Арман Мухатов

8 наурызға – 150 мың қызғалдақ: Қосшыдағы отбасылық бизнес рекорд жаңартты

03.03.2026 09:05

Қосшыда қызғалдақ өсіретін ірі жылыжай бар екенін білесіз бе? Биыл осы кәсіп иелері 150 мың түп қызғалдақ өсірген. Ақ, алқызыл, сары, күлгін түске боялған қызғалдақтың классикадан бастап пион тәріздісіне дейінгі түрлері көздің жауын алады. Жылыжайға арнайы барып, гүлдерді өз көзімізбен көріп қайттық.

Жылыжайдың директоры – Сәуле Бисембаева. Ол жұбайымен бірге гүл бизнесінде 13 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұған дейін олар қызғалдақты Ресейден, Беларусьтен, сондай-ақ Алматы мен Шымкенттен көтерме бағамен тасымалдап отырған. Бір маусымда Астанаға 250 мыңға жуық қызғалдақ жеткізген кездері де болған.

Жылыжайда қызғалдақтың 35-тен астам түрі бар
Сәуленің қызғалдақты алып жатқан сәтінен

Үш-төрт жыл бұрын Сәуленің жұбайы Беларуське барып, ондағы жылыжайлардың жұмысын  көріп қайтады. Сол сапардан кейін «Қызғалдақты неге өзіміз өсірмеске?» деген ой келеді. Алайда елорданың ауа райы бұл істі бірден бастауға мүмкіндік бере қоймаған. Астананың климаты – қатал, аңызақ жел, қысы ұзақ әрі суық. Ал қызғалдаққа тұрақты температура мен желге төзімді ғимарат қажет.

Сөйтіп, олар бір ғимаратты жалға алып, ішін толық жабдықтайды. Сөрелерін, жәшіктерін, қажетті құрал-жабдықтардың көбін өз қолдарымен жасаған.

Былтырғы жылдың наурыз-сәуір айларында Нидерландтан қызғалдақ пиязшықтарын сатып алдық. Желтоқсан айында 150 мың түпті түгел отырғыздық. Бүгінде жылыжайда қызғалдақтың 35-тен астам түрі бар, – дейді ол.

Содан бері күн сайын суару, температураны бақылау, күтім жұмысы бір сәт те тоқтамаған. Қазір қызғалдақтың 70 пайызы жиналып, сатылымға шыққан.

Сәуленің айтуынша, бұл – Астана аумағындағы көлемі жағынан ең ірі қызғалдақ жылыжайы. Бұған дейін 10-15 мың түп өсіретін шағын шаруашылықтар болғанымен, 150 мың түп – елорда үшін жаңа рекорд.

Бұл – біздегі алғашқы маусым. Жылыжайда 150 мың қызғалдақ өсіру – Астана үшін жаңалық деп айтуға болады. Әзірге өзімізді сынап көріп, тәжірибе жинап жатырмыз, – дейді ол.

Оның айтуынша, жылыжайға кеткен шығын да аз емес.

Бір пиязшықтың өзі шамамен 250 теңге тұрады. Оны біреу емес, жүз мыңдап аласың. Біз кәсібімізді жүргізу үшін басында инвестор іздедік, бірақ күтетін уақыт болмады. Сөйтіп, ата-анамыздан, туыстарымыздан қарызға ақша алдық. Сөйтіп өз күшімізбен кәсіпті бастадық. Осыдан-ақ шығын көлемін түсінуге болады, – дейді кәсіпкер.

Кадрда кәсіпкердің енесі Сәуле 
Енесінің гүл жинау сәтінен

Жылыжайды іске қосу барысында туыстары мен достары да қол ұшын созған. Жұмағали есімді ағасы вентиляция мен жарық жүйесін тартып берген. Анасы жылыжайдағы күнделікті  жұмысқа қолқабыс етеді. Қазір мұнда 6 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың арасында Қытайдан келген қандастар, Өзбекстаннан келген азаматтар да бар. Ұжым бір-бірімен тату. 

Сәуле әлеуметтік осал топты жұмыспен қамтып отыр
Қытайдан келген қандас Бекзат
Қытайдан келген қандас Болат

Сәуле жылыжайды тек табыс көзі емес, жұмыс орны ретінде қарастырады.

Біздің басты идеямыз – әлеуметтік осал топтарға жұмыс беру. Мұнда тек мүмкіндігі шектеулі жандар емес, көпбалалы аналар, зейнеткерлер, ата-әжелер де еңбек ете алады. Бізде «мен бастықпын»  деген түсінік жоқ. Бәріміз бірге жұмыс істейміз. Мен де күрек ұстаймын, жолдасым да ұстайды, – дейді ол.

Қызғалдақтардың көтерме бағасы – 480 теңгеден, бірақ ол үшін кемінде 500 дана алу қажет. Бөлшек бағасы – 750 теңге. 25 данадан тұратын бір құшақ гүлге 14 мың теңге төлейсіз. Кейбір адамдар бағаның жоғары екенін айтып, сынайды.  Алайда Сәуле мұның артында орасан еңбек жатқанын айтады.

Бұл – қол еңбегі, ауыр жұмыс. Тізерлеп отырып, сағаттап отырғызамыз. Қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық шығын, басқа да жабдық бар. Сондықтан өз еңбегімізді бағалаймыз, – дейді кәсіпкер.

Сәуленің айтуынша, көтерме бағамен  сатып алушының дені – гүл дүкендері. Қазір олар 1-2 мың данадан алып, гүлдерді байқап көріп жатыр. Бөлшек сауда жасағысы келгендер жылыжайға арнайы келіп, гүлді өздері таңдайды. Тапсырыстар тек Астана мен Қосшымен шектелмейді. Қостанай, Атбасар, Көкшетау, Екібастұз, Павлодар, Қарағанды қаласына да жөнелтіледі. Мемлекеттік ұйымдар да мереке қарсаңында қызметкерлеріне арнап тапсырыс береді.

Сәуле бұрын мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Астана әкімдігінде, кейін партия құрылымында жұмыс істеп, әйелдер ісі бойынша инспектор болған. Декреттен кейін қызметтен кетіп, отбасылық бизнеске бет бұрған.

Көпбалалы аналармен жұмыс істеген кезім есімде. Маған сол сала да ұнайтын. Бірақ адам өз ісінен ләззат алуы керек. Гүл өсіріп, адамдардың қуанышын көру ерекше әсер береді. Болашақта мемлекеттік қызметке қайтып оралуым да мүмкін, – дейді ол.

Қазір қызғалдақтың 70 пайызы жиналып, сатылымға шыққан

Қазір Сәуле Қосшыда отбасылық жеке жылыжайын салып жатыр. Жаңа нысан қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланған. Келесі маусымға 200-300 мың қызғалдақ отырғызу жоспарда бар. Ал бес жыл ішінде өндірісті миллион түпке жеткізгісі келеді.

Мәскеуде 11 миллион қызғалдақ өсіретін фермер бар. Демек, бұл да біздің қолымыздан келеді деген сөз. Қазір нақты бес жылдық бизнес-жоспар бар, соған сәйкес біз миллион қызғалдақ өсірсек деген арманымыз бар. Жыл сайын  қызғалдақтардың санын арттыра береміз, – дейді Сәуле.