Жаңалықтар

70 мың гектарды қамтитын "Жасыл белдеу"

Елбасы елорда айналасындағы жасыл аймақты әуеден тікұшақпен шолып шыққаннан кейін орманды алқап қалыптастыру және дамыту жұмыстары барысымен танысты.
08.06.2015 11:11 7287

Елбасы елорда айналасындағы жасыл аймақты әуеден тікұшақпен шолып шыққаннан кейін орманды алқап қалыптастыру және дамыту жұмыстары барысымен танысты.

70 мың гектарды қамтитын "Жасыл белдеу"

Қазақстан Президенті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдан бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елорда айналасына егілген жасыл желектің ауданы бүгінде 70 мың гектарға жеткенін атап өтті.

– Бір кездері біздің жоспарымызға күмәнмен қараған еді. Бірақ біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызады. Мұнда веложолдары, кемпингтері бар демалыс аймақтарын орнықтыру жоспарлануда, – деді Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы орман шаруашылығы еңбеккерлеріне, ғалымдарға қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдірді.

Қазақстан Президенті «жасыл белдеу» алқабын ұлғайту жұмыстары жалғасатынын айтты.

– Барған сайын ұлғайып келе жатқан Астана орманын біз мақтаныш етуімізге болады. 2020 жылға қарай оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу міндеті қойылды. Ал қарағай отырғызылғаннан кейін ол сапалық тұрғыдан мүлде өзгеше болады. Осының бәрі Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы дәстүр бойынша қырғауыл ұшыру шарасына қатысты.

«El.kz» берген анықтама:

«Жасыл белдеу» – Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1997 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан, Астана қаласының іші мен оның маңайындағы аймақтарды абаттандыру жобасы. Мақсаты – қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау.

Мемлекет басшысы бастамасымен Астанада 1997 жылдан 2013 жылға дейін отырғызылған ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 70 мың гектарды құраған.

Олардың шамамен 15 мыңы қала аумағында, қалған 55 мыңы қала сыртында. "Астана – Бурабай" автожолының бойында 3,6 мың гектардан астам аумаққа ағаш егілді.

Орманның ішінде алғаш отырғызылған ағаштардың биіктігі 15-20 метрге көтерілді. Бұл, біріншіден, халықтың демалатын жері болса, екіншіден, жазда ыстықтан сая, қыста желден қорғайтын, қаланың климатын өзгертетін үлкен мүмкіндік.

Кәсіби орманшы болмаса ажырата алмайтын сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек секілді ағаштар жапа-тармағай өскен. Бұлардан өзге, неше түрлі жидектер де өсуде.

Астана қаласы маңындағы жасыл белдеудің жалпы аумағы 14 827 гектарды құрайды. Оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған. Бұл аумақта 9,6 млн.ағаш пен бұта жайқалып тұр. 1998-2004 жылдар арасында негізінен жапырақ тұқымдас көшеттер отырғызылыпты. Олардың ішінде сары қарқат, ақ көріктал, шие, татар бөріжидегі, қаужапырақты шегіршін және басқалар бар. 2014 жылы көктемде тамыр жүйесі жабық 398 434 дана сеппе көшет отырғызылған. Оның 57 мыңдайы қылқан жапырақты болса, қалғаны орман құраушы жапырақты ағаш тұқымдары болып саналатын емен, шегіршінді құрайды.

Мұндағы өсімдіктердің шамамен 9,6 миллионы ағаш және 1,9 миллионы бұталар.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.
Фотолар Ақорда сайтынан алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға