primeminister.kz

700 мыңнан астам ер адам гинекологиялық скринингтен өткен: Қаржы министрлігі тексеріс жүргізді

17.01.2026 09:01

Қазақстанда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қызметін тексеру барысында қаржыландырудағы өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Соның ішінде 768 827 ер адамның әйелдерге арналған ауруларға, яғни жатыр мойны обырына скринингтен өткені, ал 619 ер адамға маммография жасалғаны белгілі болды.

Бұл деректерді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі жариялады.

2026 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тағы 1 миллион қазақстандық қосылады деп күтілуде. Алайда, Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бюджет шығындарының өсуіне қарамастан, Қордың тиімділігі артпай отыр.

2026 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін шығындар 2,4 трлн теңгені (шамамен $4,7 млрд) құрайды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге ($1,9 млрд) көп.

«2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық табыс 588 млрд теңгені, оның ішінде тек 2025 жылы 195,9 млрд теңгені құрады. Алайда талдау нәтижесі бойынша қаражаттың едәуір бөлігі Қор активтерінде жиналып, медициналық қызмет көрсетуге бағытталмай отыр», — деді министр.

ӘМСҚ жұмысындағы негізгі заңбұзушылықтар

Медициналық қызмет көрсету жүйелеріне жүргізілген IT-аудит бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады:

жалған пациенттерді тіркеу (1 мың адам тіркелгенімен, нақты 500-і ғана қызмет алады, бірақ төлем толық жүргізіледі);

азаматтарға тән емес медициналық қызметтердің көрсетілуі;

бір қызметтің ӘМСҚ және жұмыс берушінің ерікті медициналық сақтандыруы арқылы екі рет қаржыландырылуы;

қысқа уақыт ішінде шектен тыс көп медициналық қызмет көрсету;

қайтыс болған азаматтарға қызмет көрсету;

балаларға тәулігіне мыңнан астам дәрі-дәрмек жазу фактілері.

Аномалиялар мен нақты деректер

Мәди Такиевтің мәліметінше, бір жеке клиниканың дәрігері күніне орта есеппен 24 адам қабылдауы тиіс болса, 1 442 пациентті қабылдаған. Ал Астанадағы тағы бір дәрігер бір айда 4 832 адамды қабылдаған.

Сондай-ақ бір маманға бір айда 1 713 емдеу жағдайы тіркелген, кей күндері 300-400 науқасқа дейін қаралған.

Бұдан бөлек, 996 қайтыс болған пациентке 3 640 медициналық қызмет көрсетілгені, оның ішінде 2023 жылы қайтыс болған адамға 2025 жылы қабылдау жазылғаны анықталды.

Балаларға дәрі-дәрмек заңсыз жазу

Тексеру барысында балаларға дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарудың 68 717 дерегі тіркелді.

Мәселен, «Димексид» препараты бойынша Жетісу облысында екі балаға 126 мың рет (әрқайсысына 63 мыңнан) жазба жасалған.

Сондай-ақ бір тәулікте бір пациентке 2 872 дәрі-дәрмек есептен шығарылған жағдайлар анықталды. Астанадағы балалар ауруханасында осындай 179 факт тіркеліп, 88 мың бірлік дәрі есептен шығарылған, ал пациенттер стационарда бір күннен артық жатпаған.

Қаражаттың қайда жұмсалғаны белгілі болды

Салық органдары медициналық ұйымдар басшыларының табысы мен мүлкін талдап, 2024-2025 жылдары 1 465 басшының 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік, ал 912 адамның 1 416 автокөлік сатып алғанын анықтады.

«Жекелеген жеке клиникалар басшылары екі жыл ішінде 52–124 жылжымайтын мүлік пен 14-24 автокөлік сатып алған», - деп жазылған хабарламада.

Тексеру қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне барлық материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылданды.

Ведомствоға денсаулық сақтау жүйесінің барлық бизнес-процестерін толық цифрландыру және негізсіз қаржыландыруды тоқтату міндеті жүктелді.