Еліміздегі үш мегаполиске 5G интернеті орнатылады
Елімізде 5G желісін орнату үшін операторлар арасында аукцион өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды El.kz.
«Бұрындары 3G іске қосылған кезде жалпы радиожиіліктерді тарату басқаша шешілген болатын. Тиісті келіссөздерді жүргізіп, операторларға берілетін еді. Ал қазіргі таңда заңға өзгерістер енгіздік. Енді радиожиіліктерді келісіммен ғана бере алмаймыз. Ол үшін аукцион өткізілетін болады. Бұл бәсекелестік ортаны қолдау, барлық жұмыс процессін ашық түрде өткізу үшін жасалатын жұмыс. Аукционды қыркүйек немесе қазан айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Тиісті құжаттаманы дайындап қойдық. Оны рәсімдеп, радиожиіліктерді тарататын аукционды жариялаймыз. Жеңіп алған операторлардың біріншісі бюджетке қаражат төлесе, екіншісі тиісті базалық станцияларды орнату жұмыстарын бастайды», - деді ол.
Сонымен қатар Бағдат Мусин 5G желісі алдымен еліміздің ең ірі 3 қаласына орнатылады деп отыр.
«2022 жылдың соңына дейін 5G интернеті Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының кейбір жерлеріне орнатылатын болады. Келесі жылы аталған қалалар толығымен 5G желісімен қамтылады. Ал басқа өңірлерге радиожиіліктер аукционы 2023 жылы өткізілмек», - деді министр.