Коллаж El.kz

«7-20-25» бағдарламасындағы сіз білмейтін құпия

Қазақстанда тұрғын үйге қол жеткізудің ең тиімді жолдарының бірі саналатын «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы туралы көпшілік әлі де толық біле бермейді. Ипотека саласының эксперті Әдемі Айтбай  El.kz интернет порталының тілшісіне сұхбат беріп, бағдарламаның артықшылықтары мен жиі кездесетін қателіктері жайында айтып, баспаналы болудың нақты тетіктерімен бөлісті.

Ипотека саласының эксперті Әдемі өзінің тәжірибесімен бөлісіп, көптеген отбасыларға баспана алуға қолдау көрсетіп жүргенін айтты.

Қазіргі таңда екі жүз елуге жуық отбасыға үй алуға көмектестім. Бұл іспен әлі де айналысып келемін. Сонымен қатар ипотека саласы бойынша жұмыс істеп, оқыту курстарын өткіземін. Бұдан бөлек, тұрғын үй алу жолында бағыт-бағдар іздеген азаматтарға кеңес беріп, консультациялар жүргіземін, – дейді маман.

Әдемінің айтуынша, «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы әлі де белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Бұл бағдарлама 2029 жылға дейін жалғасады.

Қазір бұл бағдарлама лимиттелген форматқа өткен. Яғни, қаражат банктерге бөлініп, лимит ашылған кезде ғана өтінім қабылданады. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланғысы келген азаматтар лимит ашылған сәтті жіберіп алмауы керек, – дейді ипотека маманы.

«7-20-25» бағдарламасының басты ерекшеліктері

Ипотека маманы «7-20-25» бағдарламасы басқа ипотекалық бағдарламалардан айырмашылығы мен ерекшеліктеріне тоқталды.

Бұл бағдарламада бастапқы жарна тек несие рәсімделіп жатқан сәтте болуы қажет. Басқа мемлекеттік ипотекаларда азаматтар бастапқы жарнаны алдын ала жинақтауы тиіс болса, «7-20-25»-те сол сәтте бар болуы жеткілікті. Сондай-ақ ресми табыстың болуы міндетті, жалақы мөлшері кем дегенде 300 мың теңгеден жоғары болуы қажет, – дейді маман.

Оның айтуынша, бұл бағдарламада өзге мемлекеттік ипотекалардағыдай бес жыл бойы үйсіз болу талабы жоқ. Тұрғынның атына тіркелген жылжымайтын мүлік болмағанына бір жарым жыл болса жеткілікті.

жеке мұрағат 

«7-20-25» үйі жоқ азаматтар үшін ең тиімді бағдарлама. Өйткені несие 7 пайыздық мөлшерлемемен, 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Мысалы, 30 миллион теңгелік пәтердің бастапқы жарнасы – шамамен 6 миллион теңге. Қалған 24 миллионды рәсімдеген жағдайда ай сайынғы төлем шамамен 169 мың теңге болады. Бұл – кейбір пәтерлердің жалдау ақысына да жетпейтін сома, – дейді Әдемі.

Сонымен қатар маман бағдарламаның бір олқылығы ретінде құрылыс компанияларынан берілетін пәтерлердің көбіне черновой (әрлеусіз) күйде тапсырыла бастайтынын атап өтті.

 Бұл бағдарлама арқылы алынған үйлер көбіне жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Сондықтан мұны да ескерген жөн, – дейді ипотека саласының маманы.

Яғни, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек құрылыс компанияларынан салынған жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді ғана сатып алуға мүмкіндік бар.

Бұл бағдарламада тек әрлеусіз күйдегі жаңа үйлерді алуға болады. Екінші нарықтағы немесе жеке үй, жер телімдері бұл бағдарламаға мүлде жарамайды, – дейді ипотека маманы.

Банк таңдауда айырмашылық бар

Ипотека эксперті Әдемінің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасының негізгі шарттары барлық банктерде бірдей болғанымен, өтінім қабылдау тәртібі әртүрлі болуы мүмкін.

Барлық банк 7 пайыздық үстемемен, 25 жылға дейінгі мерзімге және 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнамен несие береді. Бірақ әр банктің өтінім қабылдау кезеңдері мен тәсілдері өзгеше. Кейбір банктер өтінімді онлайн қабылдайды, енді бірі тек офлайн форматта жұмыс істейді, ал кейбірінде тіпті кезекке тұрып тіркелу қажет. Сондықтан азаматтар өздеріне ыңғайлы банкті таңдай алады, – дейді маман.

Үй таңдаудағы ең жиі қателіктер

Әдемінің айтуынша, үй таңдауда адамдар жиі қателесіп жатады. Дегенмен, ол бұл қателіктердің барлығы да саналы шешім қабылдамаудан туындайтынын айтады.

Негізінде қатты қателік емес, бірақ көп адам өзіне емес, біреудің кеңесіне сүйеніп шешім қабылдайды. Ең бастысы – үй сізге ұнауы керек. Яғни, өзіңізге жайлы ауданнан, көңіліңізге қонымды пәтер таңдаған жөн. Сондай-ақ қалтаңыз көтеретін бағдарлама мен бағаны ескерген дұрыс. Мысалы, егер бір бөлмелі пәтерге шамасы жетсе, үш бөлмеге созылып қарызға батудың қажеті жоқ. Өкінішке қарай, көп адам ай сайынғы төлемі ауыр, өзіне ыңғайсыз үйді алып қояды немесе өзіне ұнамаған, бірақ біреуге ұнаған пәтерді таңдап кетеді. Бұл – үй алу кезінде жиі кездесетін жағдайлардың бірі, – дейді ипотека эксперті.

Маманның сөзінше, үй алу – үлкен жауапкершілік пен дайындықты қажет ететін шешім. Көптеген адамдар баспаналы болуды кенеттен, эмоциямен шешіп, кейін қиындыққа тап болады.

Кейде адамдар «түсіме үй кірді, ертең үй алам» деп асығыс шешім қабылдайды. Бірақ үй алу – бір күндік шешім емес. Кем дегенде алты ай, тіпті бір жылдай уақыт моральдық әрі материалдық тұрғыда дайындалу қажет. Сол кезде ғана адам ай сайынғы төлемге жауапкершілікпен қарап, кез келген қаржылық тәуекелге дайын болады, – дейді ипотека эксперті.

Ипотека эксперті баспананы біреудің қысымымен немесе эмоцияның жетегінде алу ең үлкен қателіктердің бірі екенін айтады.

Егер адамды біреу үй алуға итермелесе немесе ол эйфориямен шешім қабылдаса, ертең сол үйдің төлемін көтере алмай, қиындық көруі мүмкін. Тіпті кей жағдайда үйінен айырылып қалу қаупі де бар. Сондықтан барлығын алдын ала есептеп, салқынқанды оймен әрекет ету маңызды, – дейді Әдемі.

Ипотека саласының маманы Әдемінің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы арқылы алынған баспананы сату немесе жалға беру мүмкіндігі бар. Алайда бұл белгілі бір талаптар мен ережелерді сақтауды қажет етеді.

Бағдарлама бойынша алынған үйді сатуға немесе тіпті ипотекасы толық өтелмесе де жалға беруге болады. Бірақ ол үшін арнайы шарттарды орындау керек. Егер азамат сол талаптарды сақтаса, ешқандай заң бұзушылық болмайды, – дейді ипотека эксперті.

«Біреу маған береді» деген үмітпен отыру – ең үлкен қателіктердің бірі. Оның айтуынша, баспанаға қол жеткізу үшін күту емес, нақты әрекет қажет.

Күтіп отырмаңыз – бастамаңызды өзіңіз жасаңыз. Мысалы, егер 30 миллион теңгелік пәтер алуды жоспарласаңыз, дәл есептеп, 6 миллион теңге бастапқы жарна жинауды мақсат етіңіз. Содан кейін қай бағдарламаға өтініш беруді, ай сайынғы төлем сізге қалай сәйкес келетінін жоспарлаңыз. Көп адам біреу немесе мемлекет жақсы шарт ұсынса деп күтеді, бұл дұрыс емес. Әрекет жасап, жолдарын іздеп, қажетті қаржыны жинау керек, – дейді Әдемі.

Маман сондай-ақ бұл әдетті көпшілік қайталамауы керектігін ескертеді. Дайындықсыз күтудің орнына, салқынқандылықпен жоспар жасап, жүйелі түрде қадам жасау баспаналы болудың сенімді жолы. Оның айтуынша, көпшілік ипотеканы ұзақ мерзімге алу «переплата көп болады» деп ойлайды. Алайда «7-20-25» бағдарламасында жағдай олай емес.

