El.kz

8 наурыз: Мерекенің тарихы мен маңызды деректері

08.03.2026 10:12

Халықаралық әйелдер күні бүгінде гүл сыйлап, құттықтау айтып, жылы лебіз білдіретін мереке ретінде қабылданады. Алайда оның бастапқы мәні мүлде басқа болған. El.kz бұл күннің қалай пайда болғаны, оның бастауында кімдер тұрғаны және 8 наурыздың неге әйелдердің құқықтары үшін күрестің символына айналғаны жайлы егжей-тегжейлі шолып шықты.

8 наурыз мерекесінің пайда болу тарихы

Профессор Надежда Капустинаның айтуынша, Халықаралық әйелдер күнінің бастауында әйелдердің тең құқық пен лайықты еңбек жағдайы үшін күресі жатыр. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында көптеген елде әйелдер фабрикаларда күніне 12–14 сағат жұмыс істеген. Соған қарамастан олардың жалақысы ерлерден әлдеқайда төмен болды, ал саяси құқықтары іс жүзінде болмады.

Алғашқы белгілі оқиғалардың бірі — 1908 жылғы 8 наурызда Нью-Йоркте өткен тоқыма және тігін фабрикасы жұмысшы әйелдерінің шеруі.

Сол күні нью-йорктік тігін фабрикаларының жұмысшылары көшеге шығып, «Нан мен раушан!» деген ұран көтерді. Олар жұмыс уақытын қысқартуды, еңбекақыны тең төлеуді және дауыс беру құқығын талап етті. Бұл оқиға халықаралық социалистік қозғалыс өкілдеріне үлкен әсер қалдырды.

Кейін мұндай наразылық шерулері Еуропада да басталды. Әйелдер тек еңбек жағдайын жақсартуды ғана емес, саяси өмірге қатысу құқығын да талап етті.

Клара Цеткин және 8 наурыз

Халықаралық әйелдер күнінің қалыптасуында неміс социалисті, қоғам қайраткері Клара Цеткин маңызды рөл атқарды. Ол жастайынан социал-демократиялық қозғалысқа қатысып, кейін Германия социал-демократиялық партиясының әйелдер бөлімін басқарды.

Францияда жүрген кезінде Цеткин Екінші Интернационал жұмысына қатысып, 1889 жылы Парижде әйелдердің революциялық қозғалыстағы рөлі туралы баяндама жасады. Кейін Германияға оралған соң «Равенство» атты әйелдер газетін шығарып, әйелдерге тең жалақы мен саяси құқық беру идеясын насихаттады.

1910 жылы Копенгагенде өткен әйел-социалистердің халықаралық конференциясында Клара Цеткин әйелдердің тең құқық үшін күресіне арналған арнайы күн белгілеуді ұсынды. Бұл бастаманы 17 елден келген делегаттар қолдады.

Алғашқы ауқымды мерекелік іс-шаралар 1911 жылы бірнеше еуропалық елде өтті. Сол кезде жүздеген мың әйел митингілер мен шерулерге шығып, сайлау құқығын, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу мүмкіндігін және тең жалақы талап етті.

Бұл идеяның таралуына басқа да белсенділер, соның ішінде Роза Люксембург, үлкен үлес қосты.

Мерекенің ресми мойындалуы

Біріккен Ұлттар Ұйымы деректеріне сәйкес, 1945 жылы БҰҰ Жарғысында алғаш рет әйелдер мен ерлердің теңдігі қағидаты бекітілді.

Ал БҰҰ бастамасымен Халықаралық әйелдер күні алғаш рет ресми түрде 1975 жылы — Халықаралық әйелдер жылы аясында атап өтілді.

1977 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы әйелдер құқықтары мен халықаралық бейбітшілікке арналған күн туралы арнайы қарар қабылдады. Осыдан кейін әр мемлекет өз дәстүріне қарай бұл күнді атап өте бастады.

8 наурыз тарихы: қысқаша деректер

Мерекенің нақты күні ұзақ уақыт тұрақты болған жоқ — кейде ақпанда, кейде наурызда аталып өтті. Негізгі тарихи кезеңдер:

  • 1857 жыл — Нью-Йоркте тоқыма фабрикасы жұмысшы әйелдерінің ірі наразылығы.
  • 1908 жыл — АҚШ-та 15 мың әйелдің сайлау құқығы мен әділ жалақы талап еткен шеруі.
  • 1910 жыл — Клара Цеткин әйелдер ынтымақтастығы күнін белгілеуді ұсынды.
  • 1917 жыл — Петроградта әйелдер «Нан мен бейбітшілік» ұранымен шеруге шықты.
  • 1975 жыл — БҰҰ мерекені халықаралық деңгейде мойындады.

Уақыт өте келе мерекенің саяси мазмұны көптеген елде екінші орынға ығысып, 8 наурыз әйелдерді құрметтеп, олардың қоғамдағы рөлін мойындайтын күнге айналды.

Қазақстан мен әлемде 8 наурыз қалай аталып өтеді

Қазақстан

Қазақстанда Халықаралық әйелдер күні — ресми демалыс күні. Бұл күні аналарға, әжелерге, әріптестер мен достарға гүл сыйлап, әйелдердің отбасы, қоғам, ғылым және экономикадағы еңбегі үшін алғыс айту дәстүрге айналған.

Еуропа

Еуропаның бірқатар елінде 8 наурыз әлі де әйелдердің құқықтары мен жетістіктеріне арналған күн ретінде өтеді. Германияда бұл күн 2019 жылдан бастап ресми демалыс күні болып саналады және гендерлік теңдік мәселесіне арналған митингілер мен пікірталастар ұйымдастырылады.

Қытай

Қытайда мерекені көбіне «Құдайшалар күні» деп атайды. Көптеген компанияларда әйел қызметкерлерді түстен кейін жұмыстан босату ұсынылады. Әйелдер бұл күнді өздеріне арнап, демалып немесе сауда жасауға жұмсайды.

АҚШ

АҚШ-та 8 наурыз ресми демалыс күні емес. Бірақ бүкіл наурыз Әйелдер тарихы айы ретінде аталып өтеді. Осы уақытта мектептер мен университеттерде тарихта із қалдырған әйгілі америкалық әйелдер туралы дәрістер, көрмелер мен форумдар ұйымдастырылады.