Жаңалықтар

700-ден аса десант әскерден соң жоғары оқу орындарына түсуді көздейді

700-ден аса десант әскерден соң жоғары оқу орындарына түсуді көздейді
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 29.03.2025 00:33 733

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарындағы құрамалары мен әскери бөлімдерінде запасқа шығарылған десантшылардың Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мерзімді қызметтің мыңнан аса әскери қызметшісі әскери бөліммен, жауынгер достарымен және тәлімгерлерімен қоштасты. Олар бір жыл ішінде әскери-есептік мамандықтарды игеріп, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Қызметтік міндеттеріне адалдығы және оқу-жауынгерлік міндеттерін сапалы орындағаны үшін көптеген әскери қызметшілер Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының атынан грамоталармен, әскери бөлім командирлерінің алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сендердің әрқайсың алдыңғы буынның жауынгерлік дәстүрлерін лайықты түрде жалғастырушысыңдар. Қанатты жаяу әскер қатарында алған тәжірибе алдағы уақытта пайдалы боларына сенімдімін. Сендерге және отбасыларыңа ортақ бейбіт өмір тілеймін, - деді Райымбек батыр атындағы 38-ші десанттық-шабуылдау бригадасының командирі подполковник Данияр Карманов.

Қонаев гарнизонында штаб бастығы – 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары гвардия подполковнигі Рақымжан Серікбаев запасқа шығарылғандардың бір бөлігі ҰБТ тапсырмай еліміздің жоғары оқу орындарына түсу құқығын пайдалануға ниетті екенін, ал кейбір жігіттер келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Жалпы, Десанттық-шабуылдау әскерлерінен жоғары оқу орындарына түсу үшін 2024 жылы көктемде әскерге шақырылған мерзімді қызметтің 670 сарбазы тестілеуден өтті. Сонымен қатар, 40-тан аса десантшы еліміздің әскери жоғары оқу орындарына түсеміз деген шешім қабылдады.

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің айтуынша, олардың ең жақсы қасиеттері армияда айқындалып, шыңдала түскен.

Әскерде оқ атуды, әскери техниканы жүргізуді, парашют жүйесін орауды үйрендім. Мен алғаш рет парашютпен секіргенімді, әсіресе «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығуын жиі еске алатын шығармын. Мұнда мен жаңа достар таптым. Ата-анамды қадірлеуді үйрендім, - деді қатардағы жауынгер Аят Қайратұлы.

Запасқа шығарылғандардың көпшілігі Қарулы күштері ауқымындағы республикалық және халықаралық маңызы бар іс-шараларды дайындауға әрі өткізуге белсенді қатысқан. 

 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға