8 жылдан кейін бағы жанған ән: «Жалғыз жұлдыз» қалай жазылды?
«Мен де бәлкім, жалғыз жанып-сөнермін…»
Иә, әннің осы тармағы «Ғашықпын саған» фильміне де, саундтректің желіде таралуына да әсер етті. Киноның соңындағы эпизод сізді де жылатты, білемін. Гитарасын қолына алған басты кейіпкердің бейнесін көпке дейін ұмыта алмағаныңыз анық. Біз де әсерлі әннің тарихына шолу жасап, авторлармен тілдесіп көрдік.
«Ғашықпын саған» фильмінің саунтрегіне айналған «Жалғыз жұлдыз» әнінің өзінше хикаясы бар. Бұл әнді композитор Сұлтан Тұрсынбеков студент кезінде, небәрі 19 жасында шығарған. Ал сөзін ақын Айымнұр Сәндібайқызы жазған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Композитордың айтуынша, әннің тууына оның студент шағындағы оқиға себеп болған. Ол екі жастың баянсыз махаббатына куә болғанын айтады. Сол сәттің әсері кейін жүректен шыққан әнге айналған.
Бұл – мұңға толы қоштасу әні. Студент кезімде екі ғашықтың баянсыз махаббатына куә болдым. Алматы мен Астана арасындағы тас жолда қыз сүйіктісінен айырылып қалады. Сол оқиға көз алдымда өтті. Бұл курстасымның басынан өткен жағдай‑ды. Мен ән жазғанда көбіне махаббаттың тарихына, сұлулығына қарап жазамын. «Жалғыз жұлдызды» студент кезімде шығардым, – дейді Сұлтан Тұрсынбеков.
Ән фильмнің саундтрегіне қалай айналды?
Бірі білсе, бірі білмес, о баста бұл ән «Қара жәшік» сериалының саундтрегі болған. Негізі, «Жалғыз жұлдыз» әні осыдан 8 жыл бұрын жарық көрген. Ал әннің алғашқы орындаушысы – Сұлтан Тұрсынбековтың жары Еркежан Ерзатқызы. Кейін осы туындыны Амина Есімжан да шырқаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Одан бөлек, Қарағандыдағы «Шаттық» әуесқой студенттер театры «Әйел махаббаты» спектаклінде дәл осы әнді саундтрек ретінде қолданған. Олар Тұрсынбековтың туындысын өткен жылы премьерада орындаған.
Дегенмен «Жалғыз жұлдыздың» бағын «Ғашықпын саған» фильмі жақты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айталық, осы әнді режиссерға фильмде басты рөлді сомдаған актер Жасұлан Көпберген ұсынған. Қалай десеңіз, ол түсірілімге дайындық кезінде көңіл күйіне сай келетін ән тыңдайды екен. Режиссер Думан Еркімбек «Қайтадан» фильмінде де Жасұланның ұсынған әнін таңдаған. Бұл жолы да ол актермен ақылдасып, одан қандай ән тыңдап жүргенін сұраған.
Рөлге дайындалғанда фильмнің атмосферасына сай әндерді іздеймін. «Ғашықпын саған» фильмін түсіру кезінде режиссер Думан Еркімбек мені шақырып алып, қандай ән ұсынатынымды сұрады. Сұлтан Тұрсынбековпен жақсы араласамын, маған бұрын бірнеше әнін жіберген еді. Соның ішінде «Жалғыз жұлдыз» әні де бар. Думан Еркімбек бірден ұнатты. Тіпті «сценарийімді осы әнге қарай бейімдеймін» деді. Кейін Сұлтанның тағы бірнеше әнін фильмге қостық, – деді Жасұлан Көпберген.
Ал фильмнің продюсері, композитор Олжас Дәлелханның айтуынша, ол «Ғашықпын саған» фильмі үшін төрт ән жазады. Бірақ төртеуі де режиссер сынынан өтпей қалады. Сонда Думан Еркімбек: «Маған дәл қазір отырып жаза салған ән емес, оқиғасы бар туынды керек. Сонда ғана ол көрерменге әсер етеді», – деген екен.
Осылайша, әсерлі оқиғаның әсерінен туған ән жылдар өткен соң үлкен экранға жол тартты. Бүгінде «Жалғыз жұлдыз» тыңдарманның тапқан әнге айналды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, «Ғашықпын саған» фильмі 5 ақпанда прокатқа шығып, үш апта ішінде 1 миллиард теңге табыс тапты. Картинада Алматыға үлкен үмітпен келген Еңлік пен әнші болуды армандайтын Арманның махаббат хикаясы баяндалады.

