп, Бейжіңдегі бос қалтаны Милан жерінде толтырады. 2026 жылғы Милан – Кортина-д’Ампеццо Паралимпиадасында пара шаңғы жарысының спринтінде қола медаль жеңіп алады. Осы жүлде Қазақстан құрамасы үшін Милан Паралимпиадасындағы алғашқы медальдің бірі болды.
Ол пара шаңғы жарысынан 1500 м классикалық спринт бағдарламасында 2 минут 29 секунд уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кеседі. Жарыста бірінші орынды қытайлық Лю Цзысюй, ал екінші орынды бразилиялық Кристиан Вестемайер Рибера иеленеді. Өзінің қолаға қол созғанын білген Ербол ентігіп, «жанкүйерлерімнен кешірім сұраймын, барымды салдым» дейді. Иә, кешірім сұраудың да, қысылудың да қажеті жоқ. Өйткені Ербол Хамитов осы қола жүлдесімен жігердің, қайта тұрудың, бәрін нөлден бастаудың не екенін көрсетті. Мұқалған жоқ, алға адымдады. Талай жанға мотивация берді. Оның үстіне балаларды жаттықтыратыны тағы бар. Ол арманынан бас тартпай, Олимп шыңына адымдай басып, ішіндегі бала Ерболға берген уәдесінде тұрды.

