8 наурызда мұғалімге сыйлық беру: заңдағы шектеу қандай?
Көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз қарсаңында мектептердегі ата-аналар чатында дәстүрлі мәселе көтеріледі: мұғалімге қандай сыйлық берген дұрыс? Гүл мен ашық хаттан бастап, қымбат тұрмыстық техника мен ақшалай конвертке дейінгі ұсыныстар айтылады. Алайда бұл жерде тек әдеп пен дәстүр ғана емес, заң талаптары да бар.
Қазақстанда педагогтерге сыйлық беру мәселесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамамен реттеледі.
Заң не дейді?
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты сыйлық қабылдауға шектеу қойылған. Мемлекеттік мектеп мұғалімдері мен өзге де педагогтер осы санатқа жатады.
Қолданыстағы норма бойынша, мемлекеттік қызметшілер 2 айлық есептік көрсеткіштен (2 АЕК) асатын сыйлықты қабылдай алмайды. 2026 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 932 теңгені құрайды. Демек, заң бойынша шекті сома – 7 864 теңге.
Бұл межеден асатын сыйлық заң талаптарына қайшы деп бағалануы мүмкін.
Шектеу кімдерге қатысты?
Аталған талаптар:
- мемлекеттік мектеп мұғалімдеріне
мемлекеттік балабақша тәрбиешілеріне
колледждер мен өзге де мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтеріне қатысты.
Жеке білім беру ұйымдарында ішкі ережелер бөлек белгіленуі мүмкін. Дегенмен, көп жағдайда олар да қымбат сыйлыққа шектеу қояды.
Ұжымдық сыйлық қалай есептеледі?
Практикада ата-аналар сынып болып ақша жинап, ортақ сыйлық ұсынады. Алайда заң нормасы сыйлықтың кімнен берілгеніне емес, оның жалпы құнына қарайды. Яғни бірнеше ата-ана бірігіп қымбат техника немесе зергерлік бұйым алса, оның нарықтық бағасы 2 АЕК-тен асқан жағдайда заң талаптары бұзылуы мүмкін.
Жауапкершілік қандай?
Егер педагог заңда белгіленген шектен асатын сыйлықты қабылдаса, ол тәртіптік жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Сондықтан көптеген мектептер мереке қарсаңында ата-аналарға ресми ескерту жасап, ірі көлемде ақша жинаудан бас тартуды сұрайды.
Онда не сыйлаған дұрыс?
Сарапшылардың пікірінше, мұғалім еңбегіне алғыс білдіру символикалық әрі қарапайым форматта болғаны дұрыс. Мысалы:
- гүл шоғы
кітап
балалардың қолымен жасалған құттықтау
шағын сыйлық сертификаты
шығармашылық бейнеқұттықтау
Мұндай нұсқалар заң талаптарына да, әдеп нормаларына да сәйкес келеді.

