Жаңалықтар

7 наурызда Түркияда үш рет жер сілкінді

Зілзала Хатай, Кахраманмараш және Кайсери провинцияларында болған
7 наурызда Түркияда үш рет жер сілкінді
Фото: Anadolu Agency 07.03.2023 23:20 1395

7 наурызда Түркияның үш провинциясында жер сілкінді, деп хабарлайды El.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасы (AFAD) таратқан мәліметке сүйенсек, зілзала Хатай, Кахраманмараш пен Кайсери провинцияларында болған.

Оңтүстік-шығыстағы Хатай провинциясындағы жер сілкінісінің магнитудасы 4,1 балды құраған. Жерасты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша 01:14-те тіркелген. Эпицентр ошағы Дефне ауданында орналасқаны айтылды. Ошақ 7 шақырым тереңдікте орналасқан.

Елдің оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында қуаты 4,4 балды құраған зілзала орын алды. Дүмпулер жергілікті уақыт бойынша 12.40-та сезілген. Жер сілкінісінің эпицентрі Оникишубат ауданында орналасты. Ошақ тереңдігі – 7,52 шақырым.

Кайсери провинциясында магнитудасы 4,7-ні көрсеткен зілзала тіркелді. Жергілікті уақыт бойынша 14.47-де тіркелген жерасты дүмпулерінің эпицентрі Инджесу ауданында екені анықталды. Ошақ 12,8 шақырым тереңдікті құраған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға