7 жыл айтыс сахнасына шықпаған: Сара Тоқтамысова өнерден неге кеткенін айтты
Белгілі айтыскер ақын Сара Тоқтамысова соңғы жеті жыл бойы айтыс сахнасынан шет қалып жүргенін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ақынның сөзінше, бұған басты себеп — айтысты ұйымдастырушы Жүрсін Ерманмен арадағы келіспеушілік.
Ақын жуырда берген сұхбатында бұл тақырыпқа алғаш рет ашық тоқталып, өз жан күйзелісін жеткізді. Оның айтуынша, өнер жолындағы адал еңбегіне қарамастан, белгілі бір себептерге байланысты айтыстан шеттетілген.
Сара Тоқтамысова тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оған дейін Жүрсін Ерманның "Мың бір түн" бағдарламасына берген сұхбатында Сара Тоқтамысованың не себепті ренжігенін былай деп айтқан:
Баяғыда Қарағандыда айтыс болды. Сол кезде Сара деген қыздың дәурені жүріп тұрған кезі еді. Бас жүлдеге ілінбеді. Сосын айтыс аяқталған соң «Сара, сен ренжіме, сен мықты ақынсың, ертең Қызылордада айтыс болады, соған кел дедім. Ол «жүлде алмайтын болсам, несіне барамын» деп ренжіп, келмей қойды. Содан бері әлі айтыстан шетте жүр. Менімен араласып тұрады, - дейді Жүрсін Ерман.
Ал Сара Тоқтамысова оқиғаның шын мәнінде қалай өрбігенін былай баяндайды:
7 жыл бұрын Қарағандыда үлкен айтыс өтті. Сол кезде Жүрсін аға екеуміздің арамызда кикілжіңдер болғаны рас. Қазір ойлап қарасам өнердегі әкеме еркелегем екен. Ол кісі толық мән-жайды білмеуі де мүмкін, бір бағдарламаға берген сұхбатында «Сара жүлде алмадым деп ренжіп кетті» деп айтыпты. Алайда финалға өтуге Жансая Мусина екеуміздің балымыз бірдей еді, бірақ Жүрсін аға келіп «Жансая дайындал, сен финалға шығасың. Сара, көйлегіңді ауыстыра бер, шықпайсың» деген сәтінде, тамағыма өксік тығылып, жарты сағат жылағаным есімде, – дейді Сара.
Бұл жағдай ақынның рухани әлеміне үлкен әсер етіп, оны айтыс сахнасынан уақытша алыстатқаны рас. Алайда жеті жылға созылған үнсіздіктен кейін Сара Тоқтамысова айтысқа қайта оралып, Жүрсін Ерманға арнау өлең де арнағанын айтады.
Сұхбат барысында ақын Жүрсін Ерманмен арада болған бір әңгімеге де тоқталып өтті:
Сара, сен 7 жылда қараймапсың, сен өсіпсің», – деген сөзі мен үшін үлкен демеу болды. Бұл – маған берілген рухани қолдау секілді әсер етті, – дейді ол.
Қиын сәттерден өтсе де, Сараның айтысқа деген сүйіспеншілігі сөнбеген. Ол айтысты өзінің өмірінің бір бөлшегі деп біледі.
Менің айтысқа деген ықыласым өзгерген жоқ. Бұл – менің өмірімнің бір бөлшегі, – дейді айтыскер ақын.