Бұл бағдарлама бойынша 25 жылға несие алған кезде артық төлем шамадан тыс көп емес,  шамамен бір есеге ғана артады. Бірақ осы уақыт ішінде сіз баспананың құнын екі есе қайтарып аласыз. Ал егер төлемді қысқартқыңыз келсе, несиенің бір бөлігін мерзімінен бұрын өтеуге болады. Яғни, қарызды мерзімінен бұрын ішінара өтеп, несиенің мерзімін қысқартсаңыз, артық төлем азаяды, – дейді ипотека эксперті Әдемі.

Сонымен қатар маман бұл бағдарламаның тағы бір артықшылығына назар аударды. Бұл инфляция деңгейінен төмен пайыздық мөлшерлеме.

Қазақстанда инфляция деңгейі шамамен 16-18 пайыз аралығында. Ал «7-20-25» бағдарламасы тек 7 пайыздық үстемемен беріледі. Бұл – инфляцияны жеңіп тұрған жалғыз ипотекалық бағдарлама деуге болады. Сол себепті мен бұл несиені ерте жабуға асықпауды ұсынамын. Өйткені ол өз мерзімінде де өте тиімді, – дейді маман.

Жасырын комиссиялар жоқ

Ипотека саласының эксперті Әдемінің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы – клиент үшін ең ашық әрі айқын жүйемен жұмыс істейтін бағдарламалардың бірі. Мұнда банк пен құрылыс компаниялары арасында ешқандай «жасырын комиссиялар» болмайды.

«Банк пен құрылыс компаниясы арасында “жасыл” немесе жасырын комиссиялар деген түсінік жоқ. Кей жағдайларда қосымша комиссиялар болуы мүмкін, бірақ олардың барлығы клиентке ашық түрде түсіндіріледі. Ал “7-20-25” бағдарламасында мұндай қосымша төлемдер, әдетте, мүлде болмайды», – дейді маман.

Керісінше, құрылыс компаниялары бұл бағдарлама арқылы пәтер сатып алушыларға арнайы жеңілдіктер ұсынатынын айтады.

Көп жағдайда құрылыс компаниялары осы бағдарлама арқылы үй алатын азаматтарға 4-5 пайыз көлемінде жеңілдік береді. Ал басқа, яғни мемлекеттік емес серіктестік бағдарламаларда керісінше қосымша қаражат талап етуі мүмкін. Себебі ол бағдарламалар 15-16 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады және нарықтағы пайыздық ставкалардан төмен болғандықтан, құрылыс компаниялары шамамен 5-10 пайыз көлемінде үстеме қосады. Бұл сома пәтер бағасына бірден енгізіліп, сол баға бойынша ипотека рәсімделеді. Ал «7-20-25» бағдарламасында ондай үстемелер қарастырылмаған, – дейді ипотека эксперті Әдемі Айтбай.

Сонымен қорытындылай келгенде, 7-20-25 бағдарламасы 7%-пен үй береді, 20% бастапқы жарна құйып, 25 жылға аласыз.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Соңғы 6 айлық ресми табыс көзі 300 мыңнан асатын;

Алатын үйінің 20% бастапқы қаражаты болса;

Жақсы несиелік тарихы;

Соңғы 18 ай бойы ешқандай үй алмасаңыз.

Тағы бір айта кететін жай, бұл бағдарлама арқылы отбасы банкпен үй ала алмайсыз. Яғни, отбасы банк бұл бағдарламаны қолдамайды.

Тек екінші деңгейлі банктер:

БЦК

Халық

Фридом

Алтын

РБК

Евразиский

Форте банктері арқылы бағдарламаға қатысып үй алуға болады.

Егер Алматы мен Астана қаласынан 30 млн-ның үйін алсаңыз: қолыңызда бастапқы жарна 30 млн-ның 20%-ы 6 млн теңге болу қажет. Құрылыс компаниясына құйылған ақшаңыз болса, ол да бастапқы жарна болып саналады. Қалған 24 млн теңгені жоғарыдағы 7 банктің бірі арқылы рәсімдей аласыз.

Егер оффлайн банктерден мақұлдау алған болсаңыз 10 күн ішінде қажет үйді тауып, құжаттарын реттеп, банктен толық мақұлдау алып үйді рәсімдеу керек.

Бұл бастама арқылы тек жаңа салынған тұрғын үй кешендерінен, яғни құрылыс компанияларының үйлерін сатып алуға рұқсат етіледі.

Маманның айтуынша, баспана алу – тек несие рәсімдеу емес, үлкен жоспар мен жауапкершілікті қажет ететін шешім. «Біреу көмектесер» деп күтпей, нақты әрекетке көшкен азамат қана өз баспанасының иесі бола алады.