Фото: El.kz

75 жастағы фанат пен 150 мың теңгелік билет: Джей Лоның Қазақстандағы алғашқы шоуы қалай өтіп жатыр?

01.08.2025 20:33

1 тамызда елордадағы «Астана Арена» стадионында америкалық поп-музыка жұлдызы Дженнифер Лопестің “This Is Me… Now” атты әлемдік туры аясындағы концерті өтті. Кешке 25 мыңға жуық көрермен жиналып, шоу Астана үшін тек музыкалық қойылым ғана емес, нағыз ауқымды мәдени оқиғаға айналды.  El.kz интернет порталының тілшісі осы ерекше кешке арнайы барып, тыңдармандармен сұхбаттасты.

Концерт — шетелдік жанкүйерлерді де тартқан халықаралық шара

Шара тек қазақстандық көрермендердің ғана емес, шетелдік жанкүйерлердің де назарын аударды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Ресей, Қырғызстан, Якутия және басқа да елдерден 10 мыңнан астам адам келген. Оның ішінде 2 мыңға жуық көрермен арнайы турпакет арқылы сапарлап келіпті. Қала әкімдігі халық ағынын ескере отырып, көрермендердің жайлылығы үшін 50 арнайы шаттл-автобус ұйымдастырған.

75 жастағы фанат пен жүз елу мың теңгелік билет: Джей Лоның Қазақстандағы алғашқы концерті

Кеш көрермендер жасына, ұлтына, елге қарамай барлығын біріктірді. 75 жастағы Астана тұрғыны Марал Ысқақова — солардың бірі. Қыздары сыйлаған 150 мың теңгелік билетпен ұлттық камзолын киіп, сүйікті әншісін көруге арнайы келген.

75 жастағы фанат пен 150 мың теңгелік билет: Джей Лоның Қазақстандағы алғашқы шоуы қалай өтіп жатыр?

Дженнифер Лопестің әндерімен мен қайтадан жас кезіме оралғандай боламын. Осындай қуанышты сәтті қыздарым сыйлады, — дейді ол қуанышпен.

Кей көрермендер концертке ерекше дайындықпен келген. Мәселен, астаналық Жамал билетін сату басталған күні 60 мың теңгеге сатып алып, өз қолымен сәнді бас киім тігіп, жарқыраған образ жасапты.

75 жастағы фанат пен 150 мың теңгелік билет: Джей Лоның Қазақстандағы алғашқы шоуы қалай өтіп жатыр?

Джей Лоның шоуындай жарқыраған образ жасағым келді. Сондықтан бір күнде өзіме арнайы бас киім жасап шықтым, — дейді ол.

Ал Ресейдің Томск қаласынан келген Ирина есімді жанкүйер құрбысымен бірге арнайы осы кеш үшін Қазақстанға алғаш рет табан тіреген.

75 жастағы фанат пен 150 мың теңгелік билет: Джей Лоның Қазақстандағы алғашқы шоуы қалай өтіп жатыр?

Қазақстанға алғаш келуіміз. Джей Лоны көру — арман еді. Ол елдеріңізге келетіні туралы ести сала ұшаққа билет алып, жолға шықтық. Тіпті жолда қиындықтар туындап, Өскеменнен Астанаға дейін көлікпен 10 сағат жүріп жеттік, — дейді ол ерекше әсермен.

Лопестің шоуы — 2025 жылдың басты музыкалық оқиғаларының бірі

Дженнифер Лопестің бұл концерті — әншінің Қазақстандағы алғашқы ресми турлық қойылымы. Сонымен қатар, 10 тамыз күні әнші Алматыда екінші концертін өткізеді деп күтілуде. Мамандар мен көрермендердің пікірінше, Дженнифер Лопестің Астанадағы шоуы 2025 жылдың ең ірі мәдени оқиғаларының біріне айналды.